Қалаларда құрылыс материалдарының бағасы күйіп тұр
Кірпіш бағасы еліміз бойынша ең қымбат, яғни, 500 данасы орта есеппен 75 000 теңге тұрады

Қазақстан бойынша ең арзан және ең қымбат материалдар арасындағы айырмашылық 40% шамасында. Malim.kz Kazinform.kz жасаған сараптаманы ықшамдап назарларыңызға ұсынады.
Үй құрылысы немесе жөндеу жұмыстары кезінде ең бірінші мәселе құрылыс материалдарының бағасына келіп тіреледі. Бұл тұста жеке және коммерциялық құрылыс кезінде жиі қолданылатын материалдарды таңдалды.
Сараптау үшін хабарландыру сайттары мен құрылыс компанияларының парақшаларындағы бағалар негізге алынған.
Ең қымбат қалалар:
Ең жоғары баға Қостанайда болып шықты. Мұнда 500 дана кірпіш бағасы – 67 500 теңге. Ал бетонның текше метрі 32 650 теңге тұрады. Бір центнер арматура құны – 31 000 теңге, ал 10 ағаш білеу 45 000, жылу ұстайтын мақта 68 000 теңге. Мамандар мұның себебін логистика және сұранысқа байланысты деп отыр. Қажетті сома - 244 150 теңге.
Қазақстанның өндірісті астанасы саналатын Қарағандыда да баға жоғары. Мұнда құрылыс материалына сұраныс жоғары, бағасы да көңіл көншітпей тұр. Кірпіш бағасы еліміз бойынша ең қымбат, яғни, 500 данасы орта есеппен 75 000 теңге тұрады. Ал арматура ең арзан, 100 келісінің бағасы – 28 900 теңге. Ал өзге қалаларда арматура кем дегенде 30 000 теңге тұрады.
Өскеменде арматура мен ағаш қымбат. Тізім бойынша таңдалған құрылыс материалдарының құны мұнда 237 700 теңгеге шықты.
Қымбат құрылыс материалдары.
Еліміз бойынша ең қымбат бетон Атырау қаласында болып шықты. Мұнда текше метрі 35 400 теңгеге сатылып жатыр. Сонымен бірге бұл өңірде ағаш та қымбат.
Ал Алматыда бетон бағасы арзан. Мұнда текше метрі 14 350 теңге тұрады. Бірақ бұл қалада кірпіш пен арматура қымбат. Сонымен бірге еліміз бойынша ең қымбат жылу ұстайтын мақта Алматыда сатылады. Мұнда 10 данасы салынған бір бумасы 69 500 теңге тұрады.
Шымкентте кірпіш бағасы қымбат. Ал бетон мен арматура бағасы өзге өңірлерге қарағанда орташа болып тұр.
Жезқазғанда бетон бағасы арзан. Бірақ кірпіш пен ағаш көршілес өңірлерге қарағанда қымбат болып шықты.
Еліміз бойынша орташа баға:
Ақтөбеде 500 дана кірпіш орта есеппен 63 000 теңгеге сатылып жатыр. Есесіне мұнда бетон мен арматура бағасы төмен.
Көкшетауда жылу ұстайтын мақта бағасы қолжетімді. Ал арматура, кірпіш пен бетон бағасы төмен. Дегенмен мұнда 10 дана ағаш 64 000 теңге тұрады. Бұл баға өзге өңірлерге қарағанда жоғары деген сөз.
Семейде ағаш бағасы төмен. 10 данасы 44 800 теңге тұрады. Бірақ кірпіш бағасы жоғары.
Талдықорғанда кірпіш бағасы жоғары, ал өзге құрылыс материалдарының құны төмен.
Орташа бағадан төмен:
Еліміз бойынша ең қымбат арматура Түркістан қаласында болып шықты. Мұнда центнері 52 000 теңге тұрады. Ал 500 дана кірпіш құны 31 250 теңге тұрады. Бұл арзан.
Бір қызығы Астанада баға өзге өңірлерге қарағанда төмен. Мұнда сұраныс жоғары, бірақ логистика жақсы жолға қойылған. Ағаш қымбат болғанымен, өзге құрылыс материалдарының құны орташа. Ал жылу ұстайтын мақта басқа өңірлерге қарағанда арзан.
Ақтауда кірпіш пен бетон арзан, ал өзге құрылыс материалдарының орташа бағасы қалтаға салмақ түсіреді.
Петропавлда кірпіш бағасы арзан, бірақ бетон қымбат.
Павлодарда бетон арзан, бірақ ағаш қымбат.
Құрылыс материалдары ең арзан өңірлер:
Оралда ағаш арзан, өзге құрылыс материалдарының құны да орташа бағадан төмен. Тізімде көрсетілген құрылыс материалдарын 184 700 теңгеге сатып алуға болады.
Қызылордада кірпіш пен бетон бағасы қолжетімді, ал арматура құны орташа бағадан жоғары. Мұнда жылу ұстайтын мақта бағасы 35 000 теңге тұрады. Жалпы тізімде көрсетілген құрылыс материалдарын 177 700 теңге сатып алады.
Таразда кірпіш пен бетон құны төмен, ал өзге құрылыс материалдарының орташа құны жоғары болып тұр. Жалпы құны - 176 950 теңге.
Ал ең арзан құрылыс материалдары Қонаев қаласында. Мұнда барлық құрылыс материалы қолжетімді. Тізімде таңдалғанын қоса есептегенде 173 700 теңгеге шығып тұр.
Фото: uralskweek.kz