"Азат" қозғалысының жарғысы: Тәуелсіздік алмай тұрғандағы Қазақ Республикасы
Биыл еліміздің тарихында өзіндік орны бар, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде демократия құндылықтарын орнықтыру, ұлттық мемлекет құру жолында үлкен қызмет атқарған Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының құрылғанына 30 жыл толды.
2007 жылы з.ғ.д., профессор Сәкен Өзбекұлының жетекшілігімен «Қазақстанның саяси және құқықтық ілімдер тарихындағы Азат қозғалысының орны және ролі (тарихи-теориялық зерттеу)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған едім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары республика көлемінде үлкен беделге ие болып, халықтың басын біріктіре алған және ең алғашқы оппозициялық саяси ұйым ретінде қалыптасқан «Азат» қозғалысының сол кезеңде қызмет атқарған өзге саяси ұйымдардан идеялық, ұстанымдық тұрғыдан көп ерекшелігі болды. «Азат» қозғалысы ұзақ уақыт бойы күн тәртібіне көтерілмеген ұлттық мәселелерді алға тартты, тіл, жер, діл, ұлттық мүдде бойынша ашық талаптар қоя білген және өз тарапынан ұсынылған идеяларды құжаттармен нақтылап, мәселелерді шешу жолдарын көрсете білген салиқалы саяси ұйым болды. «Азат» ұсынған идеялар бүгінгі күні де өз өзектілігін жойған жоқ, көптеген саяси ұйымдардың көтеріп жүрген мәселелері осыдан отыз жыл бұрын «Азат» қозғалысы тарапынан көтерілген еді. Өкінішке орай, сол мәселелер бүгін де шешімін таппай келеді. «Азат» қозғалысы еліміздегі ең алғашқы бейбіт шерулерді, наразылық акцияларын ұйымдастырып, билікке талап қоюдың өркениетті үлгілерін де негіздеген болатын. Әрине, қазақ елінің тарихында Алаш партиясынан кейін бүкілхалықтық қолдауға ие болып, мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді көтерген, өз тарапынан маңызды құжаттар жобаларын ұсына білген Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының бүгінгі күні өз дәрежесінде бағаланбауы көңіл қынжылтады. Дегенмен, Қазақстанның тарихында «Азат» қозғалысының болғаны, ол ұсынған идеялардың өміршеңдігі ақиқат.
Бүгін сіздердің назарларыңызға «Азат» қозғалысы жайлы қозғалыстың жарғылық құжаттары туралы аздаған үзінді ұсынғым келеді.
[caption id="attachment_6752" align="alignleft" width="300"] Құқықтанушы Е.Өміржанов.[/caption]
1990 жылдың мамыр айында Азат қозғалысының ұйымдастыру комитеті құрылып, өз жұмысын бастады. Құрылтай 1990 жылдың 30 маусым мен 1 шілдеде Алматыда, Қазақстан Жазушылар одағының мәжіліс залында өтті. Оған республиканың тоғыз облысынан, қырық бейресми топтар мен ұйымдардан 400-ге жуық делегат қатысты. Құрылтайға Өзбекстанның, Қырғызстанның, Әзірбайжанның және Москва қаласының демократиялық күштерінің өкілдері қатысып сөз сөйледі. Құрылтайдың күн тәртібі бойынша келесі мәселелер қарастырылды: а) Республикадағы сол кездегі жағдай және Қазақстанның азаматтық Азат азаматтық қозғалысының бағдарламалық міндеттері; ә) Қазақстанның Азат азаматтық қозғалысының жарғысының жобасы; б) Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация жобасы; в) Қазақстанның Азат азаматтық қозғалысының басшы органдарын сайлау. Күн тәртібіндегі мәселелердің барлығы да құрылтай барысында талқыланып, нақты шешімдер қабылданып, қозғалыстың басшы органдары сайланды. Мұнда қозғалысты алқалық басқаруды негіздейтін тең төрағалық институты енгізіліп, қозғалыстың жеті тең төрағасы сайланды, олар: Михаил Иванұлы Есенәлиев, Сәбетқазы Ақатаев, Марат Шорманов, Нұрбақыт Қойшыбеков, Евгений Головастиков, Гүлжаһан Биболсынова және Сайын Шапағатов еді. Сонымен қатар қозғалыстың ақсақалдар алқасы да көпшілікпен сайланды, оның құрамына Жағда Бабалықов, Камал Ормантаев, Әмина Нұғыманова, Мардан Байділдаев және Мақаш Тәтімов төраға болып кірді. Құрамы 33 адамнан тұратын Үйлестіру кеңесі құрылды және «Азат» газетінің редакциялық алқасы мен Тексеру комиссиясы сайланды. Аталмыш құрылтайда Азат азаматтық қозғалысының Қазақстан азаматтарына үндеуі қабылданды. Үндеуде өздерінің басты мақсаттарын ашып көрсетті, олар мыналар болатын:
- халықаралық одақтық шартпен біріккен, ерікті де тәуелсіз жаңа қоғамдастық шеңберінде Қазақстанның шынайы егемендігіне қол жеткізу;
- республиканың өзінің ұлттық байлығына өзі даусыз иелік ету құқығы;
- ұлттық және әлеуметтік белгісіне, саяси және діни сеніміне қарамастан адамды қадірлеп құрметтейтін құқықтық демократиялық мемлекет құру үшін күресу;
- зорлық-зомбылықты, өкіметке монополиялық билікке қарсы тұру және өз қызметтерін конституциялық институттар арқылы еркін идеялардың бәсекелестігі арқылы жүзеге асыру;
- Қазақстанның күллі азаматтарын ұлтаралық араздық тудыратын арандатуларға жол бермеуге, Азат қозғалысының беделін түсіруге тырысқан күштерге батыл тойтарыс беруге шақыру.
Екі күнге созылған осынау қозғалыстың алғашқы құрылтайына сол кезеңдегі ақпарат құралдарының өкілдері де көптеп қатысқан болатын. Қозғалыстың ұстанымдарындағы айқын ұлттық бағыт, оның езілген қазақ халқының өзін-өзі басқару құқығы жолында қызмет етуді мақсат етіп қоюы көптеген партиялық басылымдар тарапынан түсінушілікке ие бола алмады. Сонымен қатар қозғалыс ең алғаш болып конфедерациялық негізде одаққа мүше болуды ұсынды. Бұл сол кезеңдегі Қазақстанның Компартиясының ұстанған жаңарған федерациялық одаққа бірігу идеясына мүлде кереғар еді. Азат қозғалысы құрылған уақыттан бастап өзгелерге жалтақтамай өз алдына қойған мақсаттар мен міндеттерді дербес жүзеге асырумен болды.
Құрылтай конференциясында қабылданған қозғалыс бағдарламасы мен жарғысы - сол кезеңде орын алған саяси жағдайға қарай қозғалыс мүшелерінің жас қазақ мемлекетіне өз үлестерін қосу үшін қабылдаған алғашқы демократияшыл бағыттағы құжаттары.
Бағдарламаның «Жалпы жәйттар» деп аталатын алғашқы бөлімінде келесідей келелі мәселелер қамтылады:
- Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысы - дербес, өзін-өзі басқаратын бұқаралық әлеуметтік саяси ұйым. Қозғалыс Қазақстан жерінде гуманистік, әлеуметтік және тарихи – ұлттық әділеттілікті мақсат тұтатын, бейбітшілік сүйгіш, иманжүзді, қазіргі дәуірге сай демократиялық тәуелсіз мемлекет орнату жолында күресетін саяси партиялар мен бейресми топтардың, ерікті одақтар мен ұлттық – мәдени орталықтардың, әлеуметтік-саяси қоғамдар, отандық күштер мен жеке азаматтардың басын біріктіреді. Ондай дербес мемлекеттің аты – Қазақ Республикасы болуға тиіс. Азат қозғалысы өзінің қимыл-әрекетін Қазақ Республикасы Конституциясы негізінде жүзеге асырады.
- Азат қозғалысы өзінің мақсаты мен міндеттерін орындау жолында саяси партиялармен, басқа да діни-қоғамдық ұйымдармен, мемлекеттік және совет органдарымен тізе қосып, тығыз байланыста жүргізеді.
- Халықаралық одақтық шартпен біріккен, еркін тәуелсіз мемлекеттердің ынтымақтастығы аясында Қазақстанның мемлекеттік егемендігін алуын Азат қозғалысы өзінің басты мақсаты санайды.
- Азат қозғалысының қоғам алдына қоятын талаптары:
- өзін-өзі басқаратын нақты халық өкіметі құрылсын, Қазақстанның жаңа Конституциясы жан-жақты талқылаудан өтіп қабылдансын, территориялық біртұтас бүтіндікті қамтамасыз ете отырып, халықтардың ұлттық, әлеуметтік, саяси және діни сенімділік тәуелсіздігіне қарамай, республика азаматтарының тұрмыс жағдайы жоғары болуын және тең праволық мүмкіндігін қамтамасыз ететін миграция, азаматтық, меншік туралы Заңдары қабылдансын;
- заң шығаратын, атқару және сот жүйесі ажыратылу негізінде көп салалы нарық экономикалы, демократиялық, көп партиялы қоғам мен шаруашылықтың барша меншік түрінің тең праволылығы орнықсын, Қазақстан халықаралық еңбек бөлінісіне аралассын;
- азаматтардың жұмыссыздықтан, инфляциядан, заттарға баға көтеруден әлеуметтік өтімділігі қорғалсын;
- қоғамның өнегелі қозғалысы, жалпы адамгершілік принципінің приоритеті, қазақ ұлтының, сондай-ақ республиканы мекендейтін басқа ұлттық топтардың рухани-тарихи байлықтары терең зерттеліп, халық игілігіне айналсын.
Тоқтала кетуді талап ететін мәселе ол қозғалыстың өз қызметін жеке дара емес қоғамның барлық мүшелерімен тізе қосып, біріге атқаруды мақсат етуі. Біз бұл жерден қозғалыстың бастапқы кезден көздеген мақсатының бүкіл Қазақстан азаматтарын өз қатарына тарту арқылы кеңестік орныққан қатаң тәртіпті жаңаша бағытпен бірлесе отырып өзгертуді, кеңестік мемлекеттік органдармен ортақ ымыраға келу арқылы келелі мәселелерді шешуді көздегенін аңғарамыз.
Қозғалыс жарғысы ұзақ уақыт бойы жан-жақты, түбірлі түрде дайындалған салмақты құжат еді. Құжаттың алғашқы екі бөлімінде Азат қозғалысының қандай және қай мақсатта құрылған ұйым екендігіне және ұйымның негізгі алға қойған мақсаттарының қандай екендігіне жауап табуға болады. Мұнда орын алған жәйттер қозғалыстың бағдарламасының мазмұнымен қабысып жатыр. Ал аталған құжаттың «Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының қимыл-әрекетінің негізгі амалдары мен тәсілдері» деп аталатын екінші бөлімі келесідей мәтінде беріледі:
Азат қозғалысы өзінің алға қойған мақсаттары мен міндеттерін орындау жолында әртүрлі амалдары мен тәсілдерін ұстанады, соның ішінде:
- мемлекеттік билеу және басқару орындарын қалыптастыруға белсене қатысу, сайлау комиссияларына өз өкілдерін жіберу, қозғалыс атынан депутаттыққа ұсынылған кандидаттарға моральдық, құқықтық, ұйымдастырушылық жәрдем көрсету;
- Азат қозғалысы жарғысының міндеттерінен туындайтын заң шығарушылық ынта ретінде мемлекеттік билеу органдары үшін заң жобаларының нұсқаларын даярлап, оларды ұсыну;
- жарияланған заң жобалары мен нормативті актілерді талқылауға белсенді араласып, оларға байланысты ұстанған өз көзқарасын белгілеу;
- азаматтық ынта көрсету ісімен өз тарапынан болған қимыл іс-әрекетті жан-жақты қолдау және олардан үйренген нақты тәжірибені таратумен айналысу. Әлеумет назарын аймақтық мәселелерге, Қазақстан азаматтарының заң, құқық пен бостандық кепілдіктерінің бұзылуына аударып, зардап шеккендерге қолдан келгенше көмек көрсетіп, барынша қолдау;
- мемлекет пен басқа да билеуші органдарда өз мүшелерінің мүддесін қорғау;
- әлеуметтік пікірді анықтау үшін сұрақ қою, республикалық және жергілікті референдумдарда талқылауға арналған маңызды мәселелер ұсыну;
- жиналыстар, митингілер мен шерулер ұйымдастыру, наразы тосқауылдар қою, қол қойылған тізім мен қаржы жинау, ұлттық еске түсіру күндері мен мерекелерін өткізу;
- халықтың сенімін ақтамаған жауапты лауазымды адамдарды жұмысынан босату және жауапқа тарту, депутаттарды кері шақыру туралы мәселе қою;
- нақтылы мәселер бойынша зерттеу жүргізу үшін ғылыми-сарапшы топтар, кәсіпорындар құру, әртүрлі орталықтар ашу, баспасөз мекемелерін ұйымдастыру;
- демократиялық ұйымдармен, қозғалыстармен ортақ акциялар өткізу.
Қозғалыс жарғысының үшінші бөлімі оның мүшелерінің құқықтары мен міндеттеріне арналған. Жарғы талаптарына сәйкес, Азат қозғалысы жеке және ұжымдық мүшелерінің еркін тепе-теңдігі, өзін-өзі басқаруы, құрама құрылымдық жүйе мен іс-әрекеттерінің жариялылығы негізінде қалыптасады. Азат қозғалысына 17 жасқа толған, қозғалыс жарғысы мен бағдарламалық қағидаларын мақұлдап, өз қимыл-әрекеттері арқылы қозғалыстың мақсаттары мен міндеттерін орындауға тілек білдіре білген Қазақстанның кез-келген азаматы дербес мүше бола алады. Мүшелікке қабылдауда ұлтына, нәсіліне, саяси яки діни көзқарастарына орай шек қойылмайды.
Жалпы қозғалыс мүшесінің құқықтық мүмкіншіліктері келесідей:
өзінің немесе басқаның кандидатурасын сайлау орындарына ұсыну және сайлау; мәселені ашық талқылап, өз пікірін білдіруге, оны қорғауға, қозғалыс жұмыстарына қатысты кемшіліктерді сынға алуға; өзі келіспейтін мәселелерді Қозғалыстың жоғарғы органдарына талап етіп қойып, наразылық білдіруіне және оған жауап алуына; қозғалыс атынан ұйымдастырылған қимыл-әрекеттерге өз еркімен қатысуға; қозғалыс мүшесінің өкілеттігі болған жағдайда ұйым атынан пікір білдіруге; қажет болған жағдайда қозғалыс мүшесі өзінің бастауыш ұйымынан шығып, сол ұйымның келісімімен қозғалыстың жаңа бастауыш ұйымын құруына; қозғалыстан шығуға тілек білдірушілердің еш бөгетсіз шығып кетуіне құқығы бар, ондай жағдайда бастауыш ұйымы ескертілуі шарт; қозғалыс мүшесі өз мүддесін, азаматтық құқығын қорғау мақсатымен қозғалыс ұйымына арыздануына, осы мақсатпен Азат қозғалысының саяси, құқықтық, ұйымдастырушылық және қаржы мүмкіндіктерін пайдалануына; қозғалыстың конституциялық негізіне, бағдарлама мақсатына және жарғысына қайшы келмейтін басқа ұйымдарға да мүше болуына құқы бар. Сонымен қатар қозғалыс өз құрамына өзге де саяси ұйымдарды тарту мақсатымен ұжымдық мүшелікті де жақтайды. Азаттың ұжымдық мүшелігіне республиканың кез-келген бейресми, қоғамдық немесе басқа да бірлестіктері, ұйымдары мен мекемелері қабылданады, бұл ұйымдардың Қазақстанның азаматтық қозғалысының бағдарламасы мен жарғысын мақұлдап, өздерінің қимыл-әрекеттері арқылы қозғалыстың мақсаттары мен міндеттерін орындауға жұмылып, жарнасын мезгілінде төлеп отыруы шарт. Осы тармақшаға сәйкес Азат құрамына көптеген сол кездері республика аумағында әртүрлі мәселелер бойынша құрылып, тіркелмеген бейресми ұйымдар толығымен немесе кейбірінің жекелеген мүшелері кірген болатын. Атап айтсақ, «Шаңырақ», «Әділет», «Парасат», «Мұсылман әйелдері лигасы», «Невада-Семей», «Социал-демократиялық партия», «Қазақ тілі», «Жерұйық» және т.б. Бұл өз кезегінде «Азаттың» республикадағы саяси-құқықтық ой-пікірлердің ұйытқысына айналуына себебін тигізді.
Төртінші бөлім қозғалыстың ұйымдық құрылымына арналған, осы бөлім ережелеріне сәйкес бастауыш ұйымдар мен қолдау топтары қозғалыстың негізі болып табылады. Ал бастауыш ұйым немесе қолдау тобын құру үшін кем дегенде үш адамның бірігуі қажет, сонымен қатар олар өзара келісім бойынша дербес түрде жұмыстық, құрылымдық, кадр және қаржы мәселелерін шешуде шешім қабылдады. Бұл ұйымдардың жоғарғы органы олардың жалпы жиналысы болып табылады. Жалпы жиналыс өз кезегінде басқару органын, үйлестіру кеңесін, қазынашыны сайлайды.
Бесінші бөлім «Ұйымдық бірлестіктер» деп аталады. Жарғы талаптарына сәйкес кем дегенде бес бастауыш ұйым немесе ұжымдық қатысушылар жұмыстарын үйлестіру мақсатында ұйымдық бірлестік құра алады. Ұйымдық бірлестіктер аудандық, қалалық, облыстық бөлімшелерге бөлінеді және олардың орталық органдары болып конференциялар, Үйлестіру кеңестері табылады.
Алтыншы бөлімде қозғалыстың орталық органдарының құқықтық мәртебесі айқындалады. Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының орталық органдары болып: Азат қозғалысының съезі, Үйлестіру кеңесі, Тергеу-Бақылау комитеті, қозғалыстың Ақсақалдар кеңесі, қозғалыстың орталық баспа органы «Азат» газеті табылады. Қозғалыстың орталық органы - съезд, кезекті съезді ең кем дегенде жылына бір рет Үйлестіру кеңесі шақырады. Оның уәкілдік нормасын қозғалыстың Үйлестіру кеңесі белгілейді. Төтенше съездер Үйлестіру кеңесінің бастамасымен немесе бастауыш ұйымдардың кем дегенде үштен бірінің талабы бойынша бір ай мерзімде шақырылады. Тұрақты жұмыс істейтін орталық органдардың сайлауы жасырын дауыс беру арқылы жүргізіледі, әрбір сайлаушы жасырын дауыс беру бюллетеніне кандидаттардың кез-келген санын қалдыруға құқылы. Ал өзгелерден көбірек дауыс алғандар сайлауда жеңіп шығады. Олардың сандық құрамы алдын-ала ашық сайлау арқылы белгіленеді. Қозғалыстың Үйлестіру кеңесі съездер арасындағы кезеңде шешуші орган болып табылады. Азаттың Үйлестіру кеңесінің мүшелерінің тең жартысын съезд сайлайды, ал қалған бөлімін облыстық бөлімшелердің толық уәкілетті өкілдері немесе съезд белгілеген тәртіп бойынша делегат болып сайланғандар немесе конференцияда сайланғандар, республикалық дәрежедегі ұжымдық қатысушылар құрайды. Қозғалыстың Үйлестіру кеңесінің мәжілісі оның бастамасы бойынша, қажеттілігіне орай, ең кем дегенде үш айда бір рет шақырылады. Мәжіліске Үйлестіру кеңесі мүшелерінің жартысынан көбі қатысқан жағдайда мәжіліс толық өкілетті болып танылады және оның шешімдері көпшіліктің дауыс беруі арқылы қабылданады. Үйлестіру кеңесінің мәжілістері аралығындағы кезеңде қозғалыс қызметіндегі өтпелі үйлестіру мен ұйымдастыруды Азат атқару комитеті жүзеге асырады. Ал атқару комитетін Үйлестіру кеңесі сайлайды. Атқару комитеті өз кезегінде Үйлестіру кеңесінің тұрақты іскер органы болып табылады және өз мәжілістерін қажет жағдайда аптасына бір рет өткізеді. Оның мүшелері қабылданған шешімдер мен бағдарламалық-жарғылық құжаттардағы арнаулы өкілетсіз-ақ қозғалыс атынан сөйлеуге құқылы. Съездер аралығында органдардың, мекемелердің, кәсіпорындардың қызметіне Тергеу-бақылау комитеті бақылау жасайды. Оны съезд құрады және ол өз қызметі туралы тек қана қозғалыс съезіне есеп беретін тұрақты бақылау органы болып табылады. Азаттың Ақсақалдар кеңесін қозғалыс съезі сайлайды, әрі ол тұрақты жұмыс істейтін қазылық орган болып табылады және де өз қызметі жөнінде тек съезге ғана есеп береді. Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысына тиісті мекемелерге, кәсіпорындарға басшылық жасау және күнделікті шаруашылық қызметі үшін қозғалыстың шаруашылық орталығы ұрылады. Оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін Үйлестіру кеңесінің атқару комитеті белгілейді. Ал қазақ және орыс тілдерінде шығатын «Азат» газеті қозғалыстың орталық баспа органы болып табылады. Осы бөлімде аталған қозғалыстың орталық органдарының атқаратын міндеттері толықтай белгіленген. Мұнан қозғалыстың шынында да республиканың барлық түкпір-түкпірін қамтитын үлкен саяси ұйымға айналуға ұмтылысын байқауға болады. Бұл өз кезегінде қозғалыстың мемлекеттік билікке өз ықпалын тигізуге әу бастан-ақ мүдделі болғандығын нақтылай түседі. Сондай-ақ нақты белгіленген ереже бойынша қозғалыстың барлық қызметінің нақтылануы оның жұмысының да жер-жерде тез қарқынмен жандануына ықпал етті. Қозғалыс бүкіл республика көлемінде өз бөлімшелері арқылы жұмысын жандандырып отырды, әсіресе жергілікті жерлерде халық арасында үлкен қолдауға ие болды. Қозғалыстың бір жылдық іс-әрекетінің нәтижесінде оның он жеті облыстық, жүзден аса аудандық, 1000-ға жуық бастауыш ұйымдары құрылды.
Тіпті, мемлекетіміздің аумағынан тыс жерлердегі қазақ диаспорасы мекендейтін аумақтарда, сондай-ақ Ленинград, Москва қалаларында, Эстонияда, Түркия мен Монғолияда қозғалыс ұйымдарының ашылғандығын да атап өтуге болады. Республикадағы Азат қозғалысының халық алдында беделінің өсіп, оның Компартияға балама ұйым ретінде танылуы жайлы С.Т. Сейдуманов келтірген дерекке сүйенсек, халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі халықтың тек екі партияны – Компратия мен Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысын қолдайтындығын көрсеткен болатын.
Қозғалыстың баспа органы «Азат» газетін жер-жердегі қазақ тілінде шығатын газеттер қолдап, ол туралы хабарламаларды жариялап, жаңа газетке жазылуды жарнамалаған болатын. Онда газеттің мақсаты мен ерекшеліктері нақты көрсетілді, сондай хабарламаның бірінде «Тәуелсіз саяси «Азат» газеті бүгінгі саяси өмірге батыл араласу, ағымдағы мәселелерге өзіндік баға беруді мансұқ етеді. «Азат» бүкіл қазақ халқының үні болу жолында күресіп отыр. Ондағы мақсат – қазақ еліндегі ғана емес, бүкіл Одақты мекен ететін, сондай-ақ дүние жүзінің төрт бұрышына тарыдай шашылып жатқан қазақ бауырларымыздың көкірегін кернеген арман-тілегін жария ету. Расында да «Азат» газеті қозғалыстың ұстанған бағытын насихаттайтын, Азат ұстанған идеологиялық бағыттың жаршысы бола білді және қозғалыстың жергілікті жерлердегі жандана қызмет жасауына өз ықпалын тигізді.
Қозғалыс жарғысының соңғы жетінші бөлімі «Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының мүлкі, қаржысы және құқықтық мәртебесі» деп аталады. Аталған бөлім ережелеріне сәйкес қозғалыстың Үйлестіру кеңесінің атқару комитеті, оның аумақтық және шаруашылық орталықтары, мекемелері мен кәсіпорындары заңды мүлікке ие болады. Қозғалыстың Үйлестіру кеңесінің шешімі бойынша оның ұйымдары халық депутаттары жергілікті Советтеріне тіркелгеннен кейін заңды негіздегі мәртебеге ие болады. Қозғалыстың қаржы қоры мүшелікке өтер алдындағы және мүшелік жарналардан, баспа және шаруашылық қызметінен түскен кірістен, еркін жарналардан құрылады. Қозғалыстың заңдастырылған органдары мен мекемелерінің өз мөрі, штампы, бланкі қағаздары, көптеген басқа да реквизиттері болады және өз қаржысын банкте ашқан есеп айырысу счетінде сақтайды. Жарнадан жиналған қаржының жартысы бастауыш ұйымдарға қалдырылады, 30 пайызы аудандық, қалалық, облыстық бөлімшелерге беріледі, 20 пайызы Азаттың Үйлестіру кеңесі атқару комитетінің есебіне аударылады. Болашақта мүшелік жарнадан түскен бүкіл қаржы бастауыш ұйымда қалдырылуға тиіс. Қозғалыстың өз туы, жалауы, значоктары мен эмлемалары және т.б. белгілері болады.
1991 жылдың жазында Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесі «ҚазССР-дегі қоғамдық ұйымдар туралы» заңын қабылдайды. Осы заңның орындалу барысы жайлы 6 ақпан 1992 жылы ҚР Әділет министрлігінің алқасының кеңейтілген мәжілісінде М.М.Амирова баяндама жасап, онда 1 қыркүйек 1991 жылдан бастап «Қазақ ССР-дегі қоғамдық ұйымдар туралы» заңға сәйкес қоғамдық және діни ұйымдарды тіркеу жұмыстарының басталғанын, қоғамдық ұйымдардың тіркелуге көптеп ықылас танытып отырғанын, 250-ден артық қоғамдық ұйымдардың 400-ге жуық өкілдерінің кеңес сұрап келгендігін және облыстардан қорытынды алу үшін 26 қоғамдық ұйымның жарғысы келіп түскендігін мысал ретінде келтіреді. Осы заң талаптарына сай 5 қазан 1991 жылы Азат қозғалысының 1 съезінде қозғалыстың жарғысы орын алған жағдайларға орай енгізілген өзгертулер мен толықтырулардан соң қайта қабылданды. Бұл өз кезегінде қозғалыстың республика заңдарына құрметпен қарап, сол заңдар шеңберінде қызмет жасау арқылы өз мақсаттарына жетуді көксегендігінің дәлелі бола алады.
Жаңа жарғының басты ерекшелігі онда бұрын қабылданған жарғыдағы төртінші және бесінші бөлімдер біріктіріліп Азаттың ұйымдық құрылымы ретінде берілген, яғни жарғы құрылымы жағынан бір бөлімге кеміген. Сонымен қатар қозғалыстың басқару жүйесіне де өзгерістер енгізілген, ендігі жерде қозғалыстың орталық органдарына қозғалыстың съезі, Үйлестіру кеңесі, Басқармасы, Тексеру комитеті, Ақсақалдар алқасы, қозғалыстың орталық баспа органы – «Азат» газеті кіреді. Съездің шақырылу мерзімі кем дегенде 2 жылда бір ретке өзгертілген. Тағы бір енгізілген жаңалық ретінде Үйлестіру кеңесінің құрамының айқындалғанын айтуға болады, жаңа жарғы бойынша оның құрамы:
1) қозғалыстың төрағасы мен орынбасарлары;
2) облыстық бөлімшелердің өкілдері;
3) «Азат» газетінің бас редакторы;
4) Ақсақалдар алқасының төрағасы;
5) Қозғалысқа ұжымдық мүше болып кірген саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері. Байқағанымыздай, қозғалыстың бір жылдық жұмысының нәтижесінде құрамының толығып, әр облыста бөлімшелерінің ашылуы, тіпті кейбір бейресми ұйымдардың қозғалыс құрамына бірігуі оның Үйлестіру кеңесінің құрамын нақтылауына мүмкіндік туғызған. Тағы бір ескеретін жайт, ол осы съезде тең төрағалық институты жойылып, тек М.И. Есеналив төраға, ал оның бірінші орынбасары болып Ж. Қуанышалин, ал орынбасарлары болып С. Ақатаев пен Д. Көшім сайланған болатын. Жаңа жарғы бойынша Үйлестіру кеңесінің атқару комитеті қозғалыс басқармасы болып аталып, оның атқаратын міндеттері нақтыланған. Сонымен қатар осы мәтінде Азат қозғалысының ішінен пайда болған жаңа ұйымдық құрылымдар, саяси партияларға ешқандай ерекше құқық берілмейтіндігі, олардың өз құрылымдары мен қаржы дербестігі, өзінің есеп-шоты болатындығы белгіленген. Алғашқы жарғыда мүшелік жарна мөлшері көрсетілсе (тоқсан сайын 3 сом) жаңа жарғыда мүшелік жарна мөлшерін белгілеуді әр облыстық бөлімше құзырына қалдырған.
«Азат» қозғалысының бағдарламалық құжаттарының мазмұнынан оның қандай мақсатта жұмыс істегенін көре аламыз. Қозғалыс еліміз тәуелсіздігін алмаған уақыттарда сол тәуелсіздік жолында күрес жүргізіп, алдына қойған мақсаттарға жету жолында халықтың басын біріктіре алғандығымен де ерекшеленеді. Аз уақыттың ішінде халықтың ықыласына бөленіп, сол кездегі Коммунистік партияға бәсекелес саяси ұйымға айналған «Азат» қозғалысының сол кезеңдегі ұлттық сананың көтерілуіне, биліктің ұлт мүддесімен санаса отырып шешім қабылдауына ықпалы зор болды. «Азат» қозғалысы тарапынан ұсынылған саяси маңызы бар құжаттар, үндеулер, Констиуция жобасы және онда ұсынылған саяси-құқықтық идеялар әлі де өзектілігін жоя қойған жоқ. Сондықтан, «Азат» қозғалысы әлі де ғылыми зерттеулердің объектісі ретінде зерттелуі қажет. «Азат» қозғалысы ұсынған прогрессивтік идеялар халық жадынан өшпек емес.
Есбол ӨМІРЖАНОВ, құқықтанушы