Дональд Трамп Иранның электр станциялары мен көпірлеріне қайта соққы жасаймын деп қорқытты, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Егер Иран Ормуз бұғазын бұғаттауды тоқтатпаса, АҚШ елдің көпірлері мен электр станцияларына «бір уақытта» соққы береді, деп мәлімдеді Трамп. Бұл жолы ол шабуылдың 7 сәуірде болуы мүмкін екенін айтты.
«Сейсенбі күні (7 сәуір) Иранда бір мезетте “электр станциялары күні” де, “көпірлер күні” де болады. Мұндайды бұрын-соңды көрген жоқсыздар! Ормуз бұғазын ашыңдар, әйтпесе ауыр зардаптарға тап боласыңдар», — деп жазды Трамп 5 сәуір күні Truth Social әлеуметтік желісінде.
Бұл — Трамптың Тегеранға жолдап отырған алғашқы ультиматумы емес. Бұған дейін де ол осындай талап қойған. 4 сәуірдегі жазбасында АҚШ президенті Иранға 48 сағат ішінде (6 сәуірге дейін) Вашингтонмен келісімге келуді немесе Ормуз бұғазын ашуды талап еткен. Әйтпесе, Иранға ауыр соққы жасалатынын ескерткен.
22 наурызға қараған түні де Трамп Тегеранға осындай 48 сағаттық ультиматум жариялаған. Сол кезде де ол Ормуз бұғазын ашуды талап етіп, талап орындалмаса, АҚШ әскері Иранның энергетикалық нысандарына соққы жасайтынын мәлімдеген. Кейінірек келіссөздер жүріп жатқанын алға тартып, ультиматум мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген.