Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Шашылған есіл ақша. Бас аудитор 14 факті бойынша іс қозғатпақ

Экономика
Шашылған есіл ақша. Бас аудитор 14 факті бойынша іс қозғатпақ
Фото: © gov.kz

Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) қызметіне жүргізген мемлекеттік аудит қорытындысын жариялады. Аудит нәтижелері Алихан Смайылов төрағалығымен өткен отырыста қаралды.

Бұл туралы malim.kz тілшісі ҚазТАГ жазбасына сілтеп хабарлайды.

Палата мәліметінше, тексеріс барысында жалпы сомасы Т138 млрд болатын қаржылық қателер анықталған. Сонымен қатар, Т14,5 млрд көлемінде тиімсіз жоспарлау, Т33,6 млрд көлемінде бюджет қаражаты мен активтерді тиімсіз пайдалану фактілері тіркелді.

ЖАП атап өткендей, ӘКК құрылымдарында жүйелі кемшіліктер жиналып қалған. Бұл олардың жұмысының тиімді болмауына әкеліп отыр. Мұндай жағдай ұлттық экономиканы жоспарлау жүйесіне интеграцияның жоқтығымен және саланы реттеу бойынша Ұлттық экономика министрлігінің үйлестіру жұмысының әлсіздігімен байланысты.

— ӘКК-лердің даму жоспарлары тек формалды сипатта, олар сыртқы бағалаудан өтпейді және олардың жұмысы әкімдіктердің тиімділігіне әсер етпейді, —

делінген хабарламада.

Отырыста ЖАП төрағасы Ұлттық экономика министрлігіне ӘКК қызметін реттеуді күшейту қажеттігін айтты.

— ӘКК нақты немен айналысуы тиіс екенін анықтау керек. Олар — даму институттары ма, әлде басқа функциясы бар құрылым ба? Олардың әлеуметтік рөлі қандай? Инвестиция тартуда рөлі қандай? Қандай құралдарды пайдалана алады? Қандай жобаларды қаржыландыруына болады, қайсысына болмайды? Бұл мәселелер бойынша бірегей ұстаным қажет. Қазір өңірлерде әркім өз бетінше шешім қабылдайды, тіпті кейде бұл Кәсіпкерлік кодексіне қайшы келеді, —

деді Смайылов.

Аудит мәліметінше, соңғы бес жылда ӘКК-лерге 528 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты бөлінген, оның 288 млрд теңгесі — бизнеске несие беру үшін бағытталған. Алайда өңірлерді дамытуға серпін беретін инвестициялық жобаларды іске асырудың орнына көптеген ӘКК қаражатты банктік депозиттерге орналастырып отыр немесе әлеуметтік әсері төмен коммерциялық жобаларға бағыттауда.

Сонымен бірге, қаржыландыру артып жатқанына қарамастан, ӘКК-лердің созылмалы шығындары сақталып отыр. 2025 жылдың басындағы жиналған шығын көлемі Т209 млрд-тан асқан, бұл 2020 жылмен салыстырғанда жеті есе көп.

Аудиторлар ӘКК-лердің жекелеген кәсіпкерлерге қолдау көрсететін таза коммерциялық жобаларға тартылып жатқанын атап өтті. Мысалы:

  • «Ертіс» ӘКК-де инвестжоба ретінде Т16,6 млрд теңгеге тұрғын үй құрылысы іске асырылуда, алайда аудит Т3,3 млрд көлеміндегі бұзушылықтарды анықтады.
  • «Aqjaiyq» ӘКК-де инвестжобаларға берілген жер телімдері игерілмеген немесе басқа мақсатқа пайдаланылған.
  • «Актөбе» ӘКК-де үш жыл бойы несие тек бір компанияның өндірісін кеңейтуге берілген. Компания жалпы Т11,2 млрд субсидия және несие алған. Сонымен қатар, жобаларды іріктеу комиссиясына аталған компаниямен байланысты тұлға қатысқан.
  • «Семей» ӘКК-де жобалар тиісті сараптамасыз және тәуекелдерді бағалаусыз мақұлданған.

Аудит барысында өңірлік тұрақтандыру қорларында да мәселелер анықталды: өнімдердің дұрыс сақталмауы, ассортименттің шектеулігі және сұранысы төмен тауарларды сатып алу сияқты жағдайлар тіркеліп отыр. Бұл жағдай ӘКК-лердің бағаны тұрақтандыруға ықпал ету мүмкіндігін төмендетіп отыр.

ЖАП мәліметінше, анықталған 14 факті бойынша материалдар құқық қорғау органдарына берілмек.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу