Адам миының эволюциясында негізгі рөлді ет емес, табиғи қант атқарған болуы мүмкін. Осындай тұжырымды Сидней университеті мен Глазго университетінің ғалымдары ұсынды. Зерттеу нәтижелері Science ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды Malim.kz.
Ғалымдардың айтуынша, осы уақытқа дейін адам миының ұлғаюына негізінен ет өнімдерін тұтыну әсер етті деген көзқарас басым болып келді. Алайда жаңа талдау алғашқы адамдардың миының қарқынды дамуына жеміс-жидек, бал және басқа да табиғи тәтті тағамдардан алынған глюкозаның зор ықпал еткенін көрсетеді.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, соңғы төрт миллион жылда адамзат өкілдерінің ми көлемі шамамен бес есе ұлғайған. Мұндай өзгеріс ағзаның энергияға деген сұранысын күрт арттырған. Ал мидың негізгі «отыны» - глюкоза. Сондықтан көмірсуларға бай табиғи тағамдар эволюциялық артықшылық берген болуы ықтимал.
Авторлар бұл тұжырым еттің маңызын жоққа шығармайтынын атап өтеді. Олардың пікірінше, адамның эволюциясында жануар тектес азық пен көмірсулар бірін-бірі толықтырған. Дегенмен табиғи қанттың рөлі осы уақытқа дейін лайықты бағаланбай келген.
Мамандар бұл зерттеу адамның тамақтану эволюциясына қатысты бұрыннан қалыптасқан ғылыми көзқарастарды қайта қарауға негіз болуы мүмкін екенін айтады.
, деп хабарлайды Malim.kz.