Досмұхамбетовтің "мұрасы" Шәпкеновтің басын қатырып жатыр
Он нысанның төртеуі бойынша қылмыстық іс қозғалған
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің басы құрылысы мерзімінен кешіккен нысандар үшін қатып жатыр. Экс-әкім Махамбет Досмұхамбетовтен «мұраға» қалған 28 әлеуметтік нысан бар. Сол нысандардың 10-ы уақтылы аяқталмаған. Олардың қатарында 1 мектеп, 4 мектепке жапсаржай, 2 мәдениет үйі, 2 дәрігерлік амбулатория, 1 спортзал бар.
Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрберген Құсайынов құрылысы аяқсыз қалған жобаларды тізіп берді.
«Проблемалы он нысанның төртеуі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Сонымен қатар Исатай ауданы Аққыстау селосындағы 60 пәтерлік тұрғын үй және Мақат кентіндегі 60 пәтерлік тұрғын үй құрылыстарының қарқыны баяу», - деді Құсайынов.
Жаз шыққанда оянған Шәпкеновтің есіне заң енді ғана түскен сияқты. Енді ол басқа мердігер мекемені іздеуге ұсыныс білдіріп жатыр.
«Халыққа түсіндіру керек. Қазір кейбір елдімекендерде не клуб жоқ, не мектеп жоқ, не спортзал жоқ, не асханасы жоқ. Тұрғындар осы әлеуметтік нысандардың тезарада пайдалануға берілуін күтіп жүр. Бұдан бөлек, мердігер мекеменің құрылысты сапасыз аяқтау мәселесі және бар», - деді Шәпкенов.
Досмұхамбетов аяқсыз тастап кеткен жұмыстар үшін Шәпкенов алгоритм дайындап, іске кірісемін деп отыр. Әкімдердің жиі ауысуының кесірін аймақ тұрғындары тартып келеді.
Malim.kz бұған дейін «Атырау - вахта қала, Шәпкенов - вахтер әкім» деген мақала жариялады.
Аталған материалда тәуелсіз зерттеушілер «жастардың сөзінен «Атырау – адамдарға арналмаған қала» деген қорытындыға келіпті. Яғни қалада жастар ұзақ уақыт бой жаза алатындай жер қарастырылмаған. Көпшілікке арналған қоғамдық орындардың қаңырап тұрғаны атыраулық жастардың көңіліне кірбің түсіреді», - деп мәлімдеме жасаған-ды.
«Қалада тиянақ табар қажеттіліктер жоқ болғандықтан, азаматтардың санасын көшу ниеті билеп алған. Сауалнамаға қатысқан атыраулық жастардың 59%-ы қалада тұрақтап қалғысы келмейді», - деп жазғанбыз.
Аталған мәселеге халыққа ең қажетті нысандардың дер кезінде берілмей отырғаны да кері әсерін тигізетіні анық.
Фотосурет ашық интернет көздерінен алынды