Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге (КТ) 58 мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды Malim.kz.
Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша орташа нәтиже 77 балл, ал бейінді бағыт бойынша 24 балл болды. Ең жоғары көрсеткіш – 139 балл.
Тестілеу барысында 94 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның 69-ы смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды пайдалануға әрекет жасаған. Ереже бұзған тағы 25 адам аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері де жойылды.
Магистратураға түсу үшін ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша кемінде 75 балл, ал бейінді бағыт бойынша кемінде 30 балл жинау қажет.
Грант конкурсына құжаттар 12-18 тамыз аралығында қабылданады. Грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады. ЖОО-ға қабылдау 28 тамызға дейін аяқталуы тиіс.
Конкурсқа қатысу үшін жеке куәлік көшірмесі, жоғары білім туралы диплом және қосымшасы, КТ сертификаты, сондай-ақ бар болса, шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификат қажет.
Талапкер құжат тапсыру кезінде білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын таңдай алады.