Жүз мыңдаған студент оқудан шығып қалғалы тұр

Олжас Қасым

  • 25.04.2020

Сарапшылар жаппай жұмыссыздық пен экономикалық қиындық төніп тұрғанын  айтып жатыр. Ақылы бөлімде оқитын жастар оқуын жалғастыра ала ма? 2019-2020 жылғы оқу жылы студенттер саны былтырғымен салыстырғанда 11,4 пайызға көбейген. Жалпы республика бойынша студенттердің саны - 604,3 мың. Олардың 70 пайызы (424,3 мың студент) ақылы бөлімде білім алады.

Қазақстанда ең төменгі айлық мөлшері - 42 500 теңге. Ал орташа айлық мөлшері - 203,9 мың теңге. Төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге жәрдемақының 3 миллионға жуық адамға бөлінгенін ескерсек, халық тұрмысының қандай екенін аңғару оңай.

Ал жоғарғы оқу орындарының оқу құны аз ақша емес. Мәселен, әл-Фараби атындағы ҚҰУ-де жылдық оқу құны 980 мың  мен 1,5 миллион теңгенің арасы.  Елордадағы Л. Гумилев атындағы Еуразиялық университетінде білім алу үшін жылына  944 мың  968  теңге төлеуіңіз керек. Ал Назарбаев университетінің студенттеріне жылына 19-23 мың АҚШ долларды мемлекет төлейді. Әрине, облыстағы университтерде бұндай баға жоқ. Қарағанды қаласындағы Е. Бөкетов атындағы мемлекеттік университеттің ақылы бөлім студенттері жылына 350 мың теңгеге білім алады. Бірақ бұл да аймақтағы ата-аналардың қалтасына жеңіл тимейді.

Абай атындағы ҚҰПУ-нің Филология және көптілді білім беру институты директорының орынбасары Алмас НАЙМАНБАЙ жаңа оқу жылында ақылы бөлімге түсетіндер саны жылдағыдан азаяры анық дейді.

«Карантиннің халықтың тұрмыс-тіршілігіне кері әсер тигізіп жатқаны белгілі. Карантиннен кейін демей-ақ, дәл қазірдің өзінде бітіруші курс студенттерінің оқу ақысын толық төлей алмай жатқанын көріп, біліп отырмыз. Олар мемлекеттік емтихан тапсыру, диплом жұмысын қорғаулары үшін оқу ақысын толық төлеулері тиіс. Кейбір ата-аналарға күнделікті табысынан айрылғандықтан төлем жасау қиынға соғып тұр. Карантин жағдайында ақша табудан бөлек, бар ақшаға төлем жасаудың өзі оңай емес. Әсіресе ауылдық жерде тұратын студенттер қиналуда», - дейді Алмас Найманбай. 

16 наурыздан бері Қазақстанның 125 жоғарғы оқу орны қашықтан білім бере бастады. Кейбір студенттер онлайн оқуды арзандату керек деп есептейді.

«Карантин жазға дейін бітсе, оқуымда жалғастыра аламын. Егер ұзара түссе не боларын білмеймін. Оқудан шығып қаламын ба деген қорқыныш бар. Ата-анам жылына оқуыма 900 мың теңге төлейді. Жатақханаға 500 мың кетеді. Бұндай ақшаны табу қиын. Біз офлайн түрінде білім алу үшін ақша төлеп жатырмыз. Қашықтықтан оқып жатқан соң оқу құнын түсіру керек», - дейді Гүлсина есімді 2 курс студенті.

Malim.kz сайтының тілшісіне сұхбат берген  ҚР Жоғарғы оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман АЛШАНОВ студенттер жылдық төлемнің 15-20 пайызын ғана төлеп жатыр. Ақша таппай көмек сұрап жатқандар да бар дейді.

«Карантиннен кейін ақылы бөлім студенттері азайып кетуі ықтимал. Барлық жұмыс орындары тоқтап қалды. Сондықтан оның себебі түсінікті. Біз қазір үкіметтен оқуға  төлеу үшін студенттерге пайызсыз несие беруін сұрап жатырмыз. Сенат пен мәжіліс депутаттары қолдауда. 300 мыңнан аса жастар ақылы бөлімде оқиды. Бұл көп емес. Үкіметтен көмек болмаса, студенттер азаюы мүмкін. Қазір қашықтан оқытылып жатыр. Бұл сырттай сияқты ғой. Біраз балалар соған ауысуы ықтимал. Төлем азаяды. Бірақ оқудан қол үзбейміз», - дейді Рахман АЛШАНОВ.

Сонымен қатар Жоғарғы оқу орындары қауымдастығы Білім және ғылым министрлігінен қосымша гранттар сұрап жатыр екен.

Шетелдерде 100 мыңнан аса қазақ студенттері білім алып жүр. Мамандар "АҚШ пен Еуропада оқып жатқандары қайтады. Осы арқылы жеке меншік білім ордалары студенттермен толығады" дейді.

«Карантинен кейін шетелде біліп алып жатқан студенттеріміз елге оралады. Ресейде оқып жатқан жастарымыз қайтып та жатыр. АҚШ пен Еуропада қазақтарға қарсы дискриминация пайда болды. Өйткені қазақтармен қытайларды шатастырады. Олар бізді орысша сөйлейтін қытай деп таниды. Жеке бас қауіпсіздігі үшін «не көрсектте өз елімізде көрейік» деп қайтады деп ойлаймын. Сондай-ақ,  күзде коронавирус қайта тарайды деген ақпарат шықты», - дейді Астана Қаржы академиясының профессоры Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ. 

Сүлеймен Демирел атындағы университет студенті Заңғар ОМАР бар ауыртпалық ата-аналардың иығына түсті. Олар балаларына бұндай қиын жағдайда айтатын сөз таба алмай отыр дейді.

«Барлық ата-ана баласын оқытқысы келеді. Сондықтан қайтеді? Оқытады. Бірақ тұрмыстары одан да ауырлай түседі. Қарызға батады. Қазір ата-аналарға қиын. Біздер үшін қатты уайымдап жүр. Ұл-қыздарына көп нәрсені айта алмайды. Бір бала түсінер, бір бала түсінбейді. Университеттер осы жағдайды ескерсе дейсің. Мен бірінші курсқа түскенде жылына 730 мың төлейтінмін. Қазір 800 мың төлеймін. Келісімшартта инфляцияға байланысты оқу құны өседі деген пункт бар. Індет айтпай келді. Алдағы 1 семестрдің ақшасын арзандатса. Келісім бойынша 20-25 тамызға дейін қаржының 50 пайызын төлеу керек. Жылдық ақшаны үшке бөліп төлейтін жеңілдік жасаса», - дейді Заңғар Омар.

МАҚАЛАНЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ

Байланысты жаналықтар

Мамин мектептерді ашпақшы. Қауіп жоқ па?

11.08.2021

Болат Атабаевпен екінші сұхбат

09.07.2021

Министр Райымқұлова – ойыншық

20.05.2021

Қытай геноцидіне қарсы акция тоқтамайды

13.05.2021

Шындықты айту да өнер!

01.05.2021

Түркияда өзбек сериалын түсірген қазақ

23.04.2021
MalimBlocks
Мамин мектептерді ашпақшы. Қауіп жоқ па?

Болат Атабаевпен екінші сұхбат

Министр Райымқұлова – ойыншық

Қытай геноцидіне қарсы акция тоқтамайды

Шындықты айту да өнер!

Түркияда өзбек сериалын түсірген қазақ