freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Ресейде жанармайды бөлшек саудада сатуға шектеу күшейтілді

Әлем
Ресейде жанармайды бөлшек саудада сатуға шектеу күшейтілді
Eric Gaillard/REUTERS

Ресейде мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ) мен мұнай базаларына украиналық дрондардың шабуылынан туындаған жанармай дағдарысына байланысты бензин сатуға қойылған шектеулер жалғасып жатыр.

Атап айтқанда, 23 маусымнан бастап Воронеж облысындағы «Лукойл» жанармай құю бекеттерінде шектеулер енгізілді. «Коммерсант» газетінің жазуынша, Воронеж қаласында бір көлікке бір ретте 30 литрден артық бензин және 60 литрден артық дизель отыны құйылмайды. Ал трасса бойындағы бекеттерде 60 литр бензин мен 200 литр дизель отынынан артық сатылмайды.

22 маусым кешінде Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко да өңірде бензин сатуға лимит енгізілгенін хабарлады. Оның айтуынша, «жасанды дүрбелең мен алыпсатарлықтың алдын алу үшін» бір көлікке 40 литр бензин мен 80 литр дизель отынынан артық сатылмайды.

Осындай мәлімдемені Иркутск облысының басшысы Игорь Кобзев те жасады. Оның сөзінше, кейбір жанармай құю бекеттері бензин сатуға шектеу қойған, ал кейбірі қызмет көрсетуді мүлдем тоқтатқан. Ол жанармай дағдарысы жағдайында билік «қолмен басқару режиміне көшуге» мәжбүр болғанын мойындады.

Сондай-ақ Саратов облысында 23-30 маусым аралығында бір көлікке 30 литрден артық бензин сатуға тыйым салынды. Бұл туралы облыс губернаторы Роман Бусаргин мәлімдеді.

Осыған ұқсас шектеулер Амур, Тамбов, Липецк, Тула, Тверь және Владимир облыстарында да енгізілгені хабарланды.

The Bell: Ресейдің 53 өңірінде жанармай мәселесі бар

The Bell басылымының есебінше, маусым айының ортасындағы жағдай бойынша Ресей өңірлерінің басым бөлігінде жанармай тапшылығы байқалады. Ресейдің 53 өңірінде, сондай-ақ Мәскеу аннексиялаған Украина аумақтарында жеке көліктерге жанармай сатуға уақытша шектеулер енгізілген.

Мамыр айында Ресейдегі мұнай өндіру көлемі соңғы бір жылдағы ең төменгі деңгейге түсті. Бұған Украина дрондарының Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай базаларына жасаған шабуылдарының күшеюі себеп болған.

Reuters агенттігінің мәліметінше, мамыр айының соңында жасалған соққылардың салдарынан елдің орталық бөлігіндегі мұнай өнеркәсібінің ірі нысандарының басым бөлігі өндіріс көлемін қысқартуға немесе жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу