Бүгін футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ақтау қаласында Әзербайжанмен алғашқы жолдастық кездесуін өткізді, деп хабарлайды Malim.kz.
ФИФА күнтізбесі бойынша ұлттық құрама 5-15 сәуір аралығында оқу-жаттығу жиынын өткізуді көздейді. Какау бастаған отандастарымыз оқу-жаттығу жиыны аясында Ақтау қаласында Әзірбайжан құрамасымен 13 және 15 сәуір күндері екі жолдастық матч өткізбек.
Қазақпараттың жазуынша, кездесу барысында отандастарымыз белсенді ойын көрсетіп, қазақстандық қақпашы 14-минутта Лео Игита есеп ашты. Ал одан кейін Әбдірасул Әбдуманапұлы 14-минутта басымдықты арттырды.
Ал әзербайжандық Новруз Казиханов 16-минутта есеп айырмасын қысқартса, келесі кезекте Альберт Акбалықов 16, Біржан Оразов 24, 32, Ақжол Дәрібай 30, Агеділ Мадияров 31, 37, Арнольд Кнауб 33-минутта мергендігімен көзге түсті.
Ойынның 38-минутында әзербайжандық Рустамли Октай қорытынды есепті белгіледі. Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 9:2 есебімен басым түсті.
Айта кетсек, ел құрамасы 2026 жылғы Еуропа чемпионатында өз тобында екінші орынды місе тұтқан болатын.
Алдымен Албанияны 2:0 есебімен жеңсе, одан кейін Армениямен 4:4 есебімен тең ойнады. Үшінші кездесуінде Даниядан 2:3 есебімен жеңіліп қалса, өз алаңында аталған қарсыласын 7:3 есебімен тізе бүктірген еді. Бесінші ойында Албаниядан 4:2 есебімен басым түссе, дәл сондай есеппен сырт алаңда Арменияға есе жіберді.