Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Кәсіпкерлер 1 наурызға дейін салық режимін таңдауы қажет

Құқық
Кәсіпкерлер 1 наурызға дейін салық режимін таңдауы қажет
Gov.kz

Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданғысы келген кәсіпкерлер 1 наурызға дейін салық режимі туралы хабарлама жіберуі қажет.

Биыл күшіне енген жаңа Салық кодексі арнайы салық режимдері санын үшке дейін қысқартқан еді. Енді әрқайсысының логикасы түсінікті: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға — бөлек режим, шағын бизнеске — оңайлатылған декларация және фермерлерге — бөлек салық режимі қолданылады.

Әсіресе оңайлатылған декларация шағын және орта кәсіптің басты режиміне айналды. Ол жылдық табысы 2,5 млрд теңгеге дейінгі шағын бизнеске арналған және салықты жылына екі рет төлеуге мүмкіндік береді.

— Енді Салық кодексінің 840-бабына сәйкес, кәсіпкерлер өзіне қай режим сәйкес келетінін анықтап, 2026 жылғы 1 наурызға дейін тиісті хабарлама тапсыруы керек. Бұл тек оңайлатылған декларация режимін қолданатындарға байланысты. Егер 1 наурызға дейін хабарлама жолданбаса, салық төлеушілер арнаулы салық жеңілдіктерінен айырылып, жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне өтеді, — деді Мемлекеттік кірістер комитеті Арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынберген елордада өткен брифингте.

Ал Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға еш хабарлама жіберудің қажеті жоқ, олар тек мобильді қосымшаны қолданып, чек беруі тиіс. Бұрын патент негізінде немесе мобильді қосымша арқылы арнаулы салық режимін қолданғандар автоматты түрде есептеп шығарылып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне ауыстырылады. Олардың режимді қолдану күні — чек берілген бірінші күннен басталады. Фермерлер де автоматты түрде тиісті режимге ауыстырылады.

Хабарлама жіберудің бірнеше жолы бар:

— Салық төлеуші кабинеті арқылы;
— «E-Salyq Business» арнаулы мобильді қосымшасы арқылы;
— орналасқан жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде;
— банктердің мобильді қосымшалары арқылы.

Сондай-ақ, 2025 жылы салық режимін таңдағандар да қайтадан хабарландыру жіберуі қажет. Себебі хабарламаны 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап беру қажет болған.

— Кейбір салық төлеушілер мұндай хабарламаларды Жаңа жылға дейін берген, алайда Салық кодексіне сәйкес бұл хабарлама 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап берілуі тиіс. Осы азаматтарға біз қайтадан хабарлама тапсыруға мүмкіндік бердік. Тиісінше, олар 1 наурызға дейін салық салу режимін таңдау туралы хабарламаны қайта тапсыру керек, — деді Е. Шынберген.

Бүгінгі таңда 450 мыңға жуық хабарлама жолданып, тиісті режимді таңдады. Бұл жұмыс күнделікті жүргізіліп жатыр.

— Арнаулы салық режимдері ең алдымен микро және шағын бизнес өкілдеріне бағытталған. Бұл режим 2001 жылдан бастап бар және жаңадан кәсіп бастаған азаматтарды қолдау мақсатында енгізілген. Әрине бұл режимді көп азамат қолданады. Оның аясында салықты төлеу оңай, жалпы түсімдерден 3-4 пайыз, кей жерлерде 2 пайыз салық төленеді, бухгалтерлік есеп жүргізу талап етілмейді. Жарты жылда бір рет оңайлатылған декларация тапсырып, міндеттемелерді орындау жеткілікті, — дейді комитет өкілі.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу