Шекарада тегін тамақ ішкен депутаттар Күдебаев қашқан жолды көрмепті

Шекарада 14 күн тегін тамақ ішкен депутаттар Күдебаев қашқан жолды көрмепті. Бүгін мәжілістің 4 депутатының «әскердегі күндері» аяқталды.

Есенжол Елекенов

  • 31.07.2023

Осыдан екі апта бұрын мәжіліс депутаттары – Максим Рожин, Олжас Құспеков, Болат Керімбек, Самат Нұртаза Қазақ-Қырғыз, Қазақ-Қытай шекарасындағы ахуалды көздерімен көру үшін және ондағы әскерилердің не ішіп жатқандарын жанында жүріп білу үшін шекараны аралауды бастаған болатын.

Күдебаевтың шекарадан қалай қашқанын сұрамадық

Бұл депутаттар шекара бекеттеріне бара салысымен өздерінің Facebook, Instagram парақшаларына әскери киім киіп, қолдарына автомат ұстаған фотоларын жаппай жариялады. Шекараны шарлап жүргендерін жазды. Бірде отын жарып жүрді, бірде тау басында фото-видеоға түсіп жарысты. Әйтеуір 14 күн бойы армансыз тегін тамақ ішкенін айтты. Яғни, әскердегі әр тамақ есептеулі екенін ескерсек, төрт депутат төрт сарбазды 14 күнге аш қалдырған.  

Malim.kz  тілшісі Максим Рожин мен Самат Нұртазаға хабарласып, шекарадағы жай-күй қалай екенін және Қаңтар ісі бойынша 10 жылға сотталған Алматы облысының полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың қашқан жерін (Қазақ-Қырғыз шекарасы – ред.) көрдіңіздер ме деп сұрады.

Қазақ-Қырғыз шекарасын аралаған мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Серік Күдебаевтың қашқан жері турасында сұрау ойына келмегенін айтты.

-Осы мәселе ойыма келмепті. Сұраған жоқпыз. Сіз айтқаннан кейін ғана есіме түсіп отыр. Мен тек қару-жарақ, жабдықтар, киім-кешек жағын ғана зерттедім. Жігіттерде солай істеді,-деді Самат Нұртаза.

Айтпақшы, бұрынғы шендінің шекараны заңсыз кесіп өткені үшін Қазақстан жағынан шекарашылар жауапқа тартылған да емес. 

Оқи отырыңыз: Қырғызстанда Күдебаевқа көмектескен 4 адам қамауға алынды

Депутат Самат Нұртаза шекарадағы жағдайға «жаман емес» деп баға берді. Бірақ, «жаман емес» болса, шекарадан С. Күдебаев қалай қашты дегенге бас қатырмаған.  

 «Қазақстанның шекарасы 15 мың шақырым. Біз тек қана Қазақ-Қырғыз шекарасына бардық. Сондықтан мен осы шекара турасында ғана айта алам. Бұл жерде жағдай жаман емес. Заставаларды көріп шықтық. Тамағын жақсарту керек деп есептеймін. Жабдықтар ескірген. 50 жыл болған автоматтарды көрдім,-дейді.

Самат Нұртаза 1978 жылғы автоматты асынып,  50 оқты қалтасына салып, Максим Рожин екеуі нарядқа түскенін  жазған, фото да жүктеген. Әскерде, шекара бекеттерінде сырттан кім келсе де автомат берілмеуі қажет деген тәртіп бар. Өйткені әр автомат нақты әскери адамға бекітілген, ол оны қандай жағдайда да  ешкімге бермеуі тиіс. Автоматтан атылатын оққа да әскери басымен жауапты. Алайда бұл тәртіп мәжіліс депутаттарына қойылмағанға ұқсайды. Депутаттар да әскери тәртіпті белден басып, заңға құрмет көрсетпейтіндерін көрсетіп, автомат асынғандарын мақтанып әлеуметтік желіге жүктеп жатты.    

Самат Нұртаза Facebook парақшасындағы тағы бір жазбасында сарбаздармен бірге таңғы ас ішкенін айтып, «бәрі жақсы» деп фото жүктеген. Фотода таңғы асқа берілген тамақтар түсірілген. Онда нан, жұмыртқа, пияз, май және бес түйір печение бар. 

Ал Максим Рожин болса, Күдебаевтың қашқанын тіптен «білмейтін» болып шықты. «Күдебаев қашқанын білмеймін. Қайда қашты ол?»,-деді алғашында. Кейін «Сұрап жатырмыз. Бірақ бізге айтқан жоқ» деп басқаша жауап берді.

Максим Рожин шекарада мәселе көп екенін айтты. Бірақ нақты қандай мәселе бар екенін нақтылап айта алмады.

-Бір-екі минутта мен сізге барлық мәселені айтып бере алмаймын. Оған уақыт керек. Мына жерде байланыс нашар, уақыт та жоқ,-деді.

Ол тілшінің «шекарада тамақты кімнің есебінен ішіп жатырсыздар?» деген сауалына  «Біз өзіміздің  қаржымыздан тамақ ішсек, онда әскерилерге беріліп жатырған тамақтың сапасын қалай біле аламыз? Сапасы бұдан жақсырақ болса деген ниет бар. Өйткені, қазір жеп отырған тамақтары бір жерде көңіл көншітерлік, бір жерде сұрақтар туады. Біз жай ғана прогулка үшін келген жоқпыз,-деп жауап қатты.

Назарбаев бір тауды Қытайға бере салған

Қазақ-Қырғыз шекарасынан кейін Қазақ-Қытай шекарасын аралауға кеткен депутат Олжас Құспеков пен Болат Керімбекпен байланысу мүмкін болмады. Бұларда әлеуметтік желіге фото-видео жүктеуден қалыс қалған жоқ. «Күнделікті шекарашының өмірі» деп парақшаларын толтырды. Сондай жазбасының бірінде депутат Болат Керімбек Сарышелді өзенінің видеосын жариялады. Оған пікір білдірген Жамал Даркембаева атты әлеуметтік желі қолданушысы «Сіздер тұрған таулы өзеннің бойына біздің Жетісу өңірінің малшылары ірі қараны жазғы жайлауға айдап апарып, күзге дейін отырғанын қариялар айтып отыратын. Бұл жерлер кейінгі жылдары берілген сияқты. Кеңес өкіметінде шекара ары таман болған» деп жазады.

Бұл жазбаға жауап қатқан депутат Болат Керімбек «шекара бір тау ары болғанын, аталған жер СССР мен Қытай арасында даулы аймақ болғанын, кейін шекара қайта қаралғанда шамалы өзгерістер енгізілгенін, қазір барлығы заңмен шегенделгенін» айтады.

Яғни, депутаттың жазғанына сенсек,  бір облыстың ірі қарасына жайлау болған, Сарышелді өзенінің арғы жағындағы бір тауды Нұрсұлтан Назарбаев шекараға қол қойған шағында Қытайға бере салған болып тұр.

Байланысты жаналықтар

Шекараны заңсыз өткен генерал 6 айға сотталды 

18.07.2023

Қырғызстанда Күдебаевқа көмектескен 4 адам қамауға алынды

22.05.2023

Максим Рожин: Төлқұжатқа қазақ деп жазсақ, ештеңе өзгермейді

16.11.2020
MalimBlocks
Шекараны заңсыз өткен генерал 6 айға сотталды 

Алматы облысының Кеген аудандық соты бұрыңғы генерал Серік Күдебаевті шекараны  заңсыз кесіп өткені үшін 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданды.

Қырғызстанда Күдебаевқа көмектескен 4 адам қамауға алынды

Наурыз айында таулы шекара арқылы Қырғызстанға із суытқан Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа қатысты Бішкекте тергеу басталды. 

Максим Рожин: Төлқұжатқа қазақ деп жазсақ, ештеңе өзгермейді