Индонезияда некесіз қарым-қатынас жасаған ер адам мен әйелге әрқайсысына 100 рет дүре соғу жазасы қолданылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Daily Mail мәліметінше, оқиға Ачех провинциясында болған. Бұл – Индонезия аумағында шариғат заңдары ресми түрде қолданылатын жалғыз өңір. Сот шешімімен ерлі-зайыпты емес ер мен әйел қоғамдық орында жария түрде дүре соғу жазасына кесілген.
Жаза провинцияның әкімшілік орталығындағы саябақта, шағын көрермендер тобының алдында орындалған. Сот оларды шариғат талаптарын бұзды деп таныды.
Ачех қаласының мэрі Иллиза Саадуддин Джамалдың айтуынша, бұл жаза өңірде алкоголь тұтыну, құмар ойындар және өзге де құқықбұзушылықтарға қарсы жүргізіліп жатқан кең ауқымды науқанның бір бөлігі саналады.
Желіде тараған кадрларда ер адам мен әйелдің дәстүрлі киім киіп, шариғат полициясы өкілдерінен дүре соққысын алып жатқан сәті бейнеленген. Әйелге жазаны әйел қызметкер орындаса, ер адамға ер адамдар дүре соққан. Жаза аяқталған соң екеуіне де медициналық көмек көрсетілген.
Адам құқықтарын қорғау ұйымдары бұл әрекетті қатігездік деп бағалап, оның халықаралық адам құқықтары стандарттарына сай келмейтінін мәлімдеді. Ал жергілікті тұрғындардың бір бөлігі мұндай жазаны қоғамдық тәртіп пен діни құндылықтарды сақтаудың тиімді тетігі ретінде қолдайды.