Астананы шулатқан мұнайшылар жұмысқа оралды
Жұмыс 1 сәуірде басталуы керек болатын
Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС компаниясының бұрынғы 80 қызметкері қайтадан жұмысқа қабылданды. Бұл туралы аталған баспасөз қызметі мәлімдеді.
Бүгін «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС директоры Ерлан Жүзбаев мекеменің бұрынғы қызметкерлерімен кездесу өткізген. Жүздесу барысында мекеме басшылығы алдағы жұмыс жоспарын талқылап, қызметкерлердің ұсыныстары мен талап-тілектерін тыңдаған көрінеді.
Бір ай бұрын Жаңаөзенде талап қойып, артынан Астанада Энергетика министрлігінің алдында тұрғанда мәселесі шешілмеген жұмысшылардың шаруасы енді бір ізге түскен секілді.
«БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС алдағы дүйсенбіден бастап кен орнында жұмыс бастайды. Серіктестік биыл ақпан айында «ӨзенМұнайГаз» АҚ-дан құны 666 млн теңге болатын ұңғымаларды жою жұмыстарының көлемін ашық тендерде жеңіп алды. Жұмыс 1 сәуірде басталуы керек болатын. Алайда қызметкерлер арасындағы еңбек дауына байланысты тараптармен келіссөздер жүргізіліп, ұңғымаларды жою жұмыстарына 15 мамырдан бастап серіктестіктің бұрынғы қызметкерлері жұмылдырылатын болды», - деп жазылған «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС таратқан мәліметте.
Сонымен бірге, аталған компания басшылығы алдағы уақытта жұмысшылармен ортақ келісімде жұмыс атқаратындықтарына сенім білдірген.
«Біз өзіміздің бұрынғы қызметкерлерімізге алаңдаушылық білдіреміз және әрқайсысыңыздың құқықтарыңызды құрметтейміз, пікірлеріңізбен санасамыз. Жұмыс 1 айдан аса уақытқа тоқтап қалды. Қаншама келіссөздер жүрді. Сіздерді өз қатарымызда қайта көргенімізге қуаныштымыз. Бір бірімізбен ауызбіршілікте болып, жұмыс көлемін уақытында орындаймыз деп өздеріңізге сенім артамын», - деді «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС директоры Ерлан Жүзбаев.
Осыдан кейін серіктестіктің бұрынғы 80 қызметкері қайта жұмысқа орналасу туралы арызын қалдырған.
Астанадағы наразылық кезінде күштік құрылыммен ұстап әкеткен жұмысшылар көп ұзамай Жаңаөзенге жолаушылар пойызымен қайтарылған еді. Сол уақытта олардың арасынан онға тарта өкіл қалып, «ҚазМұнайГаз» бен өзге де жауапты құрылымдардың басшыларынан құралған комиссиямен бірнеше рет кездесу өткізіп, ортақ мәмілеге келе алмағаны айтылды. Бұдан кейін ҚМГ мамандарынан құралған арнайы топ «Өзенмұнайгаз» АҚ-да бір айы тексеріс жүргізетінін мәлімдеген еді. Алайда «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС-нің жұмыссыз қалған қызметкерлерінің мәселесіне нүкте қойылмай тұрған еді.