Елордада әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы жүйелі түрде жалғасуда. Қалада мектептер, балабақшалар, оқушылар сарайлары, медициналық және спорттық мекемелер бой көтеріп, пайдалануға берілуде. Биылдың өзінде Астанада тағы 9 жаңа мектеп оқушыларды қабылдай бастады.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, өткен оқу жылы елорда үшін рекордтық көрсеткішпен аяқталған.
– Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша 66 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынып, пайдалануға берілді. Оның 16-сы Мемлекет басшысының «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Ал жаңа оқу жылы басталғалы бері тағы 9 мектеп өз жұмысын бастады. 2026 жылы тағы 12 мектептің құрылысы жоспарланып отыр, –
деді қала әкімі.
Сонымен қатар, Астанада мемлекеттік балабақшалар құрылысы қайта жанданды. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы 4 балабақшаны пайдалануға беру көзделсе, келесі жылы тағы 5 балабақша ашу жоспарланған. Олардың қатарында жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар да бар.

Қосымша білім беру инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елордада Оқушылар сарайларының жаңа желісі қалыптасып келеді. Атап айтқанда, Мұхамедханов көшесінде орналасқан TANYM Оқушылар сарайы жақын күндері ашылады.
Сондай-ақ 2026 жылы:
- Ақан сері көшесінде және С189 көшесінде – екі TANYM Art Оқушылар сарайы,
- М.Төлебаев көшесінде – TANYM Sport Оқушылар сарайы пайдалануға берілмек.

Жаңа нысандар балалардың шығармашылық, спорттық және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталады.