Мұғалімдерге Ахметовті күштеп мақтатып жатыр
Қоғамда қандай науқан басталса да, алдымен «мойнын төсейтін» мұғалімдердің жігерін құм ететін жағдайлар әлі де жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі» туралы қабылданған Заңының 6 бабы, 2 пункті, 1-тармағында мұғалімді кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейтіндігі атап көрсетілген. Алайда, Шығыс Қазақстан облысында бір топ кәсіпкерлердің облыс әкімі Даниал Ахметовтің үстінен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа шағымданып, мәлімдеме жасауға мәжбүр болған текетіресі үржарлық мұғалімдерді әлеуметтік желіге «жегілуіне» әкелген сыңайы бар.
Жоғарыда аталған Заңның бабы, яғни, мұғалімдердің қоғамдағы орыны, жеке бас құқы Үржар ауданының білім бөлімі үшін (басшысы –Сәуле Орынбаева) түкке тұрмайтын сияқты. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің атына осы күні барлық саладан да сын айтылып жатқандықтың әсерінен оны арашалап шығу жолы мұғалімдер атынан оң көзқарастағы комментарий жазу болған екен.
Мәселен, кеше уатсапп желісі арқылы тараған аудиожазбада былай делінеді:
-...Жексенбіде мазалап жатқаныма кешірім сұраймын. Сіздерге (яғни, Үржар ауданы мектептерінің мұғалімдеріне) жоғарыда сілтемелер жібердім. Сол посттарға кіріп, облыс әкімінің ауданға сіңіріп жатқан еңбегін комментайрий ретінде ұйымдастырсаңыздар деген ұсыныс. Сағат үшке дейін уақыт (15-00). Қазір екіге он бес минут қалды. (13-45). Сіздерге бұл тапсырма таңертең берілген. Сол себептен де «қолдаймын» деген бір ауыз сөзбен емес, толықтай ұйымдастырыңыздар. Мұғалім, педагог болғаннан кейін,жазған комментарилеріңіз толықтай болсын. Мысалы, Үржар мектептері сіздерге жазуларыңызға болады білім саласына сіңіріп жатқан еңбектерін... атап облыс әкімінің...,-деп күрсініп алған аудиожазба иесі Ахметовтің пәрменімен қаншама ноутбуктар таратылып жатқанын, кеңес одағынан бері жөндеу көрмеген әуежайдың жөнделіп жатқанын (оған мұғалімдердің қандай қатысы бар десеңізші!-авт), соның арқасында жан-жақтан ұшақтар келіп қона бастайтынын айта келіп соны жазуды, Ақжар ауылында салынған баспаналар туралы сонда тұратын көп балалы ата-аналардан пікір ұйымдастыруды, сонымен қатар Мақаншы өңіріне де облыс әкімі Д. Ахметовтің сіңіріп жатқан «еңбегі зор» екендігін, яғни, спорт мектебі, балабақша қолданысқа берілгендігін атап көрсету керектігін жұмсақ дауыспен қатаң ескертіпті. Сонымен қатар Алакөл инфрақұрылымының керемет даму жолына түскендегін (шындығында автокөлікпен бару жолы шырғалаң!) де комментарий жарысына қосу қажеттігі тапсырылыпты. Дей келе, көп комментарилердің арасында тұрса көрінбей қалатындықтан, (жанкештілік жағымпаздыққа дауа жоқ!-авт) әр директор мұғалімдерінің пікірлерін жеке-жеке қиып-қиып «жекеге жіберуін» бұйырыпты.
Ауданда кешегі күнгі кештен-ақ хитқа айналған аудиожазба авторы кім екенін анықтап, бүгін таңертеңнен сұрастыра бастағанымызда екіншісі келіп жетті. Онда Үржар мектептерінің ішінде Абай, Момышұлы, Науалы ауылындағы Төлеубеков атындағы, Найманбайұлы атындағы мектептің комментари жібермегені айтылады. Соның қатарында Мақаншы ауылындағы Сейфуллин атындағы мектеп те бар екен. Сәті түсіп тілдескенде директоры Бауыржан Сейітханов расында да облыс әкімін мақтау туралы тапсырма түскенін жасырған жоқ. Тіпті, орнынан алып тастаса да шындығын айту керектігінен тартынбағанын ерлікке пара-пар деуге болады.
-Бұл-аудандық білім бөлімі басшысының тапсырмасы. Әр мектептің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына қоңырау шалып, бір мұғалім бес-он комментариден жазсын деген тапсырма түсті. Аудиожазба білім бөлімінің бас маманы Гүлнұр Жұмашованың дауысы. Мектеп директорларының ортақ чатына салып содан тарап кетті ғой. Уақыт беріп, өзінің чатына жіберуді тапсыруы не бұл сонда?!...Бұл өте ұят жағдай болды. Бұған бір тоқтау болмаса, жақсыға бармаймыз. Онсыз да құл қазақты одан сайын ақымақ қылу дер едім. Кең далада еркін өскен ел едік, осыншалықты ұсақтыққа бару кімге абыройы әпереді. Айтарым осы. Қиын қылса, орнынан алып тастар. Қазір аудан әкімінен бастап қоңыраулатса да таңғалмаймын.,-деп күйінді мектеп директоры Б. Сейітханов.
Азаматтық көзқарасын, ұстанымын бүгежектемей батыл білдірген Бауыржан Сейітханов Үржар аудандық білім бөлімінің басшысы С. Орынбаеваның мұғалімдерден емге орысы жоқ Үржарда жиынды орысша өткізетін оспадарлығы барын да айтып қалды. Тіпті, өзіне де неше рет ескерткен екен. «Бұл не сонда? Өз мемлекетімізде отырып орысша жиналыс өткізу ақылға сыя ма?» дейді мектеп директоры. Алайда, оны Сәуле ханым шыбын шаққан құрлы көрмеген жайы бар.
Мұғалімдерді облыс әкімі Ахметовті мақтау үшін құлдық комментарий жазуға итермелеген не себеп екенін анықтау мақсатында Malim.kz тілшісі ШҚО білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділоваға да қоңырау шалған болатын. Қызығы сол, Жұмаділова аудиожазбаны тыңдап көргенін, алайда, бұл «тапсырманы» бірінші рет естіп отырғанын айтып қоңырау шалды. Айтуынша, мұндай «Ахметовті мақтау туралы» ешқандай нұсқау берілмеген. Сонда бүйректен сирақ шығаратын аудандық білім бөлімінің басшысы Сәуле Орынбаева мен қарамағындағы Гүлнұр Жұмашованың «бастары екеу ме?»... Бұл сұрағымызға Сайрангүл Ахметкәрімқызы Орынбаевадан түсініктеме алатындығын айтып ақталды.
Ал, Ахметов Үржарға келген сайын алдынан «жүгіріп шығатын» Нұржан Тоқсейітов пен оның орынбасары Біржан Тұрлыбеков қазір ештеңе білмейтін сыңайда отыр. Есесіне, Bekbei Bek деген «Фейсбук» желісін қолданушы осындағы «Ертіс ақпарат» тобына төмендегі сілтемені салып үлгерді: (https://www.facebook.com/100003433470334/videos/2702071299917293/) .
Айтпақшы, бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің, ал ертең облыс әкімі Даниал Ахметовтің туған күні. Министр 40 жасқа, ал облыс әкімі 67 жасқа толып жатыр. Бәлкім, бұл үржарлық ұстаздардың үстінен қарайтын Орынбаева мен жергілікті шенеуніктердің өзара «ақылдасып» ойлап тапқан тапсырмасы шығар. Бірақ, облыстан пәрмен берілмесе, өздігімен қимылдайтын оларда дәрмен қайдан болсын?!
Сәтжан Қасымжанұлы, Шығыс Қазақстан облысы.