Ақтөбе облысында 20-ға жуық кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұр
Зауыт-фабрикалар өнімдерін өткізе алмаған
Ақтөбе облысында 19 кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұр. Құрылыс, тамақ және өңдеу өнеркәсібі салаларын қамтыған кәсіпорындар облыс орталығы мен бірнеше ауданда орналасқан. Бұл туралы Kazinform хабарлады.
Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Әбішевтің айтуынша, кәсіпорындар құрылыс, тамақ және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы өнімді өткізудің жеткіліксіздігіне байланысты жұмысын тоқтатқан.
«Ақтөбе қаласы - 4, Алға ауданы - 3, Әйтеке би ауданы - 1, Қарғалы ауданы - 5, Мәртөк ауданы - 3, Хромтау ауданы - 2, Шалқар ауданы - 1). «Hobas Pipes Kazakhstan» ЖШС-і 2003 жылы құрылған. Полиэфирмен нығайтылған шыны талшықты құбырлар мен фитингтер шығарды. Ал «Ақтөбе метал емес құбыр зауыты» АҚ-ы 2005 жылы құрылған. Полиэфирлі, эпоксидті, винилэфирлі шайырлар мен кварцты құм негізіндегі шыны талшықты құбырлар шығарды. «Ақтөбе Жылыжай» ЖШС-і 2014 жылы құрылған. Қызанақ пен қиярды аз көлемді гидропоникалық технология әдісімен өсірді. «АНДИ» ЖШС-і 2011 жылы ашылды. Сүт өнімдерін өндірді. Осы төрт кәсіпорын Ақтөбе қаласында орналасқан. Алға ауданындағы құс фабрикасы, полипропилен қаптарын өндіретін цех, Мәртөктегі ет пен сүтті қайта өңдейтін «Алғабас» ЖШС-нің жұмысы тоқтап тұр. Катодты мыс және мыс, темір кендерін, кобальт-никель кендері, қоңыр көмір өндіру, фракциялық қиыршық тасты шығару, кірпіш өндірісі де тізімде бар»,- деді Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Әбішев.
Басқарма басшысы негізгі себебін жабдықтардың ескіріп, технологиялық кемшіліктер жіберілген деп есептейді. Сонымен бірге қаржылық қиындықтар туындап, айналым қаржысы жетпеген. Өнімді сату да қиынға соққан.
Фото: Baq.kz