Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің шешуші күнінде Қазақстан құрамасының екі дзюдошысы финалға шықты, деп хабарлайды Malim.kz.
Ерлер арасындағы 100 келіге дейінгі салмақта Марат Байкамуров алтын медаль үшін белдеседі. Ол финалға дейін бес қарсыласын жеңіп, сенімді өнер көрсетті. Байкамуров жарыс барысында Қырғызстан өкілі Михейли Бекауриді, поляк дзюдошысы Михал Едрзевскиді, Нидерланд спортшылары Симеон Катерина мен Микаэль Коррелді, сондай-ақ молдовалық Вадим Жимбовскиді жеңді. Жартылай финалда қазақстандық балуан қарсыласын иппон әдісімен ұтып, финалға жолдама алды.
Ал әйелдер арасында +78 келі салмақта Кәмила Берліқаш финалда ресейлік Елис Старцевамен кездеседі.
Сонымен қатар, тағы үш қазақстандық спортшы қола медаль үшін күреседі. 90 келіде Айдар Арапов нидерландтық Франк Де Витпен белдессе, 78 келіде Екатерина Токарева франциялық Лиз Нгелебевамен кездеседі. Ал +78 келіде Аида Тойшыбекова италиялық Тизиана Мариниге қарсы татамиге шығады.
Финалдық және қола жүлде үшін белдесулер Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады.