Тоқаев қызметінен босатты
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев штаттан тыс кеңесшісін қызметтен босатты. Бұл хабарды президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жариялады.
"Олжас Құдайбергенов Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер бойынша штаттан тыс кеңесшісі қызметінен босатылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Әбдімәлікұлына экономиканы дамыту жөніндегі ұсыныстары үшін алғыс айтты" - дейді Б. Уәли.
Соңы кездері президент үкімет мүшелері мен әкімдерді сынай бастады. Мәселен, өткен аптаның соңында өткен жиында Қ. Тоқаев «Әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмайды. Өзекті проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді» деген болатын. Ал ел ішінде президент жұмыс істей алмайтын әкімдер мен үкіметті таратуы керек деген сөз көбейіп тұр.
Президент өзгерісті кеңесшісінен бастағандай.
Осыдан бірнеше күн бұрын Олжас Құдайбергенов Facebook парақшасында Қазақстанда шамамен 2 миллион адам коронавируспен ауырған болуы мүмкін екенін жазған. "Қазір ресми дерек бойынша, 67 мың адамнан коронавирус анықталды, жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмониямен ауырды, пневмония бойынша таза өсім 163 мың. Сонда 67+163= 230 мың. Яғни коронавируспен ауырғандар саны кемінде 230 мың. Егер өсімді есепке алмасақ, онда коронавируспен ауырғандар 301 мың адам болмақ. Бірақ үйде ауырғандар бар. Ауруханаға тек симптомы бар науқастар қаралып, 85 пайыз симптомсыз ауырғанын ескерсек, 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған немесе ауырып жатыр", - деген еді президенттің бұрынғы штаттан тыс кеңесшісі.
Сондай-ақ О.Құдайбергенов "ресми дерек бойынша, коронавирустан 464 адам қайтыс болды, 15 шілдеге дейін 3327 адам пневмониядан көз жұмды, бұл былтырғы жылме салыстырғанда 1,75 есе көп, былтыр осы кезеңде 1896 адам қайтыс болды. Сода коронавирустан кемінде 1895 адам, ең көп дегенде 3791 адам қайтыс болды. Бұл статистикаға коронавирустан емделіп, бірақ басқа себептен қайтыс болғандарды (инсульт, инфаркт, т.б.) да қосу керек", - деген.
Президенттің бұрынғы штаттан тыс кеңесшісінің осы тәрізді жазбалары түрткі болды ма, әйтеуір Тоқаев бүгін онымен қош айтысыпты.
Қызметтен босаған Олжас Құдайбергеновтің өзі алдын ала келісім бойынша, бұл қызметке алты айға келгенін жазыпты.
"Былтыр желтоқсанында президент кездесу кезінде штаттан тыс кеңесші болуды ұсынды. Кейін бұл шамамен алты айға шығар, маусымда ауыс-түйіс болуы мүмкін екенін айтты. Маусымда кететін шығармын деп ойладым, шамасы, ол уақытта басқа шаруалармен жүрсе керек. Бүгін таңертең хабарласып, жұмысыма алғыс білдіріп, көп пайдам тигенін айтып, ауыс-түйіс жасағанын жеткізді. Сонымен, енді штаттан тыс кеңесші емеспін. Бұл қызметке ақы төленбейтін, ешқандай келісімшарт, кабинет, қызметкерлер болмады... Қашанда да менің жазбаларымды штаттан тыс кеңесшінің емес, жеке адамның жазбасы деп астын сызып көрсетуге тырыстым. Бұл мәртебе менің кейбір пікірімді саясиландырып жіберетін, сондықтан енді менің жазбаларым ондай саяси реңкке ие болмайды деп үміттенемін. Президенттің штаттан тыс кеңесшісі ретінде халық үшін қолымнан келгенін жасауға тырыстым. Ары қарай да пайдамды тигіземін деп үміттенемін. Оның үстіне бизнес, мемлекеттік органдар және президент әкімшілігімен жұмысымызда ештеңе өзгермейді", - деп жазады О.Құдайбергенов.