Канадада тұратын қазақ:  Біздің жастарға популистер емес, оқығандар үлгі болуы керек 

Ғылыми, интеллектуалды орта құратын уақыт келді

Олжас Қасым

  • 31.10.2022

Мұхит Құлмағанбетов Қарағанды қаласының тумасы. Кейін Қызылордаға қоныс аударып, Тереңөзек кентінде мектеп бітірген. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жалпы медицина факультетінде оқыған.  Бірнеше тілді еркін меңгерген отандасымыз  қазір Канадада ғылыми зерттеумен айналысып жүр.  Отандық медицина саласына жаңа тәсілдерді енгізіп, үлес қосқысы келетін тәжірибелі маман Malim.kz-ке арнайы сұхбат берді.      


Мұхит,  дәл қазіргі уақытта  Канада   елінде тұрып жатыр екенсіз.  Ол жаққа баруыңызға не себеп болды?       

- Елмен уақытша ғылыми себептермен қоштасуға тура келді. Бұған себептер көп, ең бастысы – өзімнің ойымда жүрген бір үлкен ғылыми гипотезамды Гонконгтағы және Канададағы зертханалардан ғана тексеруге болады. Осы екі елде кванттық технологиялардың дамуына көп мән береді және жағдай жасайды. Сондықтан менің таңдауым осы екі елмен тығыз байланысты.

- Канадаға, Гонконгке бармас бұрын Ұлыбританияда жұмыс істегеніңізді білеміз. Ол жақта қандай зерттеу жұмыстарымен айналыстыңыз?

- Асфендияров атындағы медицина университетін аяқтап, Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында офтальмолог болып еңбек жолымда бастағанмын.  Бірде Ұлыбританиядағы ғылыми конференцияға жол түсті. Сол кезде Кардифф университетінің ғалымдары өздерімен бірге зерттеу жұмысын жүргізу туралы ұсыныс айтты. Кардифф қаласында көз ауруларының жасанды интеллект арқылы алдын ала диагностикалануын зерттедім. Ол жерде негізгі зерттеу жасанды көз (фантом) жасап, кеміргіштердің көздеріне адам ауруларының моделін жасап және клиникалық ауытқулары бар науқастарды қабылдадым. Оптикалық когерентті томографиясын пайдаланып көздің торлы қабығындағы оптикалық өзгерістерді өзім құрастырған жасанды интеллект арқылы глаукома, макулярлы дегенерация, Альцгеймер ауруларын ерте анықтадым.

Оқи отырыңыз: Сеулде тұратын қазақ: «Атақ-абыройың, мансабың қызықтырмайтын ортаға түстім»

- Дәрігер-офтальмологсыз, қоғамдық денсаулық, хирургия секілді мамандықтар бойынша дәріс оқыпсыз. Осы ретте бірнеше мамандықты қалай меңгердіңіз деген сұрақ туындап отыр...

- Медициналық университетте оқу кемінде жеті жыл (бакалавр және интернатура), қосымша екі-төрт жыл резидентурасы да бар. Ұзақ жылдар барысында барлық студент медицинаның негізгі салаларын оқып, тәжірибеден өтеді. Сондықтан, медициналық университет түлектері кемінде теория жүзінде бірнеше мамандықтың біліміне ие. Жалпы өзіме келетін болсақ, офтальмологияға дейін, жалпы хирургияда интернатура өткенмін, операция жасап та үйрендік. Қоғамдық денсаулық мамандықтарын Испанияда меңгердім. Ең қызықты медицинадан тыс үйренген екі ғылыми салалар – жасанды интеллект, яғни  үлкен мәліметтер ғылымы, немесе big data science және квантты физика. Бұл екеуін Ұлыбритания және Канадада үйрендім.

Сурет кейіпкердің жеке архивінен. 

- «Көздің торлы қабығының нейродегенеративті ауруларын оптикалық когерентті томографияны және жасанды интеллектті пайдалана отырып ерте анықтау» деген зерттеу жұмысын жүргізіпсіз. Глаукома, жасқа байланысты макулярлы дегенерация және альцгеймер ауруларын анықтау, емдеу ісі ол жақта қандай деңгейде? Қазақстанда қалай?

- Бұл жобаның негізгі мақсаты – көздің нейродегенеративті ауруларын ерте анықтау және жаңа скрининг жолдарын табу. Медицинаның тілімен айтқанда «Дұрыс қойылған диагноз – жартылай емдеу», сондықтан терапия сұрақтарына терең үңілмедік. Глаукома, жасқа байланысты макулярлы дегенерация және альцгеймер ауруларын тоқтататын емдік тәсілдер көп, оның ішінде гендік терапия, өсу факторларын пайдалану және нейропротекция. Бірақ, олардың барлығының негізгі проблемасы – емді қай уақытта бастау керектігінде. Аталған көз және ми ауруларын қазіргі технологиялармен прогрессивті қайтымсыз кезеңде табу маңызды. Біздің мақсатымыз – осы дерт түрлерін жасуша және молекула кезеңінде анықтау. Сол кезде ғана ауруды уақтылы тоқтатып,   соқырлықтың  алдын аламыз.

- «Шетелде ойға алған зерттеу жұмысыңды уақытында жүргізуге  мүмкіндік бар» дейсіз бір сұхбатыңызда. Идеяларыңызды Қазақстанда іске асыру қиын ба?

- Шетелде көбінесе қаржылық және адами ресурс көбірек, зертханалары мен институттарын мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке демеушілер қатты қолдайды. Сонымен қатар, бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалуын қадағалап, зерттеуге кеткен ресурстар жөнінде  ел алдында есеп береді. Сол себептен бөлінген ақшаның қандай прогесске алып келетінін бағалауға болады. Әділеттілік, ашықтылық, адалдық пен этикалық түрде сапалы орта ғылыми жұмысқа қолайлы болғаны да сыртта жүруіме әсер етті. Біздің елімізде сондай жағдайлар жасалып, еңбекқор жас мамандарға жол ашылса, біз де өз гипотезаларымызды отандық ғылыми ордаларда жасауға дайынбыз. Ғылыми, интеллектуалды орта құратын уақыт келді деп ойлаймын.

- Сыртқа кеткен болашағы зор ғалымдар аз емес. Олар елге қайтару үшін Қазақстан қандай қадамдарға баруы керек деп ойлайсыз?        

- Осы уақытқа дейін бірнеше елде болдым, әрқайсысында жерлестермен кездесуге тырысамын. Байқағаным, біздің жастардың ішінде талантты, өте ақылды, алғыр азаматтар көп. Көбісі ұлттық және транснационалдық компанияларда беделді  қызметтер атқарады. Математика, физика, химия саласындағы ғалымдар, қаржылық, аудиторлық және стартап жобаларында қызықты бағдарламалар жасап жүрген қазақ жастары жетерлік. Жоғарыда айтқандай, бізге құндылығы мен құқығы жоғары, әдеби және мәдени қоғам қалыптастыру керек. Ескі әрекеттерді доғарып, орта классты жаңарту керек. Өсіп келе жатқан жастарға популистік  бір күндік саясатпен ойнап жүргендер емес, нағыз данышпандар үлгі болу керек. Интеллектуалды, оқымысты адамдар көп болса, ешкімнің де  шетел асып кететін ойы  болмас еді.

- Қазақстанда гендік инженерия мамандары тапшы дейсіз бір сұхбатыңызда. отандық медицинада қандай салалар дамымай жатыр?

- Отандық медицинаның негізгі қалқаны - Кеңес одағынан келе жатқан нағыз фундаменталды клиникалық медицина. Оның үстіне 1978 жылы Алматыда қабылданған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының декларациясының негізгі шарттарына қарап реформаланады. Бұның барлығы өте жақсы бастама, қазіргі елдің медицинасын жоғары деңгейде ұстап тұр. Алайда, сол дәстүрді жоғалтпай, әрі қарай ғылыми бағытта да дамыған жөн деп ойлаймын. Бұл жерде гендік инженерия ғана емес, басқа да заманауи бағыттарды дамыту керек. Информациялық технологиялар, физикалық инженерияны, биохимиялық және нейробиолониялық бағыттарды күнделікті медицинаға интеграциялау қажет. Тоқетерін айтқанда, интердисциплинарлық тәсілдерді қолданған жөн.

Ол жақтағы әлеуметтік жағдай қалай?  Жұмыс табу қиындық тудырмай ма?

- Канада мен Гонконгта әлеуметтік жағдай өте жақсы. Соған байланысты өмір сапасы да жоғары, күнделікті кіріс-шығыс динамикасы да жылдам. Егер сіздің қабылетіңіз көп болса, ғылыми-технологиялық немесе медициналық салада қызмет атқарсаңыз, жұмыс табу қиынға түспейді. Қай дамыған ел өз адами ресурсын сырттан келген сапалы маманмен толықтырғысы келмейді?! 

- Канада мен Гонконгте жалақы мәселесі қалай шешілген?

- Жалақы бұл жақта атқарған қызметіңізге байланысты. Ғылымда, үлкен аудиторлық және қаржылық салада, кибернетикада жұмыс істеп жүргендер орташадан жоғары жалақы алады; күнделікті өмірге, сапалы тағам мен тұрақты сапарларға жетеді.

- Сіз тұратын мемлекетте  жемқорлық, тамыр таныстық, заңды белден басу деген секілді жағымсыз жағдайлар көп кездесе ме?  Елдің даму бағытына тоқталсаңыз...

- Бұл елдерде ондай жайттар өте сирек кездеседі. Жоқ деп айта алмаймын, бірақ өз басымда ешқашан болған емес. Заң қатал, мәдениет жоғары, талап анық. Сондықтан, ешкімнің ойына жемқорлық, тамыр-таныстық, заңды белден басу деген ойлар кіріп шықпайтындай. Әркім қауіпсіз, транспарентті орта құруға тырысады. Адал болу оңай және ондай қауіпті әрекеттерді  орталарда айтпақ түгілі, ойлағың да келмейді.  Ешкім ұстап алмаса да, опасыздық жасауға өзіңнің ішкі ұстанымдарың жібермейді.   

- Канада, Гонконг  сізді қалай өзгертті?  Өзге елде жүріп   қандай ойларға бекіндіңіз?   

- Гонконгта алты айдай болып, соңғы үш ай Канадада қызметтік сапардамын. Сондықтан мені осы екі ел қатты өзгертті деп айта алмаймын. Негізгі трансформациялар Ұлыбританияда болды. Сол жерде жүріп, өте интеллигенті адамдармен жиі кездесудің сәті түсті. Сол адамдардан  қарапайымдылықты, кішіпейілділікті, үлкен идеяларға ұмтылуды үйрендім. Білімнің шегі жоқ, ол әрқашан кеңейіп отырады. Сол білім шекарасын кеңейтіп отыратын мықты тұлғалармен сұхбаттасып, барлық армандардың іске асатынын түсіндім.

- Елге оралу жоспарыңызда бар ма?  Көздеген мақсатыңыз толықтай орындалды ма?  

- Елге   білім-тәжірибемді  толықтырып болған соң оралғым келеді. Осыған дейін үйренгенім аз емес, бірақ тағы да жетілгенім дұрыс деп ойлаймын. Елге сапалы азаматтар қоры қажет. Мен де  сәті түскенде, Қазақстанға келіп еңбек етемін деп ойлаймын.

Сұхбатыңызға рақмет!

Байланысты жаналықтар

Қарағанды облысында ауыл тұрғындары медқалдық жағатын цехқа қарсы

30.11.2024

Елімізде жылына 40 мыңнан астам адам инсультке шалдығады

29.10.2024

Шорт-тректен Әлем кубогінде ел құрамасы Kazakh Nomads атауымен шықты

26.10.2024

Шымкенттегі медицина: биыл бірнеше орталық ашылып, бөлімшелер іске қосылды

24.10.2024

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшылары жауапкершілікке тартылды

11.10.2024

Физиология және медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерлері анықталды

07.10.2024
MalimBlocks
Қарағанды облысында ауыл тұрғындары медқалдық жағатын цехқа қарсы

Еш құжаты болмаса да пеш орнатылып қойған

Елімізде жылына 40 мыңнан астам адам инсультке шалдығады

Бүгін – бүкіләлемдік инсультке қарсы күрес күні

Шорт-тректен Әлем кубогінде ел құрамасы Kazakh Nomads атауымен шықты

Жарыс биылдан бастап жаңа форматта ұйымдастырып жатыр

Шымкенттегі медицина: биыл бірнеше орталық ашылып, бөлімшелер іске қосылды

басты мақсат – медицина саласын жоғары деңгейге көтеру.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшылары жауапкершілікке тартылды

Физиология және медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерлері анықталды

Сыйлық гендік белсенділікті реттеудің негізгі принципін ашқаны үшін берілді