"Моргқа жыбырлаған баланы қалай апарасың?" (аудио)
Атырауда "шақалақты тоңазатқышта салып өлтірді" деп айыпталып, ұзақ жылға сотталған дәрігерлерді әлеуметтік желіде ақтап, сот шешімімін сынап жатқан дәрігерлер шығып жатыр. Тіпті перзентхананың бас директоры Қуаныш Нысанбаев бастаған дәрігер қанша адам өмірін арашалап қалды деп мұны дәрігер қатесіне балап, петицияға қол жинайық деген бастама көтерген әріптестері баршылық. Оларға қарсы уәж келтірген жұрт бұл дәрігер қатесі емес, қасақана адам өлтіру, қылмыс екенін айтып жатыр. Расында да, жыбырлап жатқан нәрестені құтқару орнына тоңазатқышқа салуды талқылаған кеткен кезекші акушер мен перзентхана бас директоры арасындағы телефон әңгімесінен жанын түршігеді.
Атырау облыстық мамандандырылған қылмыстық соты Атырау облыстық перзентханасының бұрынғы директоры Қуаныш Нысанбаевты 18 жылға, акушер-гинеколог Асқар Қайыржанды 16 жылға, акушер Жәмила Күлбатированы 15 жылға бас бостандығынан айырды. Неонатолог-дәрігерлер Руслан Нұрмұханбетов пен Дариға Жұмабаева "қылмысты көре тұра айтпады" деп айыпталып, үш жарым жылға сотталды. Сотта дәрігерлердің бірде-бірі өздеріне тағылған кінәні мойындамаған.
2019 жылдың 4 қазанында Атырау облыстық перзентханасының бас директоры мен акушер-генекологы нәрестені қасақана өлтірді деген күдікпен ұсталған. Тергеу "дәрігерлер шақалақты өлдіге санап құжат толтырып жіберді, артынан оның тірі екені анықталғанда аман алып қалудың орнына оны тоңазатқышқа салып қасақана өлтірді. Шақалақты тоңазатқышқа салу туралы бұйрықты бас директор Қуаныш Нысанбаев берген" деп мәлімдеді.
Желіде тарап кеткен перзентхананың бас директоры Қуаныш Нысанбаев пен кезекші акушер-гинеколог Асқар Қайыржан арасында телефон әңгімесі былай өрбіді:
– Алло, короче, бағана помнишь я тебе звонил же (ар жағындағы сөзі түсініксіз)
– Иә.
– Сейчас мы хотим в морг отправить, а он шевелится...
– Время можно же изменить там.
– Жоқ, время уже не изменить.
– Почему?
– Не істеуге болады енді?
– Бәрібір ол не жилец қой, брат.
– Жоқ, білем ғой енді, просто моргқа апарайын десең жыбырлаған баланы қалай апарасың?..
– Утром отправь, какие проблемы?
– Түнде алмайды деп пе?
– Иә
– Морозилькаға салып қояйық па не?
– Иә, енді не істейсің басқа?
– Иә, Құдайдың өзі кешірсін. қазір қасында ашып қарасақ, шынымен жыбырлап жатыр. Қарақалпақ екен.
– А?
– Түпнұсқасы қарақалпақ екен әйелдің. Бәсе, қазекең болса, ана жерде хайвай шығарып... приемный покойда біреу келіп мен просто кіріп шығайын деп едім, успокоить етіп шығайын деп едім дейді. Кіргіздім. "Без вскрытия беріп жібересіңдер ме?" деді ғой. "Жоқ, без вскрытия рұқсат етілмейді" деп едім ғой. Соны қазір беріп жіберейік десек, Света апай (санитар қызметкер Светлана Козлова, кейін сотта куәгер болды - ред.) ғой, "мынау жыбырлап жатыр". Жәмила апа (акушер Жәмила Күлбатирова - ред.) паникует "мынаны не істейміз, мынаны не істейміз?" деп. Таңертеңге қалдырамын ғой короче?
– Иә, басқа вариант жоқ қой.
– Қазір разборкіге келіп жатса, не істейміз, бала қайда деп?..
– Иә.. (түсініксіз сөз) сол болып тұр ғой.
– Ана жақта жоқ, мына жақта біз жіберген жоқпыз
– Қайда жоқ?
– Енді моргта жоқ қой. Моргқа барады ғой. Күндіз туған доношенный апарғанда уже бәрі күтіп отырады.
– Может это... суға салып қоясың ба?
– Суға салсаң ертең вскрытиеде шықпай ма?
– Енді біразы (түсініксіз) белгісіз ғой
– Не істеуге болады?
– Прям жыбырлап жатыр ма не?
– Иә, иә. вроде как мертвый... Бірақ бүйтіп қарасам, қол-аяғын, бәрін жыбырлатып жатыр.
– До утра потерпим, посмотрим утром жібереміз деп.
– Түнде хайвай болып жатса, не істеймін?
– Көреміз ғой, айтасың ғой, таңертең жіберемін, түннің бір уағында жібермеймін деп.
– Хорошо, жақсы.
Атырау дәрігерлерінің телефон әңгімесінің аудиосы:
Бәлкім, кезекші акушер-дәрігер мен перзентханың бас директоры арасындағы осы әңгіме болмаса, бұл істің беті жылы жабылып, сотқа жетпес еді. Дәл осы кезеңде Атырау облысындағы жемқорлыққа қарсы күрес жөнінегі ұлттық бюроның басқармасы перзентхана директорына қатысты басқа істі тергеп жатқан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Нысанбаев шетінеген нәрестеге жасалған сараптаманы өз пайдасына шешу үшін Атырау облысы сот-медицина институтының басшысына алдын ала сөз байласу арқылы пара берді" деген іс бойынша Нысанбаевтың телефон әңгімелерін тыңдап жүрген.
18 қаңтар күні кешке шыққан сот үкімін естіген акушер-гинеколог Асқар Қайыржан "сот шешімімен келіспеймін" деп сотталушылар отырған кабинаның әйнегін ұра бастаған. Судья Гүлмира Дәулетова айдауылдардан оны әкетуді сұрады. 18 жылға сотталған Қуаныш Нысанбаевтың әйелі де шу шығарып,"судьяны антикор басқарып отыр" деп айыптады. Оны да сот залынан шығарып жіберді.
Қуаныш Нысанбаев сот шешімі өзіне түсініксіз екенін айтып, судьямен дауласпақ болды. Ақыр аяғы шу шығарған Нысанбаевты айдауылдар әкетті.