Мусин такси жүргізушілерінің өтінішін орындамады
Өткен айда желіде "Яндекс такси" жүргізушісінің қандай жалақы алатыны мен оның қанша пайызы ресейлік компанияға түсетіні жайлы айтқан видеосы тарады. Видеода жүргізуші бір айда жинаған 370 мың теңгенің 99 мың теңгесі "Яндекске берген проценті" екенін айтты.
«Құрметті жоғарыдағылар, бізге осындай программа жасап беріңіздер, өтініп сұраймыз! Себебі бір ғана адамның 100 мың ақшасы шетел асып жатыр. Миллиардтаған ақша кетіп жатыр өзімізге жетпей жатқанда. Программа жасап, 20 процент ұстауға разымыз. Жыртығымызды өзіміз жамайық, Жаңа Қазақстанды бірге құрайық! Осындай кішігірім нәрседен бастасақ, одан да үлкен істерге қол жеткіземіз, Иншаллах!» — деді ол.
Бұған дейін де депутаттар Қазақстанда "Яндекс.Таксиге" бәсекелес және азаматтарға балама бола алатын такси қызметін іске қосу керек деген болатын. Бүгін Цифрландыру, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин неге Қазақстанда "Яндекс" сияқты цифрлық такси жобасы жоқ екенін айтты. Оның айтуынша, қазір елде мұндай жоба жасау тиімсіз.
"Естеріңізде болса, Didi такси жобасын іске қосқан едік. Алайда ол нарықта қала алмады. Қытайда бар ақшаға қарамастан, ол "Яндекспен" бәсекелесе алмады, бұл үшін миллиардтаған доллар қажет. Бұған венчурлық инвесторлар инвестиция салуы қажет", - деп түсіндірді министр.
Мусин Қазақстан үшін цифрлық таксидің жеке жобасын жасау тиімсіз екенін атап өтті. Бұл ретте мемлекет цифрлық жобалар жасауды қалайтын кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдіктер жасауға тиіс.