Белгілі сыншы отандық БАҚ-ты сынға алды
Белгілі сыншы, мәдени сарапшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова «Түркістан» газетіне сұхбат беріп, қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аударды.
«Кеңестік кезеңде біздер негізінен бәрі реттелген моноқоғамда өмір кештік. Бұл сырттай қарағанда қоғамға саяси-идеологиялық тұрғыдан әлдебір тұрақтылық, ал адамдарға ментальдық тұрғыдан әлдебір жайлылық беретін, ал шын мәнісінде ұлттық тарихи сана теңдік алу жолында небір перипетияларды бастан кеше отырып, тәуелсіздік келгенде қоғамда шын мәнісіндегі саналы да бейсаналы трансформация басталды – ұлттық мақсат-мұраттар ашық түрде алдыңғы планға шықты. Сонымен қатар сол 90-жылдардан бастап идеологиялық, эстетикалық парадигмалардағы өзгерістер аясында гуманитарлық салаларда пәнаралық зерттеулердің маңызы артып, рухани салаларда да небір ізденістер жүрді» дейді өз сұхбатында. Сыншының айтуынша, жаңа құндылықтарды қалыптастыруда баспасөздің орны ерекше.
«Заман-Қазақстаннан» кейін бірер жыл «Ана тілі» мен «Жас Алаш», одан кейін жеті-сегіз жылдай тәуелсіз апталық «Алтын Орда», «Жас қазақ» газеттері еркін ой мінбері болды. Ал ақын, аудармашы, мәдениеттанушы Әуезхан Қодардың әдеби-мәдени дамуды белгілі бір заңдылықтар жүйесі ретінде қарастырып, әлем әдебиетімен салыстыра еркін де қызғылықты талдауларын негізінен тәуелсіз басылымдардан оқуға болар еді. Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет ететін мен ақын, мәдениеттанушымен жалпы қоғамдық-рухани ситуацияны әдебиет жазықтығында қарастыру мақсатында «Біз қайда барамыз?» деген тақырыпта сұхбаттасқанмын. Өкінішке орай, сұхбатымызды әдеби апталық жарияламаған соң, сол кезде қызметтес болған марқұм Жұмабай (Шаштайұлы) оқып шығып, жақсы пікірін білдіріп, «Парасат» журналына ұсынған, көп ұзамай жарық көріп (№4, 1996), едәуір резонанс тудырды», – дейді сыншы Әлия Бөпежанова.
Бұдан соң Әуезхан Қодармен жасаған сұхбаты үлкен резонанс тудырғанын айтады.
«Көркем мәдениет, өмiрдiң өзi сияқты, үнемi дамып отыратын процесс екенiн қашанда назарда ұстар болсақ, ғасыр тоғысындағы қазақ әдебиетiнде, жалпы өнерде көркемдiк-эстетикалық iзденiстер қарқынды жүрді, өзгеше жазу дағдысы белең ала бастады. Сондықтан да мәдени-философиялық кеңiстiкте ой таратып көрудің маңыздылығы туды. Әуезхан екеуміздің келесі, өзің айтып отырған «Өнер – өмір, өнер – көркем текст немесе таным тайталастары» сұхбатымыз осы бағытта өрбіді («Қазақ әдебиеті» 21.07.2000). Онда ХХ ғасыр гуманитарлық мәдениетiндегi шешушi ұғымдардың бiрi – өнердің жаңа философиясы, яғни көркем шығарманы көркем мәтін орайында қарастыру; батыс әдебиеті әлдеқашан өткен, орыс әдебиетінде ғасырлар тоғысында апогейіне жеткен постмодернизм; әлемдiк мәдениет, әдебиеттiң даму жолынан ешкiм шет қала алмайтындықтан, қазақ әдебиетінің де заманауи жазу, яғни жаңаша стратегияларды қабылдау немесе жатсыну мәселелері сөз болған еді. Сұхбат үлкен резонанс тудырды. Қызыға ой-пікір қосып, хабарласқандар көп болды, сонымен қатар сұхбаттағы ой-тұжырымдарға, әсіресе, постмодернизмге байланысты ойларға қарсылар да аз емес екен. Өйткені тез арада, апталықтың келесі санында бір ақын, екі сыншының мақалалары «жарқ ете қалды», – деп әдеби ортаның жаңа көзқарасты тосырқай қабылдағанын жеткізеді.
Сондай-ақ, Асқар Сүлеуменов, Әуезхан Қодар, Едіге Тұрсынов, Таласбек Әсемқұлов, Әмірхан Балқыбек секілді зияткер тұлғалардың еңбегі кеш еленеу себептеріне тоқталған.
– Зияткер тұлғалардың қоғамдағы орны қашан да жоғары. Өйткені олардың саяси-әлеуметтік, мәдени-тарихи тұрғылардан қоғамдық құбылыстарды терең талдайтын қабілеттері маңызды. Философтардың пікірінше, зияткер қауымның идеялары, зерттеулері кең талқылауларға және әдетте, көпшілік арасына кең тарайтын һәм идеологиялық жобалардың қалыптасуына әсер ететін жаңа танымдар мен мағыналарға негіз бола алады. Өзің атап өткен тұлғалардың ішінде аға буынның жазу, ізденіс, зерттеу аялары ауқымды болғаны белгілі. Идеялары мен еңбектері ой қозғалысына, рухани ізденістердің жандануына әсер еткен олардың айтып-жазғандары әдеттегі дискурстан бөлектеу еді, – дейді.
Қоғамда мәдени сұхббатасудың қажеттігін айта келіп, «Сұхбаттастық – қоғамды өсіру, ортақ мақсат, ортақ құндылықтар төңірегінде біріктірудің бір жақсы жолы. Мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтарға, демек, қазақ БАҚ, электронды БАҚ-тарына, сайттарына үлкен жауапкершілік алу керек болады. Жаңа мағыналар тудыру, қоғамдағы процестер ашық та салиқалы түрде талқылануы керек. Өткенде «Абай» сайтында Дәурен Қуат жаңалықтар проблемасы туралы жақсы айтты – қай басылым, қай арна, қай сайтты ашып қалсаңыз да бір-бірінен аумайтын пресс-релиздік, фейсбуктық жаңалықтар. Кейде тіпті елімізде негізінен шоу-бизнес өмірінен, қылмыс пен жол апатынан өзге ештеңе жоқ сияқты», – деген ашынышты пікірін ортаға салған.
Сыншының пікірінше, «Қазақтың тойы таусылмасын» деп әнші біткен, қыз ұзатып, тұсау кесіп, бет ашып дегендей, бір-біріне қымбат сыйлық жасау жарысы да қызып тұр... Психолог, нумеролог, коучтар, небір бизнес-жаттықтырушылар қалай жақсы өмір сүруді, тез арада баюдың түр-түрін насихаттаудан жалықпайды. Шетелдік өнімдерді сататын желілі маркетингпен байыған ханымдардың да, әйелдер қауымын күшті болуға үндейтін лекцияларынан небір желілер жарылайын деп тұр. Мұның бәрі белгілі бір сараптау, талдаудан өткізу, бұл ретте, зияткер қауымның дауысы естілуі керек емес пе?..
Осылай сұрақ қойған Әлия Бөпежанова қоғамда мәдени сұхбаттастықтың маңыздылығына тоқталған.