Талдықорған қаласында 1-9 мамыр аралығында өткен көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Ел біріншілігінде Жамбыл облысының «Әулиеата» командасы топ жарып, 16 дүркін Қазақстан чемпионы атанды, деп хабарлайды Malim.kz.
Биылғы чемпионатқа еліміздің әр өңірінен келген 19 команда қатысып, ұлттық спорттағы ең мықты ұжым атағы үшін бақ сынады. Тоғыз күнге созылған додада жанкүйерлер тартысты кездесулер мен жоғары деңгейдегі ойындардың куәсі болды.
Жамбыл облысының намысын қорғаған «Әулиеата» командасы жарыс барысында ерекше шеберлік танытты. Топтық кезеңнен сенімді өткен олар жартылай финалда Алматы облысының құрамасымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Финалда жамбылдық көкпаршылар Шымкент қаласының командасымен күш сынасты. Шешуші кездесуде «Әулиеата» қарсыласына еш мүмкіндік бермей, 6:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті.