Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жалақысына қатысты пікір білдіріп, қазіргі табыс отбасылық шығындарды толық жабуға жеткіліксіз екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Журналистердің «Парламент депутаттарының жалақысы жеткілікті ме?» деген сұрағына жауап берген ол 500-800 мың теңге көлеміндегі табыс, әсіресе көпбалалы отбасылар үшін, жеткіліксіз болуы мүмкін екенін атап өтті.
Қазіргі жалақым жетеді деу қиын. Отбасында 5-6 бала болса, шығын да көп. Баланы балабақшаға беру, киіндіру, түрлі үйірмелерге қатыстыру – ай сайын шамамен 300 мың теңге кетеді. Баға өсіп жатқанын ескерсек, бір миллион теңге де жетпейді, – деді депутат.
Оның айтуынша, жеке табысы шамамен 900 мың теңгеден сәл асқанымен, отбасылық шығындар айтарлықтай жоғары. Осыған байланысты ол жұбайын да жұмысқа шығуға шақырғанын жеткізді.