Нұр-Сұлтан әкімдігі халықтан қашып жүр ме?
Нұр-Сұлтан әкімдігі қоғамдық тыңдау өткізудің орнына аты шулы «Поколение» тұрғынүй кешенінің құрылысын жалғастыруда.
Бүгін елордада Есіл ауданының халқы баспасөз мәслихатын өткізіп, үш ауысыммен оқып жатқан №59 мектептің қасынан салынып жатқан «Поколение» тұрғынүй кешенінің құрылысына қарсылықтарын білдірді.
Құрылысқа қарсы бастамашыл топ өкілдерінің сөзінше, әкім орынбасары Н. Нұркенов халықпен қоғамдық тыңдау өткізуге уәде берген. Бірақ ондай ешнәрсе болмаған. Оның есесіне, қаңтардың 10-ынан бастап тұрғынүй құрылысы қайта жалғасқан.
Бастамашыл топ өкілі Олжас Біләловтың сөзінше, осы уақытқа дейін премьер-министрден бастап, қала әкімдігіне дейін 101 рет арыз-шағым жасаған. Бірақ әзірге одан ешқандай нәтиже жоқ.
«Депутаттық сауалға премьер-министр Асқар Мәмин жауап берді. Онда ол: «Алдағы уақытта Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі құрылыс жоспарына бірінші, құрылысқа, екінші халықтың көзқарасына қарай түзетулер енгізеді», - деді. Бірақ құрылыстың уақытша тоқтауынан басқа ешқандай өзгеріс болған жоқ. Осыдан кейін біз қала әкіміне шағымдандық. Бізге әкімнің орынбасары Нұрлан Нұркенов: «Құрылыс жоспары өзгереді. Сіздер қоғамдық тыңдауға шақырыласыздар», - деп жауап берді. Біз тағы хат жолдадық. Оған архитектура және қалалық құрылыс басқармасының басшысы Нұрлан Телманұлы жауап қатты. Ол: «қазір аталмыш ауданда 1200 орындық мектеп пен алаң құрылысының жоспары қарастырылуда. Аталмыш өзгертулер мен толықтырулар енгізетін кезде сіздер шақырыласыздар», - деді. Біз қазір премьер-министр, қала әкімінің орынбасары және сәулет басқармасы басшыларының уәдесін күтіп отырмыз. Бірақ қазір құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Енді қоғамдық тыңдау өткізудің ешқандай мәні жоқ», - дейді Біләлов.
Бұған қоса, бастамашылқ топ өкілдерінің сөзінше, қала әкімі Алтай Көлгінов БАҚ-қа берген сұхбаттарында тұрғынүй құрылысынан бұрын, бірінші 1200 орындық мектеп салынады деген. Бірақ қазір мектеп болады деген жерде қойма орналасқан.
Есіл ауданының халқы «Поколение» тұрғынүй кешенінің құрылысына 1 жылдан бері қарсы шығуда. Олар 2020 жылдың қазан айында құрылысқа қарсы митинг те өткізген.