Наурыз айындағы ҰБТ: Бірінші аптаның қорытындысы шықты
Ең жоғары балл – 137.
Наурыз айындағы ҰБТ басталғаннан бері 13019 адам тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 66%-ы қазақ тілінде, 33%-ы орыс тілінде, 26 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, ҰБТ басталғалы шекті балды талапкерлердің 60%-ы жинады. Орташа балл – 59 болды. Ең жоғары балл – 137.
«Наурыз айындағы ҰБТ-ның бірінші аптасы аяқталды. Тестілеу 30 наурызға дейін өтеді. Тестілеуге қатысуға 118 505 өтініш келіп түсті. Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 17,11%-ы «математика-физика» пәндер комбинациясын 15%-ы шығармашылық бағытты таңдаған. 14%-ы «биология-химия» комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – «химия-физика», оны 27 адам тапсырған», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттігі бар 43 талапкер қатысқан.
Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады.
Бүгінгі таңда смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болған 9 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін 11 адам аудиториядан шығарылып, тест нәтижесі жойылды.
Айта кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда студенттің ҰБТ нәтижесі жойылады.
Фото: ашық дереккөзден