Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов зейнетақы ануитетіне байланысты заңдағы жаңа өзгерістер туралы айтты. Бұл жөнінде ол Telegram парақшасында жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Депутаттың айтуынша, қабылданған заңда маңызды түзету бар. Бұған дейін зейнетақы ануитетін рәсімдеген адам қайтыс болған жағдайда, оның шотында қалған қаражат мұрагерлеріне толық көлемде бірден берілмейтін. Отбасы мүшелері бұл ақшаны тек ай сайын бөліп, ұзақ уақыт бойы ғана ала алатын.
"Кеше қабылданған заңның ішінде біз ұсынған маңызды түзету бар. Ол ресми түрде күшіне енеді. Бұрын зейнетақы аннуитетін алып жүрген адам қайтыс болса, оның жинаған ақшасы артында қалған отбасына толық берілмейтін. Мұрагерлері ол ақшаны тек ай сайын, тиын-тебендеп, жылдарға созылып қана ала алатын. Қалған бүкіл ақшасын, бірден алу заң жүзінде мүмкін емес еді", – деді депутат.
Аймағамбетовтің сөзінше, енді бұл тәртіп өзгереді. Егер зейнетақы ануитеті бойынша шотта қаражат қалса, мұрагерлерге таңдау беріледі. Олар ақшаны бұрынғыдай ай сайын бөліп ала алады немесе қалған соманы бір күнде толық шешіп алуына мүмкіндік бар.
Депутат бұл өзгеріс отбасыларға ыңғайлы болу үшін енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұрынғыдай қатаң шектеу болмайды, шешімді мұрагерлердің өзі қабылдайды.
"Біз зейнетақы аннуитеті жүйесін адамдарға ыңғайлы әрі икемді еттік", – деді Асхат Аймағамбетов.
Еске сала кетейік, Асхат Аймағамбетов мұғалім оқушының қауіпсіздігіне тек мектеп аумағында, сабақ уақытында және өзінің қызметтік міндетін орындау кезінде ғана жауапты болатынын айтқан еді.
Мұғалімдер міндетті тест тапсырудан босатылған еді
Бұған дейін ұстаздар көптен күткен маңызды жаңалықты естіген болатын. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтерді аттестациялау кезінде қолданылып келген пәндік білімді бағалау, яғни ПББ тесті енді міндетті болмайтынын мәлімдеген еді.
Министрдің айтуынша, мұғалімдер өз пәні бойынша біліктілігін дәлелдеу үшін міндетті түрде тест тапсырудан босатылған. Бұл шешімге қатысты арнайы нұсқаулық өңірлік білім басқармаларына жолданып, оны іске асыру жұмыстары басталған болатын.
Осылайша педагогтердің кәсіби деңгейін бағалау жүйесіне өзгеріс енгізіліп, мұғалімдерге бұрынғыдай міндетті тест тапсыру талабы қойылмайтын болды.
Диктант, мазмұндама және шығарма қайта енгізілген еді
Сонымен қатар орта білім беру жүйесінде оқушылардың сауаттылығын арттыруға бағытталған бірқатар жаңашылдық енгізілгені айтылған еді.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәлімдеуінше, мектеп бағдарламасына дәстүрлі жазба жұмыстары – диктант, мазмұндама және шығарма қайта енгізілген болатын. Бұл тәсілдер оқушылардың тілдік қабілетін дамытуға, сауатты жазу дағдысын қалыптастыруға және ойлау мәдениетін жетілдіруге бағытталған.
Министрлік бұл өзгерісті білім мазмұнын қазіргі талаптарға сай жаңартудың маңызды қадамы ретінде қарастырған. Сарапшылар да классикалық жазба жұмыстарын қайта қолдану оқушылардың сөздік қорын кеңейтіп, жазу мәдениетін нығайтуға оң әсер ететінін айтқан.
Осылайша білім саласында бір жағынан мұғалімдерге түсетін міндетті тест жүктемесі жеңілдетілсе, екінші жағынан оқушылардың жазу сауаттылығын арттыруға бағытталған дәстүрлі әдістер қайта қолға алынған еді.