Қазақтың ураны Ресейді екінші орынға шығарды
Қазақстандағы Буденовское кен орнын сатып алған «Росатом» уран қоры бойынша әлемде екінші орынға шықты.
«Росатом» бас директоры Алексей Лихачев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуінде «Ресей уран бойынша әлемде екінші орынға көтерілдік және ядролық отын цикліндегі қайта бөлу бойынша үштікке кірдік. Қазақстандағы Буденовское кен орнын алуға қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтқым келеді»,- деді.
«Росатомның» Буденовское кен орнының 49 пайызын сатып алуы туралы мәміле мамыр айында Қазатомөнеркәсіптің 2022 жылға арналған есебінде белгілі болған. Бірақ осы уақытқа дейін «Росатом» бұл ақпарат туралы мәлімдеме жасамаған болатын. Ал оларға Буденовский кенішіндегі үлестерін биыл көктемде қазақстандық миллионер Александр Клебановтың ұлы Яков пен ресейлік миллиардер Василий Анисимов сатқан екен.
Буденовское кен орны - 1970 жылдары ашылған әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі. Кен орнының екі учаскесіндегі алғашқы технологиялық ұңғыма 2021 жылдың басында ғана салынды. Биылғы жылдың наурызында алғашқы 50 тонна уран өндірілді.