«Болашақ» түлегі: Ресейдің оқыту жүйесі СССР-дікіне ұқсайды
«Құрылыс» факультеттерінде мұғалімдер студенттерге тапсырмаларды әлі қолмен сыздырып үйретеді екен.
Malim.kz тілшісі техника ғылымдарының кандидаты, философия докторы (PhD), Брунель университеті (Ұлыбритания) докторантурасының түлегі Әсел СӘРСЕМБАЕВА-мен «Болашақ» бағдарламасына қатысты сөйлесіп көрді.
- Өткенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ» бағдарламасының бағыты өзгеретінін мәлімдеген еді. «Жастарымызды оқуға, мүмкін ең алдымен Ресейге, белгілі техникалық оқу орындарына жібереміз» деген сөзі қоғамдық пікір тудырды. Сіз Ресей университеттерінде іс-тәжірибеден өткен мамансыз. Президенттің бұл пікірімен келісесіз бе?
- Президенттің бұл шешімі өзінің Ресейде білім алғанымен де байланысты шығар. Сондықтан осындай пікірге келген болуы керек. Егер қазақстандық жастарды «болашақпен» Ресейде оқытатын болсақ, білім алу Еуропадан қарағанда сәл арзандау түседі. Бәрі қолжетімді, үй де қажет емес, медициналық сақтандыру деген жоқ. Негізі Ресейдің білім жүйесі сапасы жағынан жаман емес. Дегенмен, бағдарламалары бұрынғы СССР-дың бағдарламаларына ұқсайтынын жасырмаймын. Оларға қарағанда біздің жастар ағылшын тіліне жетік. Ағылшын – жаңа технологияның тілі. Біздің университетте таза ағылшын тілінде өтетін бакалавриат, магистратура сабақтары бар. Қазақ бөлімінде оқитын студенттер де көбейді. Бұрын 75 бала орысша оқып, 20 бала қазақша білім алса, қазір керісінше. Айта кетерлігі, Ресейден оқу бітірген балалар Ресейге жақын болады.
Ал қаражат тұрғысынан алғанда, Еуропада 10 адамды оқыту Ресейде 50 адамды оқытқанмен бірдей. Ресейге біздің қазақтардың жолағысы келмейтіні – тарихи түсініктері сәйкесе бермейді. Сол себепті барынша алшақ болғымыз келеді.
- Ресейде іс-тәжірибеден өтіп, білім беру бағдарламаларымен танысып келдіңіз? Қандай айырмашылықтарды байқадыңыз?
- Мен бірер жыл бұрын «құрылыс» мамандығы бойынша Мәскеу мемлекеттік университетінде және Санкт-Петербург мемлекеттік сәулет-құрылыс университетінде іссапармен болдым. Сол жақта біраз уақыт ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Университет факультеттеріндегі «құрылыс» сабақтарына қатысып, оқу бағдарламаларымен таныстық. Алғашқы сабақтарынан-ақ байқағанымыз, «құрылыс» факультеттерінде мұғалімдер студенттерге тапсырмаларды әлі қолмен сыздырып үйретеді екен. Ол мүмкін дұрыс та шығар. Бірақ, дамыған XXІ ғасырда ешкім де өндірісте құрылысшыдан конус пен шарды қолмен қиыстыр деп талап етпейді. Әрине, бұл тәсілдер дизайн, архитектура саласына қажет болуы ықтимал. Бірақ құрылыс, биотехника, геологияға аталған оқыту жүйесі қажет емес. Ол бұрынғы заманның ескірген технологиясы болып қалды.
Өзім Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің «сәулет, құрылыс» факультетінде қызмет етемін. Бізде құрылыс макеттері, жобалау жұмыстары қолмен сызылмайды. Ондай сабақтар атымен жоқ. 1-курста студенттерді сызбалармен жұмыс істеуге арналған бағдарлама autoCAD-ты үйретеміз. Сәулетшілер, құрылысшылар, техникамен жұмыс істейтін мамандар үшін осы бағдарлама тиімді. Яғни, студенттерімізді аталған бағдарламаға баулып, электронды сызба әдістерін меңгертеміз. 2-курсында-ақ шәкірттеріміз танымал құрылыс компанияларына жұмысқа тұрып кетеді. Қазақстандық оқу орындарында жедел түрде 4 жыл оқытылады. Ал Ресейде құрылыс саласында оқитындар алты жылдық бағдарламаны меңгереді. Сондай-ақ бакалавр бар. Осындай айырмашылықтарын байқадым. Қазір Қазақстанда компьютерге сызу, модельдеу кең тарады. Әрине, Ресейдің де оқу жүйесін жоққа шығармаймыз. Олар лабораториялық техниканы Европадан сатып алмайды, олар өздерінікін қолданады. Мүмкін содан кейін де айырмашылықтар байқалып жатқан шығар.
- Сонда Ресейдің оқыту жүйесі артта қалған дейсіз бе?
- Қазір әлемнің бірнеше елі еурокод жүйесіне көшкен. Бұл - еуропалық стандарттармен сапалы құрылыс салуды көздейтін жүйе. Яғни жалпақ тілмен айтқанда, құрылысты жобалау жұмыстарынан бастап, қандай материалмен салынатынына дейінгі кезеңдерді қамтиды. Бәрі де стандартқа сай, сапалы салынуға тиіс. Еурокодтар жүйесі Қазақстанда 2015 жылдан енгізіле бастағаны белгілі. Бүгінде еліміздің құрылыс саласы осы жоба аясында жұмыс істеп жатыр. Ал Ресей құрылыс стандарттары бойынша еурокодқа енді ғана енейін деп жатыр. Бұл көрші ел қазіргі кезде сәл-сәл Еуропаға ұқсап келеді. Алайда, бұрынғы практикалық білім қалған. Біздің құрылыс саласына қатысты құрал-жабдықтарымыз батыстікі, Ресейдікін алмаймыз.
«Біздің оқыту бағдарламаларымызда кемшілік бар»
- Құрылыс саласы бойынша отандық оқыту жүйесі қандай деңгейде, қазір?
- Біздің оқыту бағдарламамызда кемшілік бар. Айталық, «Құрылыс» мамандығына түскен студенттер 1-курста 8 пән оқиды. 8 пәннің 7-і гуманитарлық сабақтар. Яғни әлеуметтану, саясаттану, психология, философия, тарих, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, 1 пән ғана сызу сабағына арналған. Шетелде ондай үрдіс жоқ. Мысалы, Англияда бакалавр 3 жыл, олар гоедезия, геология, механика пәндерін тереңдете оқытады. Біздегідей гуманитарлық сабақтарды оқытпайды.
Біздегі осы оқу жүйесінің әсерінен техника саласында оқитын студенттер өз сабағын меңгеруге үлгермейді. Мысалы: механикадан 300 сағат оқу керек болса, оның орнына 100 сағат беріледі. Оқу бағдарламасының көлемі шектелген. Сондықтан біздің мамандарымыз Еуропадан басқа мемлекеттерге қараған кезде төрт жылдың өзінде толыққанды білім алып үлгермей қалады. Өйткені мамандығына қатыссыз сабақтарды көп оқиды.
Естеріңізде болар, былтыр Білім және ғылым министрлігі жоғарғы оқу орындарына академиялық және қаржылық дербестік берді. Яғни, оқу бағдарламасын университет өзі бекітеді. Біздің университет басқармасында көбінесе гуманитарийлер отырғандықтан, гуманитарлық кафедралардың қамын ойлайды. Мысалы, қаншама кафедра, қаншама мұғалім қаражат алады. Ол дегеніңіз педагогикалық ауырлық. Бір мұғалімге жылына 3 миллион ақша бөлінеді. Бір кафедрада 120 адам бар. Үкіметтің грантына бөлінген ақша. Бұл дегенің - артық сабақтарды оқытқаны үшін төленетін қаржы. Міне осы үрдісті өзгертіп сапаны көтеруге болады. Сондықтан оқу бағдарламаларын жөндеу керек. Қажетсіз сабақтардың сағаттарын қысқартып, сабақ көлемін азайтқан жөн. Екіншіден теорияны оқытқанша практикаға басымдық берілуге тиіс. Тәжірибе жинау үшін студенттерді 3 ай, 6 ай, 1 жылға шетелге жіберіп отырған абзал.
- Пікір білдіргеніңізге рахмет!
- Сұхбаттасқан: Олжас Әбілұлы