Аттестация: Аймағамбетов мұғалімдердің өтінішіне құлақ аспайды
Сәуір айында Алматыдағы көлік және логистика академиясында ұлттық біліктілік тестін (ҰБТ) тапсыру кезінде 1973 жылы туған педагог қайтыс болған еді. Осы оқиғадан кейін біз педагогтермен сөйлесіп, олардың тестілеуге қатысты сұрақтарын Білім және ғылым министрлігіне жіберген едік. Бір ай өткеннен кейін келген жауаптарды назарларыңызға ұсынамыз.
Біз сөйлескен педагогтердің барлығы аттестацияның бұл форматы педагогтерге үлкен стресс екенін айтқан. Және біліктілікті баяғы дәстүрлі форматпен анықтауды қалайтындарын айтқан. Біз сұрақты сол қалпы министр Асхат Аймағамбетовтің атына жібердік. Министр атынан келген жауапқа сүйенсек, педагогтердің өтініші ескерілмейтін сияқты.
- Ұлттық біліктілік тестін тапсыртпай, педагогтерді аттестациялау жүйесін бұрынғы дәстүрлі форматқа, яғни колледждің, мектептің немесе балабақшаның өзінде аттестациялауға көшіру мүмкін бе?
- Аттестаттау педагогтің біліктілігін растаудың ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан рәсімі. ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығына сәйкес (2021 жылғы 12 қарашадағы №561 өзгерістерімен) педагог тестілеуден жылына екі рет өте алады.
Оқи отырыңыз: Педагог өлімі: Аймағамбетов көңіл айтқан жоқ, бақылаушылар қашып кетті – куәгерлермен сұхбат
Педагогтің біліктілігі оның жұмысына, білім сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Сонымен қоса, ата-ана қауымдастығының талаптары да өсуде. Сол себепті педагогтердің құзыреттілігін тексеру құралдары үнемі жетілдіруді қажет етеді. Осыған орай, бұрынғы форматта аттестаттауды өткізу мүмкін емес.
- Колледжге-мектепке-балабақшаға жұмысқа кірмеген немесе жаңа кірген жас мамандарды ҰБТ-дан босатып, оларға тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беруге бола ма?
- Қағидалардың 20-тармағына сәйкес техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орнынан кейінгі немесе жоғары және/немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын педагогикалық мамандықтар бойынша бітірген тәжірибесі жоқ кандидаттар және біліктілік санаты берілген лауазымдағы жұмысын қайта бастағандар Біліктілік тестілеуінен сәтті өткеннен кейін жұмысқа қабылданады.
- Тестілеудің шектік балы қандай ережеге сай өзгертіледі?
- Ұлттық біліктілік тестілеудің шектік балы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес жүргізіледі және өзгертілмейді.
- Тест сұрақтарын кімдер жасайды және кімдер бекітеді?
- Қағидалардың 26-тармағына сәйкес Ұлттық тестілеу орталығы педагогтердің Біліктілік тестілеуін өткізу үшін тест тапсырмаларының базасын әзірлейді. Сонымен қатар, бұйрықтың 7-тармағына сәйкес Біліктілік тестілеуін өткізу бойынша нұсқаулық пен тест тапсырмаларының базасын Ұлттық тестілеу орталығы дайындайды. Жыл сайын тест тапсырмаларына ревизия жүргізіліп, қайта пысықталады.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Педагог өліміне аттестацияның қатысы жоқ
Министрлік «Жұмыс өтілі 25 жылдан асқан мамандарды категориядан өту тестілерінен босатып, олардың сол кезге дейінгі категорияларын зейнет жасына дейін сақтап қалуға» және «Қазақ тіліндегі тест сұрақтарының сапасына» қатысты сұрақтарға жауап бермеді.
Ал тестілеуді кімдер бекітетіні туралы қосымша сұраққа Ұлттық тестілеу орталығы жауап берді. Айта кетейік, олардың жауабы министрдің атына жазылған жауаптан ертерек келді.
- Тест сұрақтарын кімдер жасайды және кімдер бекітеді?
- Тест тапсырмаларын әзірлеу қалалық, облыстық білім басқармалары мен жоғары оқу орындары және ғылыми ұлттық орталықтар ұсынған педагогикалық өлшеулер саласында біліктілігін арттыру курстарынан өткен, оқу жетістіктері сапасын бағалау мен оқытуда тәжірибесі бар педагогтармен жүзеге асырылады. Тапсырмалар қолданыстағы нормативтік құжаттардың негізінде (стандарттар, типтік оқу бағдарламалары, тест спецификациясы, әдістемелік нұсқаулар, техникалық тапсырмалар және т. б.) жасалады.
- Тест сұрақтарының қазақ тіліндегі нұсқасы орыс тілінен тікелей аудармамен жасалғанын қалай түсінуге болады?
- Пән бойынша тест тапсырмалары бір тілден екінші тілге аударылмайды. Тест тапсырмалары жеке екі тілде әзірленеді.