КӨСЕМНІҢ СЕНІМДІ ЖЕНДЕТТЕРІ
Уақыт өте келе кезінде құпия болған көптеген тарихи оқиғалар туралы ақпараттар пайда бола бастайды. Осылайша ақтаңдақ жылдардың да көптеген құпиясы ашылып, халық шынайы тарихқа қанықты. Мұндай дүниелер әлі де жазыла береді. Бірақ төмендегі мақалаға қатысты ойланып қалғанымыз рас. Ондағы жиіркенішті "қаһармандар" туралы айту қажет пе, олар туралы жазу, журналистік, тіпті адами этикаға жата ма деген сұрақтар мазаласа да, оқырманға ұсынуды жөн санадық. Тарихта қандай қанды оқиғалар орын алғанын, қандай зұлым жандар өмір сүргенін біліп жүрген де артықтық етпес.
Сталиндік репрессия туралы сөз болғанда адамдардың сібірлік ГУЛАГ және басқа лагерлерде айдауда болып, азап шеккені ойға оралады. Алайда, сан мыңдаған адамдардың өмір жолы лагерлерге жетпестен ату алаңдарында немесе жазалау бөлмелерінде аяқталғанын көпшілік біле бермейді. Тарихи деректерге сенсек ату жазасының 60% Мәскеуде орындалған. Сол кезеңдегі үштіктің алдынан өткен (көпке созылмайтын тергеу, азғана уақыт қапаста ұстау, тексерместен үкім шығару) адамдардың көбісі өлім жазасына кесілетін. Ол жазаны орындайтын Мәскеудегі "еңбек екпінділерінің" саны он бестен аспады. Бұлай болуының себебі мұндай жұмысқа жарайтын мамандар табу өте қиын еді. Ол үшін жүйкесі өте мықты, өз ісінің нағыз шебері және өте сақ адам болуы керек болатын. Тіпті ең жақын деген туыстары оның НКВД қабырғасында не жұмыс атқаратынын білмеуі керектін. Ондай жұмыс атқарған инквизаторлардың көбісі ұзақ өмір сүрмейтін, ішімдікке салынып, есінен адасып тынатын.
Олардың арасында Блохин Василий Михайлович өз ісінің нағыз шебері атанып, Сталиннің сенімді жендеті болды. Ол өз қолымен 15 мыңнан астам адамды атып өлтірген. Сталиндік рекордсмен жендеттер рейтингінде алғашқы орын осы адамға тиесілі. Екінші орын кеңестік арнаулы қызметтің капитаны Матго Петр Иванович еншісінде. Оның қолымен 12 мыңдай адам о дүниеге аттанған. Ал үшінші орыннан он мыңнан астам адамды өлтірген мемлекеттік қауіпсіздік кызметінің полковнигі, Берияның жеке оққағары Сардион Надарая табылады.
Бұл адамды "ажал перісі" деп атады. Ол өте қатігез қанішер, әлем тарихындағы ең басты жендеттердің бірі болды. Кеңестік мемлекеттік қауіпсіздік органдарының генерал-майоры Василий Блохинге сыртынан осындай келеңсіз атақтар тағылды. Сол кезеңдегі жендеттер арасында рекордсмен болған Кремльдің бас жазалаушысы Блохин туралы кейбір деректер ол 15 мың емес, 50 мыңға жуық адамды өлтірді деп көрсетеді.
Ол 1895 жылы Владимир губерниясында кедей отбасында дүниеге келді. 15 жасында құрылысшы мамандығын игеріп, Мәскеуде жұмыс істей бастайды. Бірінші дүниежүзілік соғыста ең бірінші шені унтер-офицерге қол жеткізеді. Герман соғысында жаралы болған В.Блохин еліне оралып, әскери комиссариатта жұмыс істей бастайды. 1921 жылы НКВД коменданты қызметіне тағайындалады. Ол 27 жыл бойы (1926-1953 жж) үздіксіз өлім жазасын жүзеге асыруға басшылық жасады. Осы міндетін атқарып жүріп, Мәскеу құрылыс институтын бітіріп алады. Жендеттер арасында зейнеткерлікке ақыл-есі дұрыс болып, аман-есен жеткен сол ғана. Ол "Ленин", "Қызыл Жұлдыз" және "Құрмет белгісі" ордендерімен наградталған. Көбісі оның бұл жетістіктеріне қызыға қарайтын, алайда Блохиннің мыңдаған адамдардың қанына былғанғанынан хабарсыз еді. Офицердің Михайл Тухачевский, Иероним Уборевич, Ион Якир, режиссер Всеволод Мейерхольд, әдебиетші Исаак Бабель секілді тағы да басқа көптеген атақты тұлғаларды өзі жазалағаны белгілі. Ол тіпті өзінің бұрынғы тікелей бастығы, қауіпсіздік қызметінің бас комиссары Николай Ежовты өз қолымен о дүниеге аттандырған.
Өз ісіне шын берілген "мықты орындаушы" Блохинге 1926 жылдан бастап "ату командасына" басшылық жасау тапсырылады. Ол жеке өзі бір түнде 200-дей адамды атып өлтіріп, жас қызметкерлеріне үлгі көрсететін болған. Оның үстінен қан мен оқ дәрінің иісі шығып тұратын. Өліктің иісін жасыру үшін жендеттер иіссуды аямай пайдалануға мәжбүр болды
Сталиндік бас жендет астанадағы пәтерінде қызметші ұстады. Шура есімді қызметші деревнясына барғанда мәскеулік қожайынның бай пәтері мен оның қатаң ұстанымы туралы әңгімелейтін. Ол әдетте қызықты бір жағдайға таң қалатын. Кейде Блохиннің үйіне зиялы қауым өкілдері келетін, бірақ одан кейін оларды ешкім еш жерде көрмейтін. Сондай-ақ Шура қожайынның асыл тұқымды жылқыларға деген қызығушылығы болғанын айтады. Кейіннен оның жеке кітапханасында жылқы баптауға қатысты 650-дей кітап табылған. Қатал қожайынның Наталья есімді сүйікті әйелі болды. Ол күйеуінен кейін бірнеше жылдан кейін қайтыс болса да оның қандай жұмыстар атқарғанын білмей кетті.
Ал жұмыста Блохин тіптен басқаша еді. 1940 жылдың көктемінде Калинин елді мекеніне В.Блохин бастаған НКВД-ның мамандары келеді. Бұл жақта тұтқындағы 7 мың полякті өлім жазасына кесу керек болатын. Кейіннен кейбір қызметкерлер бас жендеттің ату жазасын орындағанда құрбанның дәл басынан ататынын және жұмысты немістің "Вальтер" пистолетімен атқарғанын еске алатын. Ол басқа қарулармен салыстырғанда сенімді және тез қыза қоймайтын.
Блохин басқарған арнаулы топ немесе "ату отряды" әртүрлі бөлім қызметкерлерінен құралды. Алайда. олардың барлығы да Сталин бастаған кеңестік көсемдерді қорғаумен айналысты. Арасында "халық жауларын" атуды жүзеге асырып тұрды. Тарихшылар Блохиннің жазалау жұмысына ота жасауға кірісетін хирург сияқты тыңғылықты дайындалатынын айтады. Қара былғары курткасын киіп, оның сыртынан былғары фартугін жамылып, қолына ұзын қолғап киетін болған. Содан соң пистолетін тексеріп, айнаға қарап болған соң ату бөлмесіне кіреді екен. Күніне 200-дей адамды өлтіргенмен де бұл жауыз өзін жақсы сезінген. Арасындағы үзіліс кезінде әйгілі жендет кітаптардағы жылқылар суретін қарап отыруды әдет еткен.
Тарихшылар пікірінше оның өмір жолындағы ең аты-шулы оқиға поляк армиясының әскери тұтқындарын жаппай өлтіру саналады. Кейбір деректер бойынша Катында Кеңес Армиясы тұтқынға алынған 7 мыңдай офицер атып өлтірілген. Поляк тұтқындар ату бөлмесіне жеткізіліп, жаза орындалып болғаннан соң олардың денелері жүк автокөлігімен Калининнен 32 шақырым жерге орналасқан Медный қыстағының маңына жеткізіліп тұрды. Ол жерде эксковатормен өліктерге арналған шұңқырлар қазып, оларды топырақпен көміп отырған.
Тек алғашқы күннің өзінде 343 поляк азаматы өлтіріледі. Жазаны атқаруға түннің өзі жеткіліксіз болып жендеттер таң атқан кезде жұмыс істеуіне тура келді. Бұдан кейін Блохин атуға 250 адамнан артық алып келмеуді тапсырады. Осылай барлық тұтқындарды атып біткенше әрбір күннің түнгі мезгілі жұмыс тоқтаған жоқ.
Тұтқынды дәліз арқылы аумағы 5 х 5 метр болатын "қызыл бөлмеге" алып келетін. Онда Лениннің бюсті болды және насихаттық ұрандар ілулі тұратын. Бұл жерде тұтқын туралы деректерді соңғы рет тексеріледі. Содан кейін қолын байлап, ату бөлмесіне жеткізіп тұрды.
Блохин тіпті жазаны қалай сауатты орындау туралы ереже жасап қойды. Оқ тұтқынның аузынан шығып кету үшін желке тұсынан ату қажет болды. Ал егер жендет тәжірибесіздеу болып сәл қателесіп кетсе аққан қан бір литрден асып кететін. Сол себептен де бас жендет өзінің жас қызметкерлеріне пистолетті қалай бағыттау керек екенін көрсетіп отырды. Қанды процедуралар орындалып болғаннан кейін командир адамдарды өлтірген жерге ағаш үгінділерін төгіп тастауды тапсыратын. Ағаш үгінділері жердегі қанды өзіне тартып алатын.
Жазаны орындау алдында ол қарамағындағыларға ішімдік ішуге мүлде тиым салды. Ал бірақ жұмыс біткеннен кейін ішімдігі мол жақсы отырыс ұйымдастырылып тұрды. Барлық поляк тұтқындары атылып болған соң бас жендет қанішерлерге арнап "шағын той" ұйымдастырды. Осы жұмысы үші өзі бір айлық жалақы көлемдегі сыйақы алса, басқаларға велосипед, патефон секілді дүниелер сыйлыққа берілді.
Сталин өлгеннен кейін бас жендет зейнеткерліккке шығады. Алайда оның барлық атақтары мен наградалары алынып тасталды. Ол 1955 жылы қайтыс болды. Оны Дон монастрі жанындағы өзінің құрбандары өртеліп тұрған крематорияға жақын жерге жерледі.
Сталин барлық жұмысты атқара беретін осындай қызметкерлерін қатты бағалады. Ол басқалардың желкесінен ататын жендеттердің өзінің арт жағында қорғаушы болып тұратынан еш қаймыққан емес. Көсем өлімінен кейін жендеттер репрессияға ұшыраған жоқ. Олардың көбісі өз ажалымен өлді және жоғарғы атақтарымен қалды. Блохинге барлық наградалары қайтарылып берілді. Сонымен қатар жерлегенде барлық құрметтер көрсетілді және қауіпсіздік органдары үшін ардақтылар қатарында саналады. Оның басына портреті жазылған құлпытас қойылды. Әйтсе де оның мемориалдық тақтасына біреулер қызыл бояумен үнемі бір ғана сөзді – "Жендет" деген сөзді жазып кетеді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
Қызылорда.