Желіде науқастарымен еркін тіл табысу үшін қазақ тілін меңгерген уролог Ростислав Фролов туралы видео кеңінен талқыланып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Дәрігердің айтуынша, қазақ тілін үйренуге кәсіби қажеттілік себеп болған. Бір күні қабылдауына орыс тілін мүлде білмейтін науқас келген соң, ол алдымен қарапайым сөз тіркестерін меңгеруге кіріседі. Уақыт өте келе сөздік қорын кеңейтіп, қазақша еркінірек сөйлей бастаған.
Фролов қазақ тілі тек жұмыста ғана емес, күнделікті өмірде де адамдармен шынайы байланыс орнатуға көмектесетінін айтады.
"Дүкенде болсын, көшеде болсын, қазақша "Қанша тұрады?" деп сұрасам, адамдар жымиып кетеді. Өзара түсіністік пайда болады. Ең бастысы – түсінікті тілде сөйлесу", – деді ол.
Сондай-ақ дәрігер әр науқасқа жеке бейімделіп, жайлы атмосфера қалыптастыруға тырысатынын жеткізді.
"Кейбіріне "сен" деп сөйлескен ыңғайлы екенін байқасам, соған қарай икемделемін", – дейді ол.
Желі қолданушылары дәрігердің бұл қадамын жоғары бағалап, оның кәсібилігіне, науқастарға деген құрметіне және қазақ тілі мен мәдениетіне шынайы ықыласына тәнті болғандарын жазуда.
"Өте қарапайым, нағыз дәрігер", "Істеп жүріп үйренуге болады", "Отанды, жұмысты сүю деген – осы", – деген пікірлер көптеп қалдырылды.