Павлодарда қазақ тілді алғашқы мектеп-лицейі бой көтерді

Қазір оқушылар қабылданып жатыр. Жаңа оқу жылынан есігі айқара ашылады.

Malim Админ

  • 28.06.2022

Бұл туралы кеше, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов республикалық БАҚ өкілдеріне берген брифингі барысында мәлім етті.

Ертіс-Баян өңірінде  жыл санап қазақ тілді мектептерге деген сұраныс артып келеді. Ресми статистикаға жүгінсек, бүгінде облыс бойынша барлығы 359 мектеп болса, оның 138-і, яғни 39%-ының оқыту тілі – қазақ тілі. Соңғы бес жылда мемлекеттік тілде білім беретін мектептердің қатары артқан. Соның ішінде төрт аралас мектеп толығымен қазақ тіліне ауысты.

Енді міне, бұл тізім тағы бір су жаңа білім ордасымен толықпақ. Павлодар қаласында жаңадан салынған «Сарыарқа» шағын ауданында орын тепкен мектеп тұсауы биыл күзде кесілетін болды. Бұл облыс орталығындағы лицей дәрежесі бар алғашқы қазақ тілді мектеп болмақ.

«Мектеп құрылысы толығымен аяқталды. Мұнда бір ауысымда 650 оқушы білім алатын болады. Нысан алдағы жаңа оқу жылынан бастап ресми түрде жұмысын бастайды. Қазір оқушыларды тіркеу бойынша тиісті өтініштер қабылдануда. Әлеуметтік, білім саласына жауапты мамандар тиісті талдау жүргізді. Сұранысқа орай бұл мектепте мемлекеттік тілде білім берулетін болады», - деді аймақ басшысы Ә.Сқақов республикалық орталық коммуникациялар қызметінде сөйлеген сөзінде.

Қазақ тілді мектептерге деген сұраныстың артқанын Павлодар облысының білім беру басқармасындағылар келтірген мына бір мысалдан айқын байқауға болады. Павлодар қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы білім ордасында 700-ге жуық оқушы артық оқиды. Яғни, жүктеме тым жоғары. Мектептің үш ауысымға өту қаупі туындауда. Бұл ондағы білім сапасына, санитарлық жағдайға кері әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан аталған білім беру ордасының біраз оқушылары ата-аналардың келісімі бойынша «Сарыарқа» шағын ауданындағы жаңадан бой көтерген лицей-мектебіне ауыстырылмақ. Бұл екі мектеп бір-біріне жақын орналастырылған.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында таза орыс тілінде білім беретін 52 мектеп бар. Соңғы 4 жылда орыс тілді 23 білім беру мекемесінде қазақ тілінде оқытатын бірінші сыныптар ашылған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүргізілмек.