Атырау облысында орын алған қайғылы жағдай ел жұртшылығын бейжай қалдырмады, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиғаның мән-жайын зерттеп жүрген журналист Жанат Молдашова қазіргі таңда күдікті ретінде аталып отырған Сұлтан Сәрсемалиевтің анасымен кездесіп, сұхбат жүргізген.
Анасының сөзінше, 21 желтоқсан күні ұлы Сұлтан несие төлеміне ақша аударған. Сондай-ақ ол баласымен соңғы рет 11 желтоқсан күні телефон арқылы сөйлескенін жеткізді.
"Мен баламды олай тәрбиелеген жоқпын. Ол – тәртіпті, жуас бала. Мұндай іске баруы мүмкін емес. Әкесі қатал, содан қорқып өскен. Соңғы рет желтоқсанның 21-і күні ұлымнан 45 мың теңге түсті. Келінге ұялы телефон алып беру үшін 1 миллион теңге несие рәсімдеткен едік", – дейді күдіктінің анасы.
Сондай-ақ ол ұлымен соңғы рет қашан байланысқа шыққанын нақты атап өтті.
"11 желтоқсан күні хабарластым. Атыраудамын деді. Бір айтқанын түсінбей, нақтылап сұрадым, сол кезде видеоқоңырауға шықты. Балалардың суретін көрсетіп, "міне, балаларың аман, өзің қалайсың, Ақбаян қалай?" деп сұрадым. "Жақсымын, уайымдама, тағы хабарласамын" деді. Содан кейін байланыс үзілді. Шетелге кетемін деп ештеңе айтпаған. Тек қалаға апарып емдетіп алып келемін деген", – дейді Гүлнәр Әзмұханова.