Израиль әскери-әуе күштері Иран мен Ливандағы нысандарға жаңа жаппай соққылар жасады. Бұл туралы сейсенбі, 17 наурыз күні Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) X әлеуметтік желісінде мәлімдеді. ЦАХАЛ мәлімдемесіне сәйкес, соққылардың нысанасы Тегерандағы «ирандық террористік режимнің инфрақұрылымы», сондай-ақ Бейруттағы радикалды шииттік «Хезболлах» тобы бақылауындағы объектілер болған.
Ливанның мемлекеттік NNA ақпарат агенттігі Бейрут маңындағы үш ауданға жасалған израильдік шабуылдарды растады. Агенттіктің мәліметінше, соққылардың бірі тұрғын үйге тиген. Зардап шеккендердің нақты саны әзірге белгісіз, бірақ Ливанның денсаулық сақтау министрлігі Эфиопия азаматы, бір әйелдің жараланғанын хабарлады.
17 наурызға қараған түні Иран тағы да Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Сауд Арабиясындағы нысандарға соққы жасады, деп хабарлайды Reuters. Иран шабуылдарының салдарынан Израильде кем дегенде екі рет зымыран қаупі туралы дабыл сиренасы қосылды.
Израильдің Ливанның оңтүстігіндегі құрлықтық операциясы
ЦАХАЛ 16 наурыз күні Ливанның оңтүстігінде «Хезболлахқа» қарсы «шектеулі құрлық операциясының» басталғанын хабарлады. Бұл әскери әрекеттер «террористік инфрақұрылымды жоюды» қамтиды және «алдыңғы қорғаныс шебін құру мен нығайтуға» бағытталған. Әскери басшылықтың айтуынша, мұндай құрлық операциясы Израильдің солтүстігіндегі тұрғындардың қауіпсіздігін қосымша қамтамасыз етеді.
ЦАХАЛ сондай-ақ құрлықтағы әскер енгізілмес бұрын Израиль әскери-әуе күштері мен артиллериясы аймақтағы «көптеген террористік нысандарға» соққы жасағанын атап өтті. Бір күн бұрын «Хезболлах» қозғалысы Ливанның оңтүстігінде Израиль армиясымен «тікелей» қақтығыстар болғанын мәлімдеген.
Батыс елдері Израильді шиеленісті тыюға шақырды
Сол күні Германия, Ұлыбритания, Франция, Италия және Канада Ливандағы гуманитарлық жағдайдың нашарлау қаупіне байланысты Израильді ауқымды құрлық операциясынан бас тартуға және дипломатиялық келіссөздерді бастауға шақырды.
Бұл елдер Ливан үкіметінің «Хезболлахты» қарусыздандыру, оның әскери қызметіне тыйым салу және қарулы әрекеттерін тоқтату бағытындағы күш-жігерін қолдады. «Біз өз еркінен тыс бұл қақтығысқа тартылған Ливан үкіметі мен халқымен ынтымақтаспыз», – делінген бес батыс елінің бірлескен мәлімдемесінде.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, қақтығыстың жаңа шиеленісуі салдарынан Ливанда ресми деректер бойынша 1 миллионнан астам адам, яғни елдегі әрбір алтыншы тұрғын, өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Олардың шамамен 130 мыңы уақытша орналастыру пункттерінде тұрып жатыр.
Германия канцлері Фридрих Мерц 16 наурыз күні Берлинде өткен баспасөз мәслихатында Израильдің Ливандағы құрлық операциясын қателік деп атады. Сонымен қатар ол «Хезболлах» содырларын Израильге қарсы шабуылдарын дереу тоқтатуға және қаруларын тапсыруға шақырды.