Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің ағасын полицейлер алып кетпек болған
Айдос Мелдехан бұл әрекетті өзіне жасалған қысым деп есептейді. Себебі ол қызының өлімін халықаралық дәрежеде тергеуді талап етіп келеді.
2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханды және оның ұлын кеше полицейлер үйіне алып кетпек болғанын Азаттық сайты хабарлады.
Оның айтуынша, 24 мамырда өзі үйде жоқ кезде пәтерінің есік алдынан ұлын полиция департаментіне күштеп алып кетуге тырысқан. Бірақ, осы сәтте ол үйіне келіп жетіп, ұлын әкетуге рұқсат бермеген. Ресми шақыру қағазын талап еткен. Айдос Мелдеханның сөзінше, келгендер өздерін Алматы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері деп таныстырған. Олар не үшін келгенін және ұлын не себепті әкетпек болғанын түсіндірмеген.
Азаттық бұл жөнінде Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқан, бірақ, жауап ала алмаған.
Айдос Мелдеханның жуырда анасы көз жұмған, 19 мамырда қырқын өткізген. 19 жастағы ұлына былтыр әскерге алып кеткен.
Айдос Мелдеханның сөзінше, жуырда ұлы Айкөркемнің қазасына тіке және жанама қатысы бар адамдардың аты-жөнін жаза бастаған.
«Былтыр Қаңтарда елде жаппай наразылық пен тәртіпсіздік кезінде оқ ату туралы бұйрық берілгеннен кейін көп адам оққа ұшқан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқ ату жөнінде бұйрық бергенін 2022 жылы 7 қаңтарда мәлімдеген. Қаңтар кезінде Айдос Мелдеханның балалары отырған көлікке оқ жаудырылған. Оқиға кезінде оның 16 жастағы қызы жараланып, 4 жасар Айкөркем оққа ұшқан. 8 жасар ұлы психологиялық шок алған.
Айдос Мелдеханның айтуынша, Айкөркемнің қазасына байланысты істе әлі күнге дейін бір ғана күдікті – жас офицер бар. Тергеу органдары оны "билік өкілетін асыра пайдалану" бабымен жауапқа тартқысы келеді. Бұған дейін жәбірленуші жақтың адвокаты тергеу органдары кішкентай қыздың өліміне жауаптыларды жазадан құтқарғысы келетінін айтқан. Балалар отырған көлікке оқ жаудырған адамдар бұл істе куәгер ретінде өтіп отыр» деп жазады Азаттық.