Қызғалдақ ұстап фотоға түскен әкімге қатысты іс тоқтатылды

Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаеваға қатысты әкімшілік іс тоқтатылды. Ол қаулыдан кейін шағым түсірмейтінін айтты.
Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаеваға қатысты іс жалғасты. Судья Айпатша Мусина хаттама толтырған лауазымды тұлға нақты оқиға болған жерді анықтамағандықтан көшпелі сот отырысы өткенін, алайда әкімшілік құқықбұзушылықты жасаған орны анықталмағанын айтты. Кейін Ләззат Бердібаева істі тоқтатуды сұрады.
Оқиға болған жер Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш-Жұрын тасжолының бойы. Өзіңіз бардыңыз, ешқандай қорғалған аймақ емес, ешқандай ақпараттық тақта жоқ. Балаларым 6 және 8 жаста. Олардың әрекеті жас ерекшеліктеріне сәйкес балалық қызығушылық. Құқықбұзушылық жасау ниеті де болған жоқ. Мен балаларыммен бірге табиғат аясында болдым. Оларды қараусыз қалдырған жоқпын. Іс материалдарында әкімшілік құқықбұзушылық құрамның бар екеніне дәлел болатын жеткілікті обьективті фактілер көрсетілмеген. Істеген әрекетімде құқықбұзушылық құрам болмаған. Кінәмнің дәлелденбегенін ескере отырып, әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі тоқтатуды сұраймын, - деді Ләззат Бердібаева.
Судья Айпатша Мусина көп ұзамай қаулы шығарды.
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127 бабы 1 бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты Ләззат Бердібаеваға қатысты әкімшілік іс тоқтатылсын. Лауазымды тұлға (полиция – ред.) қызғалдақ жұлған жерін нақты анықтамаған. Одан басқа әкімшілік құқықбұзушылық жасау фактісін растайтын құжаттар ұсынбаған. Соттың өз бастамашылығымен қызғалдақтың түрін анықтау үшін ботаникалық-ғылыми сараптама тағайындалды және әкімшілік құқықбұзушылық болған жерді қарау үшін көшпелі сот отырысы ұйымдастырылды. Хаттамада «Қандыағаш-Жұрын тасжолының жиегінде» деп айтқан Бердібаеваның түсініктемесі бойынша толтырылған. Бірақ лауазымды тұлға орнын барып қарамаған. Дәлел ретінде фотосурет тіркелген. Ботаникалық-ғылыми сараптама қорытындысы негізінде фотосуреттен қызғалдақтардың түрі анықталмаған. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы әкімшілік құқықбұзушылықтарды жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларға назар аударсын. Оларды жою жөнінде шаралар қолдану туралы ұсыныс енгізілсін, - деді судья Айпатша Мусина.
Айта кетейік, сәуір айының соңында Мұғалжар ауданы Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаеваның қызғалдақ ұстап отырған фотосы әлеуметтік желіге жарияланды. Кейін әкімнің қылмыстық емес, әкімшілік жауапқа тартылатыны белгілі болды.
Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған аудараралық сотында қаралып, Ләззат Бердібаеваға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127 бабы 1 бөлімі бойынша хаттама толтырылғаны айтылды. Алайда ауыл әкімі кінәсін мойындамады. Кейін ауыл әкімінің қолындағы қызғалдақтың түрін анықтау үшін сараптама тағайындалды.
Фото: instagram.com/problema.aktobe

Ең көп оқылған
