Түрмеден жолданған хаттың құпиясы - эксклюзив сұхбат
Самат хатында "полиция тоқ соқтырды, суға батырды, тұншықтырып, өз-өзіме қол жұмсадым деп предсмертный қағаз жазғызды" дейді.
Бүгін әлеуметтік желілерге бейбіт шеруге қатысқан Самат НҰРМҰХАНОВТЫҢ әйелі Сандуғашқа жазған хаты жарияланды. Самат хатында адам төзгісіз азап көріп жатқанын, он екі мүшесінің сау-тамтығы қалмағанын жазыпты. «Тоққа да соқты, суға тұншықтырды, өкпе-бүйректі, бәрін түсірді» деп жағдайын баяндаған. Айыпталушы жазбасында полицияның өлімге итермелеп отырғанын бүкпесіз жазған. Malim.kz тілшісі Саматтың жары Сандуғаш ӘБДІҚАДЫРОВА мәселенің мән-жайын сұрап білді.
Самат Нұрмұхановтың әйеліне түрмеден жазған хаты
Сандуғаш Саматтың ауыр халде хат жазғанын растады. Оның айтуынша, 46 жастағы Алматы қаласының тұрғыны қаңтарда бейбіт митингке шыққан. 15 қаңтарда Саматты полиция ұстап алып кеткен.
-Бес күн бойы қайда жатқанын таба алмай жүрдім. Анда деді, мында деді әуре-сарсаңға салды. 20 қаңтарда қоғам белсенділері Саматтың Алматыдағы Краснагорск 73 мекен жайындағы изоляторда жатқанын айтты,-дейді.
Сандуғаш күйеуімен 8 ақпан күні бір мәрте ғана кездескенін айтады. «Одан бері бір айға жуық уақыт болды. Кеше осы хат қолыма түсті. Бір жігіт хабарласып, хатты ағамыз Сізге беріп жіберді деді. Жағдайының қандай екені хатта анық жазылып тұр. Кешке қарай маған бір әйел адам қоңырау шалып, өзіне шақырды. Ол кісі митингте ұсталған баласына барған екен. Сол адамнан да жұбайымның жағдайын сұрап білдім» - деп отыр.
Хатта жазылғандай, Самат бұрын-соңды бұндай күнге түспеп едім, мұндай қорлықты көрмедім мен. ДВД-да қатты қорлады» деп жанайқайын жеткізген. Төменде мәтін үзіндісін сол күйінше беруді жөн санадық.
«Тоққа соқты, суға батырды, тұншықтырып, предсмертный қағаз жазғызды, шыдай алмай өз-өзіме қол жұмсадым деп.
Маған өз-өзіме өз қолыммен өлім жазасын жаздырды. Я асылып өлем, я кесіліп өлем - деп. Мен таяқтың астында жатып жаздым.
Одан олар айтқан маған, қолыма граната ұстатып, отпечаткамды алып, қазір үйіңе апарып тастаймыз, үйден таптық деп. Содан әйелің мен бала-шағаңды, аяғы ауыр әйеліңді қорлаймыз деп, берген қағаздарға қол қоймасам деп. Оқытпады ештеңе, жан-жақтан ұрып.
Екі өкпемді кетірді, қазір қан тоқтамай жөтелемін, бүйрегім ісіп кетті. Бір апта қан тоқтамамай, зәрімнен шығып. Қабырғамды майыстырды, білгендерін істеп. Ұрып, Жасұланды өлтірген, бірге түскен бауырларды. Қанатты да сөйткен ДВД-да».
Сандуғаш Әбдіқадырова Саматпен алғаш рет изоляторда кездескенде арып-ашып кеткенін бірден байқағанын мәлімдеді.
- Жолдасымның салмағы 120 келі болатын, еңгезердей еді. Мына түрін көріп тіпті шошыдым. Менің салмағым 50 келі болса, оның салмағы менен де қатты төмендеп кетіпті. Изоляторда ешкім ем көрсетпеген. Көзі шүңірейіп қалған. Бір құлағы бұрыннан естімеуші еді, арнайы аппаратпен жүретін. Бұл жолы аппаратпен де сөзімді естіген жоқ. Тек айтарымды қағазға жазып беріп отырдым. Денсаулығының қандай жағдайға түскенін маған жасырып, айтпады. Аяғым ауыр болған соң уайымдамасын деген шығар. Демалуы да өте қиын екенін байқадым. Әрең тыныс алып отырды. Қандай дәрілер әкелейін дегенімде, бүйрек, бауырдың ауырғанын басатын дәрі керек деді. Қазір ауруы мүлдем асқынып жатқанын сезіп отырмын, - дейді жәбірленуші.
Сандуғаш қазір күйеуіммен кездесудің өзі мұң болып тұрғанын өкінішпен айтып отыр.
-Біздің арамызда заңды неке жоқ. Азаматтық некеде тұрамыз. Ортақ үш баламыз бар. Төртіншісіне аяғым ауыр. Саматпен жолығу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке баруым керек. Жұбайыммен кездесуге екінші рет сұранғанда рұқсат бермей қойды. Бүгін таңертең де тергеушіден баруға рұқсат сұрадым, келісім бермеді, қырсығып. Бір аптадан соң ойланып көреміз деп отыр. Уақытты сөйтіп созып жатыр,-деп қиналысын білдірді.
Жәбірленуші Мемлекет бекіткен адвокаттың не істеп жүргенін білмей дал. Самат туралы ләм-мим демеді дейді. Тіпті көршілерімізден Самат жөнінде мінездеме де жинаған жоқ деп отыр.
-Қоғам белсендісі Ғалым Нұрпейіс аға маған жеке адвокат берді. Қазір сол кісімен жұмыс істеп жатырмын. Күйеуім басында арыз жазған екен. Бірақ ол арыз ұшты күйлі жоқ болып кеткен. Қайда жібергендері белгісіз. Өзіміздің адвокат 18 ақпан күні ғана арыз жаздырып, құзырлы мекемеге тапсырғанын жеткізді, -дейді Сандуғаш.
Әйелінің мәлімдеуінше, Самат Нұрмұханов 6 разрядты дәнекерлеуші. Осы кәсібімен үйді бір өзі асырап отырған. Сайт арқылы тапсырыс алып жұмыс істеп жүріпті. Қостанайдағы Рудный қаласында да біраз жыл қызмет еткен. «Ол террорист емес, бір отбасының тірегі. Жала жауып жатыр» деп отыр жұбайы.
Салтанат қазір Саматтың қандай жағдайда отырғанын біле алмай, уайым шегіп отырғанын жеткізді. Оның кеше жазған хаты соңғы сөзіндей болып сезілді дейді.
Аяғы ауыр Сандуғаш бала-шағасымен әр үйді жағалап, пәтер іздеп қиналып жүргенін жеткізді. Себебі, жеке үйлері жоқ. Жығылған үстіне жұдырық дегендей, жақында оларды пәтерден де шығарып жіберген. Бір үйде екі-үш күн, келесі үйде екі-үш күннен табанамыздан тоздық дейді. Күні кеше қоғам белсендісі Айжан Хамит қаржылай көмек көрсетіп, пәтерақысын төлеп беріпті. Асыраушымызды түрмеден шығармаса, жағдайымыз мүлдем нашарлайын деп тұр,-деп налиды Сандуғаш Әбдіқадырова.
P.S
Бейбіт митингке шықты деп тергеу изоляторында азапталып жатқандар әлі толықтай анықтала қойған жоқ. Сандуғаш кім келіп үркітіп-қорқытса да шыдайтын жайым жоқ деп отыр. Түрмедегі азаптаулар тоқтатылып, өлімге жеткізетін қинау доғарылсын дейді.
Әлеуметтік желі қолданушылары Саматқа араша сұрап, билікке талабын жеткізіп жатыр. Өкінішке қарай, мұндай сипаттағы жазалау фактілері жер-жерде тіркелуде. Әлі біз білмейтіндері қаншама. Сондықтан әділ тергеу жұмысы жүргізілсін деп талап етеміз дейді қоғам белсенділері.
О.Әбіл