Түркістан. Құмкент ауылдық округінің әкімі сайланды
Түркістан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылдық округі тұрғындарының дауыс беру қорытындылары бойынша ауылдық округ әкімі қызметіне Балықбаев Ерзат Орынбасарұлы сайланды. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Құмкент ауылында болып, округ әкімін ұжымымен таныстырды. Алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, қызметтік куәлігін табыстады.
– Құмкент ауылдық округі ауданымыздағы ірі округтедің бірі болып табылады. Мұнда алдағы уақытта атқарылар жұмыстар көп. Нақты жоспарларымыз бар. Сіздің ендігі міндетіңіз- халықпен тығыз байланыста болып, сенімін ақтау. Халықтың әл-әуқатын арттырып, ауылдың өмірін жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстарды өз дәрежесінде атқаруды тапсырамын. Тұрғындар сенім білдірген соң, елдің игілігі үшін аянбай қызмет ету керек,- деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Аталған рәсімге қатысқан ауыл ақсақалдары жаңа сайланған әкімді ауыл тұрғындары бір ауыздан қолдағанын айтып, жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ ауылдық округте бұған дейін де тиісті жұмыстар өз дәрежесінде жүргізілгенін атап өтті. Өз кезегінде сөз алған Ерзат Орынбасарұлы туған өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында аянбай еңбек ететінін жеткізді.
Балықбаев Ерзат Орынбасарұлы 1971 жылы ОҚО, Созақ ауданы, Құмкент ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Оңтүстік Қазақстан Политехникалық колледжі мен Халықаралық гуманитарлық техникалық университетін Техник-электромеханик, Құқықтану мамандықтары бойынша тәмәмдаған. Алғаш қызмет жолын 1992 жылы «Құмкент» совхозы №1 фермаға қызылша егу звеносына жетекші ретінде бастап, 1994-2004 МТМ-ге механизатор, 2004-2006 №1 фермаға звено жетекші, 2006-2008 ТЖ шеберханасында электрик, 2012-2018 «Азиз» шаруа қожалығында атқарушы директоры, биылғы жылдың наурыз айынан бері Созақ ауданының Құмкент ауылдық округі әкімшілігінде статист маман қызметін атқарған. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін (бұдан әрі- ауылдық округ әкімдері) жергілікті тұрғындардың өздері тікелей сайлау бастамасын көтерген еді. Осыған орай республиканың Ұлттық экономика министрлігі орталық мемлекеттік органдармен келісе отырып, мемлекетіміздің кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын әзірлеп, оларды Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынды. Аталған заң жобаларына саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, қалың жұртшылық, зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін білдірді, ұсыныстарын айтты. ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатында екі ай бойы жан-жақты талқыланды. Қоғамның оң бағасын алды. Мемлекет басшысы Заңға қол қойды. Соның нәтижесінде еліміздің ауылдық округтерінде әкімдер сайлауы екі жылдан бері өтіп келеді. Заңда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес енді бұдан былай аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтері әкімдерін тиісті әкімшілік- аумақтық бірліктің сайлаушылары тікелей өздері сайлайтыны айтылған. Сайлау туралы Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда әкімдердің сайлауын өткізу, оларға қойылатын талаптар, әкімдікке кандидаттар ұсыну, ұсынылған кандидаттарды тіркеу, әкімдер сайлауын өткізу, сайлау қорытындыларын белгілеу және жариялау, сайланған әкімдерді тіркеу тәртіптері нақты айқындалған. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы жұмыс істеп тұр. Құжат 67 түзетуден тұрады. Заң жобасында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент пен ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуге қатысты өзгерістер ұсынылған. Сайлау заңнамаларына сәйкес ауылдық округ әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу, сайлау қорытындысын белгілеу мәселелерімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясы айналысады. Екінші жартыжылдықта өткізілетін ауылдық округ әкімдерінің сайлауын аудандық аумақтық сайлау комиссиясы әрекеттегі әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде қырық күн бұрын тағайындайды және олардың заңда белгіленген өкілеттік мерзімі аяқталуына дейін кемінде он күн бұрын өткізілуге тиіс. Қазақстан Республикасының азаматы ауылдық округ әкімі болып сайлануы үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін- өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
Соттылығы бар, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа шатылғандар кандидат бола алмайды. Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге дейін он бес күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері қатарынан, азаматтар – өзін-өзі ұсыну тәртібімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясына ауылдық округ әкіміне кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы жүзеге асырады.
Әрбір саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкімдігіне кандидат ұсынған құжаттар негізінде үш күннің ішінде оның еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтайды. Әкімдікке кандидаттар үшін сайлау жарнасы қарастырылған. Саяси партия ұсынған кандидат үшін партия қаражатынан, ал басқа кандидат өз қаражаты есебінен аудан әкімі аппаратының шотына Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді. Әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін басталады және сайлау күніне дейін он күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу туралы хаттама жасайды және тіркеу туралы хабар жариялайды. Тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына белгіленген тәртіппен және нысанда ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады. Ауылдық округ әкімін сайлау жөніндегі дауыс беру сайлау күні жергілікті уақытпен сағат жетіден жиырмаға дейін өткізіледі. Учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша дауыс беру хаттамасын жасайды және оны дереу аудандық аумақтық сайлау комиссиясына сайлау материалдарымен бірге тапсырады. Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын жинаған кандидат ауылдық округ әкімі болып сайланды деп есептеледі. Осы кезеңдердің бәрінен өткен Балықбаев Ерзат Орынбасарұлы елдің сеніміне ие болып, әкім болып сайланды.