Президент әулие ме? Мал дәрігеріне президент портреті не керек?
«Президент әулие емес, халықтан биік тұлға емес». Бұл президент Қ.Тоқаевтың Түркістанда өткен құрылтайда айтқан сөзі.
Бірақ, президенттің портретіне келгенде мемлекеттік қызметшілер үшін Қ.Тоқаевтың жоғарыда айтқан сөзі түкке тұрмайды екен. Телеграмда «Путешествие по госзакупкам» атты арна бар. Бұл арна саяси тақырыпқа араласпайды. Тек тендер, яғни мемлекеттік тапсырыстар туралы шолу жасап отырады. Осы арнаның жазуынша, мемлекеттік сатып алу ісінде ақылға симайтын дүниелер көп, соның бірі президенттің портретін сатып алудағы айлалар мен амалдар екен. Мәселен, көптеген мемлекеттік мекеме президенттің немесе басқа да тұлғалардың портреттерін мемлекеттік рәміздер деп сатып алады.
«Бірақ, президенттің портреті Қазақстанның мемлекеттік рәмізі емес. Түсінгенімізше мемлекеттік мекеме қызметкерлері - бірінші тұлғаның жеке басына табыну арқылы қазақстандықтардың патриоттық рухын өсіргісі келетін сияқты. Маусым айының басында елімізде Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті. Оларға, өздеріңіз білетіндей, Ту, Елтаңба және Әнұран (музыка да, мәтін де) жатады. Бірақ мемлекеттік мекемелер осы үш рәмізге президенттің портретін қосып қоятын болған. Өзіне ұнаса қосып қойсын, бірақ неге президент портретін сіз бен бізден алынған салықтың ақшасына алуы керек....» деп заңды сұрақ көтереді.
Сондай-ақ, жыл басынан бері Қасым-Жомарт Тоқаевтың портреті мемлекеттік тапсырыс алаңында қандай амалдармен сатып алынып жатқанына шолу жасап, оларды мазмұнына қарай 7 топқа бөліп шығыпты. Соңынан бастап, сипаттаған «Путешествие по госзакупкам» каналының материалын назарларыңызға ұсынамыз.
№7 Жоқ талаппен портрет сатып алу
Осындайлардың бірі - Алматы облысындағы Талғар медициналық колледжі. Жариялаған жарнамасында олар: «Қазақстан Республикасы Президентінің кадрдағы портреті» деп жазған. Айта кетелік, президенттің портретін сатып алушылардың басым көпшілігі жарнаманы осылай береді. Арнайы талаптар жоқ, 50х70 портрет үшін 20 мың теңге ұсынған. Дегенмен, бір нақты шарты бар. Онда Талғар мед колледжі портрет Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандартына сәйкес болуы керек деп жазған. Алайда, Қазақстан президенті портретінің мемлекеттік стандарты жоқ және болған да емес. Ол мемлекеттік рәміз емес, сондықтан мемлекеттік стандарттауға жатпайды. Алайда, Талғардың мед колледжі оны пысқырмапты.
№6 Ең арзан портрет
Тоқаевтың ең арзан портретін Шахтинск қаласының экономика және қаржы бөлімі сатып алыпты. Қарағанды облысындағы мемлекеттік мекеме қызметкерлері Тоқаевтың суретін сатып алуға небәрі 9 мың теңге жұмсаған және техникалық сипаттамасын қысқа да нұсқа берген. Онда: «Қазақстан Республикасы Президентінің портреті, өлшемі 50*70 см шыны астындағы багет» деп жазылған. Алайда Қызыларай ауылдық округі әкімінің аппараты президенттің суретін 8930 теңгеге сатып алмақшы екен, сондықтан рекорд жаңаруы мүмкін. Бірақ әзірге ең арзан портретті – Шахтинск алып отыр.
№5 Ең қымбат портрет
Ақтөбе қалалық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті президенттің портреті үшін елдің ақшасын аямайды екен. Олар үш портретке 165 мың теңге жоспарлаған. Алайда, тендерді 146 мың теңге ұсынған компания ұтып алған. Яғни, әр портрет 48 мың теңгеге шыққан. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы да президент портретіне келгенде шығайбайлық танытпапты. Бір суретті 33 мыңға алған.
№4 Президенттің емес, Бас қолбасшы портреті
Кейбір ұйымдар, мысалы, Степногорск тау-кен техникалық колледжі мемлекеттік тапсырыс арқылы президенттің деп емес, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының портретін сатып алған. Әлбетте, Бас қолбасшы да Қасым-Жомарт Тоқаев. Рас, мұндай анықтамамен алынған президент портреті жеке жүрмейді, Қарулы Күштердің жарғылары, тактикалық-әскери топографиясы сияқты плакаттармен бірге алынады.
№3 Шатастырмайтын талап
Бірнеше ұйым шатаспау үшін Президенттің, тіпті Бас қолбасшының портреті деп емес, «Президент Қ.Қ. Тоқаевтың портретін» деп нақты жазған. Олардың қатары көп емес, бірақ мұндай сипаттама жазатын сатып алушылар әлі де кездесер. Айтпақшы, сол ұйымдардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл ауданының ветеринарлық стансасы. Олар президент Тоқаевтың портретін 12 мың теңгеге сатып алған. Мал дәрігерлеріне президенттің портреті не үшін керек болғанын сіз сұрамаңыз, біз айтпай-ақ қояйық.
№2 Ең қажетті зат
Жаңаөзен қаласының бесінші гимназиясы «Бастапқы әскери дайындық сыныбына қажетті заттарды сатып алу» деген сұраныспен тендер жариялаған. Мемлекет басшысының портретін де осы қажетті заттар тізіміне кіргізген. Қажетті заттарға президент портретінен басқа, жеке дозиметрлер жинақтары мен «Терроризм - қоғамға қауіп» атты плакат та кірген. Плакаттың көлемі 60х90, құны төрт мың теңге болса, қажетті зат арасындағы президент портретінің өлшемі 110х85, бағасы 20 мың деп көрсетілген. Айта кетерлігі, гимназия жариялаған мемлекеттік осы тапсырыс өтпей қалған. Себебі, шартты орындаушы табылмаған.
№1 Әнұранның орнына жүретін портрет
Көп жағдайда, президенттің портретін алушылар оны мемлекеттік рәміздер ішіне қосып, сатып алады. Бірақ, мемлекеттік рәміздер үштігіндегі ту мен елтаңба сатып алуға қосылып, есесіне әнұран түсіп қалады. Әнұранның орнына президент портреті жүрсе керек. Мұндай сатып алулар әдетте ауылдық округтер мен аудандарда жиі кездеседі. Мысалы, Бородулиха ауданындағы Переменовская орта мектебі сатып алған, олар президент портретіне 27 500 теңге, мемлекеттік рәміздерге – 18 000 теңге жұмсаған. Бүгін - осы. Мәлімнің әлеуметтік парақшаларына жазылуды ұмытпаңыз.
(Басты беттегі фото жарнама сайттарынан алынды)