Кевин Хайнс: Еркектерден гөрі әйелдер суицидке бейім. Бірақ...

Руслан ЕРБОТА

  • 24.04.2021

Нұр-Сұлтанда 22 жастағы әйел осыдан үш күн бұрын 11 қабаттан секіріп өлді. Оның алдында солтүстік өңірде бір азамат өз өзіне қол жұмсады... Ресми деректерге қарағанда елімізде күніне он адам осылайша арамыздан  кетіп жатыр. 2019 жылы 3805 адам өз өмірлерін өздері қиыпты... Өкініштісі жыл өткен сайын суицид жасаушылар көбейе түскен. Мәселен, 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылғы суицид 263 адамға көп. Былтыр суицид 11 айда 3185 болыпты. 

Суицид себебі сан алуан дегенімізбен, біз қарапайым адамдар күнделікті өмірде айналадағы сағы сынған, көңілі құлазыған, қайғыға батқан, үмітінен адасқан жандарға қол ұшын созып, мейрім танытып жүрміз бе?

Осы ретте суицид ойларымен және психикалық аурулармен күресіп жүргендерге дем беруші, көмек көрсетуші, ер адамдардың психикалық денсаулығы бойынша жұмыс істіп жүрген Кевин Хайнстен Malim.kz  сұхбат алғанды жөн көрдік. АҚШ азаматы Кевин 19 жасында Сан-Францискодағы әйгілі Алтын көпірден яғни, 70 метр биіктіктен секіріп кетіп аман қалған. Содан бергі өмірін ол суицидтің алдын алуға арнап келеді.

Кевин мырза, уақыт бөліп, сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет! Әңгімемізді қарапайым сұрақтан бастасақ. Көшеде немесе көпшілік орында жүргенде қарапайым адамдарға менталды проблемасы бар жандарды қалай танып, білуге болады?

–Жақсы сұрақ. Кез келген адам сыртқа шыққанда, көпшілік жүретін жерге келгенде айналысындағы адамдардың қай қайсысында болмасын менталды проблемасы болуы мүмкін деп ойлаған дұрыс. Иә, айналаңыздағы кез келген  адамда психикалық болмаса, жан күйзелісі болуы мүмкін және оны қалыпты құбылыс деп қабылдап үйрену керек. Сосын адамдарға мән беріп қарау қажет. Олардың арасында мысалы, көзге бірден түсіп тұратын белгілері, әрекеттері, шектен тыс эмоциялары, күйзелістері, жылап тұрғанын көруіңіз мүмкін. Қасынан  көрмегендей өтіп кетпей, кез келген сондай адамның қал-жағдайын сұрап, «сізге көмектесе аламын ба?» деп сұрауды әдетке айналдырған жөн. Осы әдет кез келгеніміз үшін қалыпты әдеп болғаны дұрыс.

– Дұрыс делік, бірақ, қоғамда сіркесі су көтермей тұрған, жүйкесі сыр берген адамға жоламау дағдысы, стеоратипі, айналып өту үрдісі басым ғой. Осымен қалай күресуге болады?

–Ең алдымен жастарға импатияның, яғни, мейірім, сезім мен сенім күшін үйрету керек. Қазақстан ғана емес, кез келген қоғамда осындай мейірім мәдениеті орнауы үшін  уақыт керек. Бірақ, уақытты күтіп жата бермей, әзірден жастарға осы бағытта тәрбие беріп, мейрімділікке, бауырмалдылыққа, қасындағы адамға жаны ашуға баулу қажет.

–Менталды проблемасы бар адамдарды қоғам, айналасы қабылдамай қойғанда олар қандай әсерде болады?

–Қирағандай боласың. Одан әрі жаның ауырып, өзіңді ештеңеге тұрғысыз тіршілік иесі сезінесің. Өз жақындарың, өзің сияқты жандардың бас тартқаны ең бір жаман сезімдердің бірі.

–Біріншіден, жаны күйзелген адамға қоғамның қолдауы керек дедіңіз.  Дегенмен, ондай жандарға мамандардың да көмегі қажет қой. Орталық Азия  оның ішінде Қазақстанда  мәселен еркектер психологқа барғанды ұят көреді. Бұл енді бұрыннан бері айтылып жүрген әңгіме. Осы жағдай АҚШ-та қалай өзгерді, еркектер психологқа жиі бара ма?

–Нақты сандар келтіре алмаспын. Бірақ, еркектердің писхологқа баруы,  көмек сұрауы жиіледі. Телетерапия көп қолданыста. Қара нәсілдер арасында психолог көмегіне жүгіну әдетке айналды. Қазақстанда бұл  қиынырақ  болар. Өйткені ғасырлар бойы «ер адам асыраушы» деген таным үстем болды емес пе.  Еркек мықты болуы керек, қанша жерден жаны ауырып бара жатса да оны көрсетпеуі керек, сыртқа шығармауы керек, осылдығын көрсетпеуі міндет дейтін таным-түсінікті өзгерту керек, оның оңай болмасы анық. Бірақ, өзгеріске ұмтылу қажет. Жаныңның ауырғанын бөліссең жеңілдейсің, қасыңдағы адам қол ұшын созады. Мамандар көмектесе алады.

–Сіз бір сұхбатыңызда құлазып тұрған жанды көрсең, «сен өзіңе өзің қол жұмсап, өлгелі тұрсың ба?» деп сұраңыз депсіз. Бұл сұрақ дөрекілеу емес пе?

–Егер сіз ондай сұрақ қоймасаңыз өз өмірімен қоштасқысы келіп тұрған адамға қалай көмектесесіз? Бір мысал келтірейін, осыдан бірнеше жыл бұрын Сан Францискода әйеліміз екеуміз көшеде келе жатқан едік, 16-17 жастағы бір бойжеткенді байқап қалдым. Ол көше бойымен ары-бері жүріп, көлік нөпірінің алдына секіріп шығып кеткісі кеп тұрғандай болды. Жылап жүр.  Қасына барып амандастым. «Қалың қалай?» деп едім, «Не керек, саған?» деді. Мен «сенің көңілің онша емес сияқты, саған көмектесе аламын ба?» деп сұрадым. Сонда ол маған қарап, «сенің не шаруаң бар, менде!» деді. Содан кейін «сен мына көліктің астына түскелі тұрсың ба?» деп сұрадым. Ол таңғалып қарады да, «не шаруаң бар?» деді. «Мен адаммын, қасымдағы адамдарға жаным ашыйды, көмектескім келеді, өз басымнан өткен жағдай, сол үшін сұрап тұрмын»,- деп жол шетіне бірге барып отыруға ұсындым. Бірге барып отырып, сөйлестік. Сонда айттым, «өз басымнан өткен соң мұндай күйді білемін, сол үшін сенімен сөйлестім, өз басымнан өткен, көпірден секіргем, аман қалғам»,- деп өмірімдегі ең қымбат нәрсе аман, тірі қалғанымды айттым. Сондықтан саған соны айтуым керек дедім. Сосын ол қыз «бұған дейін мені ешкім байқамайтын, көздеріне ілмеуші еді» деп, рақметін айтты. Сол жерде енді өз өзіне қол жұмсамасына сөз берді.

Мен қай елге барсам да осындай адамдарға жолығам және олармен міндетті түрде тоқтап сөйлесемін. Жаңағы сұрақты бірден қоймаймын, әрине. «Қалың қалай?», «Қалай көмектесейін?» деп сөз бастаймын. Өйткені, мен өзім көпірден секіргелі тұрғанда, өз өмірімді өзім қиғалы тұрған сәтімде біреу келіп маған осындай сұрақтардың қойғанын күттім. Бірақ, менен оны ешкім сұрамады. Сондықтан, сондай адам көрсем, айналып кетпей міндетті түрде көмек көрсетемін.

Қазақстанда осыдан 5-6 жыл бұрын оқушылар арасында аяқ асты суицид көбейіп кетті. Ресми орындар оған интернеттегі «Синий кит» деген ойын кінәлі деді. Осы ойыннан хабарыңыз бар ма? Және интернеттің суицидке ықпалы қандай?

–Бұл ойын туралы білем. Әлемге тарап кеткен. АҚШ-та, Австралияда талай баланың өмірін алған ойын. Оны ойлап тапқан, содан пайда тапқан адамдар жауапқа тартылуы керек деп ойлаймын. Жалпы, интернет туралы айтсам, өз мысалымда басымнан кешкем. Өйткені өз өзіме қол жұмсардың алдында, көпірге барар алдында алдымен интернетке кірдім. Ол кезде жас едім, бір сөз жаздым. Оның қандай сөз екенін өздеріңіз білесіздер. Сонда маған алдымнан талай  веб-сайт шықты. Ақыл кеңес беретін. Суицидті қалай жасау керектігін. Соның біріне кіріп оқыдым. Сонда «Алтын қақпа» көпіріне барып секірсең,  міндетті түрде өлесің деп тұрды. Сәттілік тілеуді де ұмытпапты. Сондай бір сайт менің өмірімді алуға аз қалды. Ондай сайттарды жасайтын, содан пайда көретіндерді ауру адамдар деп ойлаймын, оларды міндетті түрде жауапқа тарту керек.

–Қазақстандағы ресми деректерге қарасақ, әйелден гөрі еркектер суицидке бейім келеді екен. Сіздің ойыңызша бұл неден?

–Еркектер суицидке жақын дегенді басқаша айтқан дұрыс. Еркектер суицидтен көп өледі. Бірақ, суицид жасау әйелдер арасында көбірек келеді. Ал өліп кететіндер көбіне еркектер. Өйткені еркектер шетін шешім қабылдағанда үзілді кесілді соны бұлжытпай орындауға тырысады, соған арналған өмірді бірден үзіп жіберетін ауыр амалдарды қолданады, содан еркектердің суициді көп жағдайда өліммен аяқталады.

Ал еркектерді суицидке итермелейтін бір себеп еркек мықты болуы керек деген таным түсініктен. Еркектік дегеннен шығады. Сондықтан ер адамдарды  мойындарына іліп қойған қалың жауапкершіліктен азайту керек. Ер адам эмоциясына шығаруға, қажет болса жылауға да болады. Жылау биологиялық үрдіс екенін түсіну керек. Қоғам да оны да түсінуі керек. Эмоциясын сыртқа шығару арқылы ішкі уайым қайғысынан жеңілдеп, осал емес, керісінше, мықты бола алады. Соны бәрі түсінсе.

 –Соңғы сұрақ. Күнделікті өміріңізде  өзіңіз секіріп тірі қалған Алтын қақпа көпірінен ары-бері өтіп тұрасыз ба? Және сол көпірден өткенде қандай сезімде боласыз?

–Сол оқиғадан бір жылдан кейін әкеммен бірге көпірге бардық. Сонда бірге гүл тастадық. Гүлдің түскен жеріне қарасам, тағы да итбалық жүзіп өтті. Бұл менің өмірімдегі ең ыстық сәттердің бірі. Қазіргі күні жиі барам, өтіп тұрам, бірақ, ештеңе сезбеймін. Әдемі көпір. Сан-Францисконың сәулетті мақтанышы. Одан да маңыздысы қазір суицидке жол бермес үшін, адамдар бұл көпірден секіріп өлмес үшін жақтауына тор салып жатыр. Жақын арада салынып бітеді. Сол біткенде бұл көпір суицидке қарсы, адам өміріне араша символға айналады деп сенемін.

Айтпақшы ит балық сіз жақсы көретін жануарлардың үздік бестігінде болар?

–Әрине, өте керемет мейірімді жануар. Мен көпірден суға құлап, тұңғиыққа батып жара жатқанымда осы итбалықтар қасымда жүзіп жүрді емес пе!

Сұхбат бергеніңізе рақмет. Сұхбатты алуға септескен Қазақстандағы АҚШ елшілігіне алғыс білдіреміз.

Кевин Хайнс өміріне қатысты қызықты дерекпен мына сілтемеге өтіп таныса аласыз.

Оқи отырыңыз: “Алтын қақпадан” секіріп аман қалған Кевин Хайнс жайында

 

Байланысты жаналықтар

"Алтын қақпадан" секіріп аман қалған Кевин Хайнс жайында

20.04.2021
MalimBlocks
"Алтын қақпадан" секіріп аман қалған Кевин Хайнс жайында