Түймебаев қымбат әжетхана сатып алудан бас тартты
Жансейіт Түймебаев ректор болып барған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті 22 миллионнан астам теңгеге екі биоәжетхана сатып алудан бас тартты. Мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәліметке қарағанда, Қазақ Ұлттық университеті биоәжетхана сатып алудан 9 ақпан күні бас тартқан.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Жансейіт Түймебаевты 10 ақпан күні Қазақ Ұлттық университеті ұжымына ректор ретінде таныстырған. Яғни Қазақ Ұлттық университеті Жансейіт Түймебаев ректор ретінде ресми түрде келмей тұрып әрқайсысының құны 11 миллион теңгеден асатын екі биоәжетхананы сатып алудан бас тартты.
Мемлекеттік сатып алулар порталында "Сатып алудың күшін жою туралы" 9 ақпандағы бұйрыққа Ғалымқайыр Мутанов қол қойған. Бірақ бұйрықта Ғ.Мутанов "ректор" емес, "уәкілетті тұлға" деп көрсетілген. Бұйрықта "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңы мен қаржы министрлігі бекіткен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесіне сәйкес бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында "Ауыстырмалы әжетханаларды сатып алу және орнатуды аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу бойынша мемлекеттік сатып алу күші жойылсын", - делінген.
Сонда әжетхана модуль-павильондарын сатып алуда қандай бұзушылықтарға жол берілуі мүмкін? Бұл бұйрықта ашылып жазылмапты. Бәлкім, Ж.Түймебаев өзі оқу ордасына ресми түрде келмей тұрып шу болған әжетхана дауына басы қалғанын қаламаған шығар. Өйткені тендер Ж.Түймебаев оқу орнына ресми түрде ректор болып келмей тұрып мемлекеттік сатып аулар порталына ілінгенімен, тендерге өтініштерге қабылдау 15 ақпанда, яғни Түймебаев ректор болғанда басталып, 3 наурызда бір-ақ аяқталуы тиіс еді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мемлекеттік сатып алулар порталына 22 миллионнан астам теңгеге екі биоәжетхана сатып алатыны туралы хабарландыруды 5 ақпан күні кешкі 20:05-те ілген. Ал бұл уақытта қоғам қайраткері Мұрат Әбенов жоғары оқу орындарындағы ректорлық лауазымға кандидаттарды анықтайтын Республикалық комиссияның отырысы өтіп, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры болып Жансейіт Түймебаев сайланғанын әлеуметтік желіде жария еткен. Яғни ұлттық университет жаңа ректор сайлана салысымен мемлекеттік сатып алулар порталына 22 миллион теңгеге дәретхана сатып алатыны жайлы хабарландыру ілген. Бұл уақытта бірқатар ақпарат құралдары Жансейіт Түймебаевтың ҚазҰУ-ға ректор болғанын хабарлап та қойған.
ҚазҰУ-дың 22 миллион теңгеге әжетхана алатыны әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырғанда, бірнеше күннен кейін Қазақстан халқы ассамблеясы Жансейіт Түймебаевтың әлі ҚазҰУ ректоры болмағанын, әлі де ассамблея төрағасы орынбасары екенін айтып, оның әжетхана сатып алу туралы тендерге қатысы жоқтығын мәлімдеді.
“Жансейіт Қансейітұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры қызметіне ресми түрде әлі кіріскен жоқ. 5 ақпан күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалық етуімен өткен Республикалық комиссия кандидатурасын таңдағаны, бекіткені рас. Бірақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің қызметке кірісу туралы бұйрығы әзірге шыққан жоқ. Сол себепті Жансейіт Қансейітұлының 5 ақпанда жарияланған мемлекеттік сатып алу шартына қатысы жоқтығын назарларыңызға саламыз”, – деді ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы “Қоғамдық келісім” республикалық мемлекеттік мекемесінің қоғаммен байланыс және ақпараттық жұмыс басқармасының жетекшісі Қаншайым Байдәулет 9 ақпан күні Facebook-тегі парақшасында.
Қызығы, Қазақстан халықтар ассамблеясының Жансейіт Түймебаевтың әлі ресми түрде ректор болмағанын хабарлаған күні-ақ ҚазҰУ 22 миллионға әжетхана сатып алудан бас тартыпты.