Альфа-Банктің Қазақстандағы қызметі шектелмек
Санкцияларды енгізу күні – 2022 жылғы 6 мамырдан басталады
Ресейге қарсы санкцияларға байланысты Альфа-Банк Қазақстандағы қызметіне қатысты мәлімдеме шықты. Онда Альфа-Банкке қатысты санкциялар 6 мамырдан бастап күшіне енетіні айтылған. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) Альфа-Банкті SDN тізіміне қосу туралы № 23 бас лицензиясына сәйкес, санкцияларды енгізу күні – 2022 жылғы 6 мамырдан басталады. 6 мамырға дейін көрсетілген кезең OFAC лицензиясында контрагенттермен салынған санкцияларға байланысты тікелей шектелетін операциялар мен мәмілелерді аяқтау жұмысын жүргізуге банктің уақыты болуы үшін арнайы көзделген. Мұндай операцияларға шетел валютасындағы есеп айырысулар, халықаралық төлем жүйелері арқылы аударымдар, америкалық банктердің корреспонденттік шоттарын пайдалану және басқалары жатады.
Қазақстандықтар банктің санкцияларды енгізу күніне дейін жұмыс істеу және банктің еліміздегі клиенттерінің пайдасына аударым жасауға мүмкіндігі бар.
– 6 мамырға дейінгі кезеңде және санкцияларды енгізу күнінен кейін Альфа-Банк Қазақстан клиенттеріне теңгемен және рубльмен операциялар жүргізуге болады: банкоматтарда қолма-қол ақша алу, теңгемен ақша аудару, коммуналдық қызметтерді, мобильдік байланысты төлеу және қызметтер үшін басқа да төлемдер, – делінген мәлімдемеде.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, Альфа-Банк Қазақстан жеткілікті капитал қоры бар төлем жасауға қабілетті банк саналады. Қазіргі уақытта банктің клиенттер алдындағы міндеттемелері 445 миллиард теңгеге тең, олар 480 миллиард теңге сомасындағы жоғары сапалы несие портфелі, 134 миллиард теңге мөлшеріндегі меншікті капитал және негізгі банк ашқан кредиттік желі есебінен өтеледі.
– Қазіргі уақытта банк клиенттік төлемдер мен аударымдарды орындау бойынша бір сәттік өтінімдерге, сондай-ақ клиенттердің қаражатын алуға байланысты өтімділік тапшылығына тап болды. 2022 жылғы 7 сәуірден бастап Альфа-Банк Қазақстан шамамен 100 миллиард теңге сомаға клиенттік төлемдер мен аударымдарды жүргізеді. Қаражаттың айтарлықтай әкетілуіне байланысты банк ұлттық валютадағы клиенттік төлемдер мен аударым сомаларына уақытша шектеулер енгізді. Банк клиенттер алдындағы міндеттемелерді орындау бойынша ахуалды тұрақтандыру жұмысын жүргізіп жатыр, – делінген мәлімдемеде.
Қосымша теңгемен өтімділік тарту үшін банк Қазақстандағы басқа екінші деңгейдегі банктерге несие портфелінің бөлігін сату бойынша шаралар қабылдаған. Бұдан басқа, акционерді толық ауыстыру қарастырылып жатыр, ол Альфа-Банк Қазақстан банкін санкциялық тізімнен шығаруға әкеледі.
– Осылайша, өтімділікті жинақтауға қабілетті банктің жоғары сапалы несие портфелі және реттеушілік талаптардан асатын жеткілікті капитал салымдарға, кредиттерге қызмет көрсетуді, сондай-ақ ақша қаражатын қабылдауды және беруді қоса алғанда, Альфа-Банктің клиенттер алдындағы өз міндеттемелерін толық орындауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қабылданған шаралардың нәтижелері бойынша таяу уақытта банк клиенттерінің төлемдері мен аударымдарын орындау жағдайы тұрақтандырылып, клиенттер үшін уақытша шектеулер алып тасталады, – деп мәлімдейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Альфа-Банк Қазақстан депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы саналатыны, бұл Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген лимиттер шегінде жеке тұлғалар қаражатының сақталуын қамтамасыз ететіні айтылды.
Бақыт БЕКОВ