Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар бірқатар заң жобасын бірінші және екінші оқылымда талқыға салады.
Алдымен отырыста депутаттар бастамашы болған Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді қарау ұсынылады. Олар Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының нормаларын іске асыруға бағытталған және бір палаталы Парламент – Құрылтайды құрумен, Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуымен, сондай-ақ азаматтар Конституциялық Сотқа жүгінген кезде мемлекеттік бажды алып тастаумен байланысты.
Бірінші оқылымда Мәжіліс нотариаттық қызмет мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылайды. Құжатты депутаттар осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейту үшін әзірледі. Ол тексеру рәсімдерін реттейді және уәкілетті органның өкілеттіктерін кеңейтеді. Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына негізделген қазіргі модель әділет органдарының бұзушылықтарға жедел ден қою мүмкіндігін айтарлықтай шектеп отыр. Жаңа нормалар сондай-ақ нотариустардың цифрлық заңнаманы, электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану қағидаларын және деректерді ақпараттық жүйелерге енгізу мерзімдерін сақтамағаны үшін жауапкершілігін күшейтеді.
Сонымен қатар күн тәртібіне қорғаныс, әскери қызмет және әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіру мәселелері жөніндегі депутаттық заң жобасы ұсынылды. Түзетулер қорғаныс, әскери қызмет және бітімгершілік қызмет туралы салалық заңдарға енгізіледі. Мемлекет басшысының 2024 жылғы 9 қазандағы тапсырмасын орындау үшін жоғары әскери лауазымдарға кандидаттардың цифрлық рейтингі жасалады. Бұған қоса, әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғауды күшейту жөніндегі нормалар қарастырылған.
Мұнан бөлек, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне cайлауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын екінші оқылымда пысықтайды.