Прокуратура Рысқалиевке дүние-мүлкін қайтарып берді
Бүгін Жоғарғы сот бас прокуратураның Бергей Рысқалиевтің ісі бойынша кассациялық шағымын қарады. Жоғарғы сот ағайынды Рысқалиевтерге тәркіленген дүние-мүлкін қайтару жөнінде шешім шығарды. Бұл туралы Holanews хабарлады.
Бұған дейін бас прокурор Ғиззат НҰРДӘУЛЕТОВ жоғарғы сотқа қашқындағы Атырау облысының экс-әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ пен оның бұрынғы депутат інісі Аманжан РЫСҚАЛИЕВТІҢ мүлкін тәркілеуге қатысты үкімді қайта қарау жөнінде кассациялық шағым түсірген еді.
Бас прокурордың шағымында «істі зерделеу барысында мүліктердің заңсыз тәркіленгені туралы өтініштерде көрсетілген дәлелдер расталды», - делінген. Бұл тек ағайынды Рысқалиевтарға ғана емес, олармен бірге сотталған Рүстем ӘЛБАҚАСОВ пен Ерболат ІЗБАСАРҒА, сондай-ақ олардың әйелдеріне де қатысты.
Бас прокурордың шағымында келтірген басты дәлелі Рысқалиевтер, Әлбақасов пен Ізбасар бюджеттен аса ірі көлемдегі қаржыны 2008 жылы жымқырған. Алайда сот шешімімен олардың 2008 жылға дейін иеленген дүние-мүлкі тәркіленген.
Сонымен, прокуратура Бергей Рысқалиевке төрт ЖШС-дағы үлесін, Нұр-Сұлтан, Атырау және Ақтөбедегі үш жер учаскесін, Атыраудағы үйді, сондай-ақ, Алматыдағы жерасты гараждарын қайтаруды сұраған.
Бас прокурор Андорра князьдігіндегі 13 миллион 602 мың АҚШ доллары сомасындағы банк шоттарына салынған тыйымды жоюды сұраған. Бұл ақша Сергей Рысқалиевқа қатысты компанияларға тиесілі, ал прокуратураның ойынша, " Сергей Рысқалиев Бергей Рысқалиевтің ұйымдасқан қылмыстық тобы» бойынша қылмыстық жауапқа тартылмады.
Қызығы, бас прокуратура былтыр қыркүйекте ғана Б.Рысқалиевтің шетелдегі шоттарынан 13 миллион долларды таптық, ақшаны бұғаттадық, енді оны мемлекетке қайтару мәселесін шешеміз деп мәлімдеген.
Ал Аманжан Рысқалиевке Атыраудағы жер учаскелері мен Ақтөбедегі үйлерді, сонымен қатар, екі ЖШС-дегі үлесін, Бергей Рысқалиевтың әйеліне Атыраудағы бірнеше тұрғын емес үй-жайды, сонымен қатар бірнеше ЖШС-нің жарғылық капиталындағы үлестің жартысын, Аманжан Рысқалиевтің әйеліне Атырау қаласының орталығындағы 2 пәтер мен жер учаскелерін қайтаруды сұраған.
Рысқалиевтермен бірге сотқа тартылған Рүстем Әлбақасовтың әйеліне - Нұр-Сұлтан мен Ақтөбедегі бес жер учаскесін, Алматыдағы жерасты паркингін, Ақтөбедегі үй мен тұрғын үй-жайларды; Ерболат Ізбасардың әйеліне - Атырау мен Ақтөбедегі жер учаскелері мен пәтерлерді, үш банктің шотындағы тыйым салынған ақшаның жартысын, сондай-ақ 9 ЖШС-дегі үлесін қайтаруды сұрады.
Бергей Рысқалиев ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, қызмет бабын асыра пайдаланып, бюджеттің 72 миллиард теңгесін жымқырды деп айыпталған. Былтырғы жылдың 25 қаңтарында Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қашқындағы экс-әкім Бергей Рысқалиевті 17 жылға, Аманжан Рысқали мен Рүстем Әлбақасовті 16 жылға, Айбат Сүлейменов, Ерболат Ізбасар мен Нұрлан Жұлмағамбетовті 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған. Сонымен қатар Мұрат Желдібаев – 8 жыл, Артем Даневич 6 жыл жарымға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Үкім бойынша, барлық айыпталушының дүние-мүлкін тәркіленген.
Оқи отырыңыз: Бас прокурор Рысқалиевке дүние-мүлкін қайтарып бергісі келеді
Фото: Ақ Жайық