Абай Аймағамбет. Әкім

Malim Админ

  • 24.03.2021

Адамға бақ қонайын десе әй-шәйға қаратпайды екен-ау...

Шаһардың түгелдей арамшөп басып, қу мекиенге айналған солтүстік жағында былтыр әйгілі құрылыс компаниясы жұмыс бастап, айналасы жарты жылда еңселі-еңселі тұрғын үйлерді самсатып салып тастаған. Тырбанып жүріп сол үйлердің бірінен пәтер де алғанбыз. Мейлі, жалақының тең жартысы несиеге кетсе де өз үйіміз ғой деп апыл-ғұпыл көшіп келген бетіміз. Мейлі, жетер жолы ойдым-ойдым, омыртқа мен белдің соры ғой десек те көнгенбіз. Маған, әсіресе, кеш батысымен қыз-қыз қайнап жататын тұрғын үй кешеніндегі қарбалас өмір қызық-ақ. Айналамызда үлкенді-кішілі кафе, бар, асхана, сырахана, тіпті шағындау келген түнгі клубқа дейін бар.

Бүгін жұмыстан ерте қайтқанымды кәдеге жаратайын деп мұқият тамақтандым да, кештете сыртқа шығып кеттім. Маңдайшасында «Ас болсын» деген жазуы бар кафеге кіргенімді анық білемін. Өзім сияқты таңдайы қақсығандар да табыла кетті. Өзін Жорабек деп таныстырған, менімен түйдей құрдас болса да шашы ағарып, көз алды күлтілдеген жігіт ағасы да бүгін көшіп келіпті. Екеуміз ақша деген қу пәленің айналдыра қашып ұстатпай жүргенін, дүние деген жарықтықтың қанша қусақ та жеткізбей кеткенін жарыса айтып, бір емес-ау бірнеше бокал сыраға тапсырыс бергеніміз санамда сайрап тұр. Одан әрі қарай көз алдым дереу көмескі тартқан. Ішімдікті мұңға батырып отырып ұрттасаң тез масайтпаушы ма еді?! Тек түсініксіз елестер ғана бірер секундқа қана санамда аялдайды да, еш із қалдырмастан жалт бере түседі.

Қанша ішсем де жылдам ес жиыппын. Дабырлай сөйлеп, мұңымды бөлісіп отырған Жорабек көрінбейді. Өзімнің де, оның да аямай сімірген еңбегін өтеуге мәжбүр болдым. Ашаң жүзді, серейген даяшы жігітке ақшаны ұстаттым да аяңдай басып үйге келгем. Есікті кішкентайым Инабат ашыпты. «Анам ұйықтап қалды» деді тақылдап. «Тіпті жақсы болды» деймін. Беті-қолымды шайған соң одан әрі сауығып алдым. Қызым екеумізден басқасының бәрі тегіс ұйқыға бас қойған. Ол түсте ұйқысын қандырып алған ба менімен ойнағысы келеді. Мен де сергіп қалғандаймын. Қалауын орындап, еркелетемін. Ән айтып берші дейді Инабат еркелеп. Саған айтпаған да кімге айтамын деймін мен де еліре түсіп. Барқырап бар даусыммен «Балқадишаны» шырқаймын келіп.

– Қойыңызшы, – дейді ол қабағын кіржитіп, аузын бұртитып, – «Бол жанымда» ма, әлде «Оригинал» ма, соларды тыңдағым келеді. Қызымның айтып тұрғандарын бір-екі рет естігенім бар-тын. Енді әр жерінен үзіп-жұлып соларды айтқыштаймын.

– Ал сен оригиналсың,

Таза, табиғи нәрсің...

– Сіз қатты айғайлап жатырсыз, – деген дауыстан селк етіп оянып кеттім. Алақтап айналамнан Инабатты іздеймін. Жаңа ғана тіземе шығып секіріп отырған сары қызым ізім-ғайым жоқ. Қос қолын артына қусырған, жүзіне мейірім тұнған даяшы әлгі сұрағын тағы қайталады.

– Мен үйде емеспін бе? – дедім қарсы сұрақ қойып. Ол басын шайқады. Айтуынша, тұп-тура төрт сағаттан бері осы жерде екенмін. Екі сағат бас алмай ішсем, екі сағат тоқтамай ән айтыппын. Ұят-ай дедім ішімнен өртеніп. Ұялып отырып тағы бес-алты бокалды тоқтаусыз сілтесем керек. Тағы да көзім ілініп кетеді. Үйге қайтқан боламын. Бұл жолы әйелім ояу екен. Шаң-шұң етіп құлақ етімді жеп жатыр. Осылайша, бір емес бірнеше рет ұйықтап кетіп, бірнеше рет үйіме барып келдім. Құдды шынымен үйге барып, қайта кеп жүргендей ентігіп, шаршап қалыппын.

Буын-буынымнан әл кетіп, әбден қалжырағам. Даяшының қос қолтығымнан демей ұстап үйіме жеткізіп салғанын еміс-еміс білемін. «Сендер мастың бәрін осылай үйлеріне тасып жүресіңдер ме, немене» деймін оған қылилана қарап.

Таңертең шағын қалашығымыздағы бүкіл тұрғын, ұсақ-түйек қызметкерлер менімен қуана амандасып, күлісіп сөйлеседі. Кешегідей халықпен етене болсаңыз жүдә жақсы ғой дейді бірі. Сіз де адамсыз ғой, ішесіз, көңіл көтересіз, онда тұрған не бар екен дейді екіншісі. Сыраға сылқия тойғаным үшін осыншама қолдау көремін деп кім ойлаған.

Подъездің табалдырығынан аттамай жатып осыншама мақтау естіген басым, далаға шығысымен қошеметтің астында қалдым.

– Сіз осында тұратын ба едіңіз, – деді жаныма жүгіріп келген бет-аузы меңге толған арық келіншек.

–  Бір-екі күн болды... – деймін абдырап.

– Апырай, сізді қалай байқамағанмын, – дейді бетін шымшып. Содан бері менімен алғаш кезігіп тұрғанына кәдімгідей өкінетін секілді.

– Бұл өз үйіңіз бе, сонда? – деді қаумалаған топты киіп-жара қарсы алдыма келген егделеу әйел.

– Өз үйім... ипотекаға алғам...

– Әні, – деп егде әйел жанындағыларға сұқ саусағын шошаңдатты.

Жаппай бәріне не болған деп аңырып мен тұрмын. Әлдебір дүрбелең басыма түскелі жатыр ма деп көңіл алаңдап, жүрек әдеттегі соғысын жиілетейін деді.

– Осындай адам болса да, қарапайымдылығын жоғалтпаған. Әйтпесе, әкім ипотекаға үй алыпты дегенді кім естіген!

Сонда ғана өзімнің әкім екенімді түсіндім. Ендігісі – қай жаққа, қашан әкім боп тағайындалғанымды анықтау ғана еді. Бірақ ол әзірге мүмкін емес сияқты...

Өзгелердің даудыраған дауыстарынан құлағым шыңылдап, кімнің не деп жатқанын айыра алмай кеттім. Сұқ саусағын безеген егде әйел, сірә, маған қатысты тағы бірдеңелерді айғайлап айтып жатыр. Өзгелерді өз сөзіне барынша сендіргісі, иландырғысы келгендей ышқына түседі.

– Сізбен суретке түсейікші, – деп тағы бір топ әйел жабыса кетті. Өздері би, өздері қожа. Әрі де, бері де сүйрелеп, қалағандарынша селфилетіп жатыр.

Адамға бақ қонайын десе әй-шәйға қаратпайды екен ау...

Бұл уақытта айналама біраз жұрт жиналып, басқалардың да назарын бұра бастаған. Мен мына қаумалаған біртүрлі адамдардан қалай айнала қашып шығарымды білмей, тығырыққа тірелгем де қалғам.

Айналамдағы көпқабатты үйлердің балкондарының да есігі ашылып-жабылып, төбемнен төнген адам саны да арта түскен.

– Қарашы өзін, жаяу жүреді екен, ә, – деді төрт-бес адым жерде таяғына сүйеніп маған күлімсірей қарап тұрған қысық көз сары шал қасындағы замандасына.

– Беті жылтыраған пәле ғой. Түк те шешпейді, – деді қасындағы тапал бойлы, қайыстай қара шал жақтырмай қарап. Өзі шатақтау ма деймін.

– Кешіріңіздер, – дедім тамағымды кенеп, мейлінше саңқылдап сөйлеуге тырысып. Бірақ менің дауысым құмығып қалған ба, әлде айналамдағы адамдардың уілі басып кетті ме, мұнымды ешкім де естімеді.

– Тоқтаңдар! – дедім бар даусыммен ышқына айғайлап, – Сіздер мені біреумен шатастырып тұрсыздар!

– Ойпырма-а-ай, мынаны қара, – деп мырс етті әлдебіреу топ ішінен, – көпе-көрнеу қашып кетпекші ғой. Халықтың қаржысын сықай тиеп, ертең ақ бұл да тайып тұрар Швейцарияға!

– Соны айтам, – деп екіншісі қосыла кетті, – КСК жұмыс істемей тұр, балалар алаңқайы жоқ, көліктер қалай болса солай қойылған, бюджеттің ақшасы жайлы біреу бізге ләм деп айтпайды. Осыған дейін алданғанымыз жетер, – деп арындап барып бір-ақ тоқтады.

– Иә, сізді күнде кезіктіре бермейміз, – деп орта жастағы белсенді жігіт өңмеңдей алдыма келді. Өзі ашулы. Жағамнан ұстап, лақтырып жіберетін сияқты түрі неткен сұсты еді.

– Кабинетіңізге кіре алмаймыз. Одан да қазір айтыңыз. Мынау ен даладағы үйімізге жету нағыз азап. Жол мәселесін шешпей болмайды. Биылдан қалдырмаңыз. Әйтпесе, пикетке шығамыз! – деді өткір көздері өңменімді тесіп жіберердей болып. Осылай ашулана сөйлегенде аузымен жел бүркіп, бойымды суық ауа қарып өткендей болды. Пәлі, халықтың қаһары осындай болар ма деймін асып-сасып. Ақыры мұншама қалың адамға бір жауап беруге тура келді. Амал қайсы, галстугымды тартқылап, костюмімнің ілгегін бір түйіп, бір ағытып сөйлеуге бекіндім.

– Азаматтар, жауап бергенде былай ғой, біріншіден мен... – дей беріп ем, алысырақ тұрған орыстың кемпірлері шәңкілдей сөйлеп жауабымды үзіп жіберді.

– Бұлар қашан тура жауып беріп еді? Үнемі созбақтап, тақырыптан ауытқып, түкке қажеті жоқ сөздерді айтып тұрып алады.

– Бұларды тыңдап уақыт құртудың өзі бекер, – деп тағы бір топ қайырылып тайып тұрды.

– Жіберіңіздер, мен жұмысқа барайын, – дедім қалғандарына жәутеңдей қарап.

– Әкім мырза, міне қазанның ортан беліне жеттік, ал жылу әлі жоқ. Бәрінен бұрын құндақтаулы сәбилерімізге обал. Осыны шешпесеңіз – онда қызметтен өз еркіңізбен кете салыңыз, – деп зіркілдеді бір топ бесік арба тербеткен жас әйел.

– Әйтпесе, аттан салып алаңға барамыз. Одан басқа да қаншама проблеманы шешпей жүрсіздер, – деп қосылды тағы біразы. «Азаматтар, мен сіздер айтқан шаруаға жауапты емеспін. Мен де сіздер сияқты...» дей бергенде бағанағы шатақ шал «айына пәленбай миллион жалақы аласың да, жауапты емеспін деп кекірейесің, а» деп киіп кетті.

Сағатыма қарасам, жұмысқа тұп-тура бір сағат кешігіппін. Мына сортаңданған ойқы-шойқы жолмен аялдамаға дейін жетіп, әрі қарай автобуспен итіңдеп жұмысыма барғанша тағы бір сағат сарп етемін. «Өз еркіммен жұмыстан кетудің» көкесі сонда болатын сияқты.

Тығырықтан қалай шығамын деп бас қатып тұрғанда, емпеңдей жүгіріп бір әйел жетіп келді. Оған да үркіп қарағанмын. Бірақ мыналардай емес, түсі жылы сияқты.

– Сізді арнайы барып шақырамын деп жүр едім. Өзіңіз келіпсіз ғой, – дейді омырауы өзінен қос қарыс алда жүретін былқылдаған толық қатын ентігін баса алмай. – Бүгін немерем жасқа толып жатыр. Өзіңіз тұсауын кесіп беріңіз!

Былқылдаған толық қатын осылай деді де, артына бұрылып «Әй, Сәлимә! Сәлимә дейм!» деп айғайға басты. Сірә, келіні ау деймін. Өзінің дауысы зор екен: «Дастарханыңды дайында жылдам! Әкімді ап бара жатырмын!».

Өзімнің кім екенімді айтып түсіндірейін дегенше болған жоқ, былқылдаған толық қатын мені қолтықтаған қалпы дедектете ертіп әкетті. Қарсыласқым келгенімен, әлгі арызқой топтан құтылып шыққаныма қуанатын сияқтымын. Үш бөлмелі үйдің іші жып-жылы, жап-жарық екен. Бір жасқа толған құлыншақ томпаңдай басып, алдымнан шықты. Отағасы да ақжарқын, кең пейіл жан көрінеді. Артық-ауыс әңгімесі жоқ, қалбалақтаған кісі.

– Сізді көргеніме сондай қуаныштымын! – деді қос қолдай қысып, – Немереме сіздің жолыңызды бергей! Өзіңіз кесіңіз!

Үй іші әп-сәтте бар керек-жарақты даярлап тастапты. Қолыма пышақты да ұстата қойды. Әрі қарай түк қиындығы жоқ шаруа ғой, балапанның аяғына байланған жіпті бырт еткізіп қиып жібердім. Асығыс екенімді айтып, шәйға қарамастан зыта жөнелгім кеп тұр. Қалбалақтаған отағасы жайылған дастарханды меңзеп, қонақ болыңыз дейді екі көзі күлімдеп. Амал жоқ, әкімдерше сөйлеуге тура келді:

– Айып етпеңіздер, – дедім кенет өзімді шенеуніктерше ұстап, – жұмыс көп, қазір 11-де аппарат жиналысы күтіп тұр. Әлі талай келемін ғой.

– Ә-ә сіздер қызметтесіздер ғой, – деп былқылдаған толық қатын елпілдеп алды-артыма шығып, сырт киімімді дайындап, бәйек болды да қалды.

– Біздің үйге кіріп-шыққаныңыздың өзі зор құрмет, – деп қалбалақтаған отағасы туфлиімді жұмсақ қара губкамен ысқылай бастады.

Шығып бара жатқанымда омырауы өзінен қос қарыс алда жүретін былқылдаған толық қатын тағы да жанасалай келіп, өзі сияқты том-томпақ конвертті төс қалтама сүңгітіп жіберді. Әуелі жүрек тұсым жылып кетті де, артынша әлгі ыстық ағыс басыма дейін жайыла жөнелді. Қалбалақтаған отағасы мен былқылдаған толық қатын «алмаймын» деп қарсыласуға да келтірген жоқ, сылап-сипап шығарып салды.

Адамға бақ қонайын десе әй-шәйға қаратпайды екен ау...

Проблемасын айтып, миымның шат-шәлекейін шығарған бағанағы топ та тарқаған секілді. Тағы біреу-міреу алдымнан шыға келіп, тежеліп қалмайын деген оймен бұқпантайлап басқан қалпымда жолға шықтым да, автобусқа да мінуге именіп, таксимен зымырай жөнелдім.

Жұмысқа келе сала әлеуметтік желіні қосып едім, су жаңа жаңалық жарқ ете қалып, шалқамнан түсе жаздадым. Түр-келбеті де, дене бітімі де менен аумайтын жігіт оншақты күн бұрын ғана біз тұратын мөлтек ауданның әкімі болып тағайындалыпты. Аты-жөні де ұқсайды. Есім-сойы – Жұбан Әйімбетов. Менікі – Нұрлан Әділбеков.

Алайда ауданның тұрғындарына мұны оп-оңай түсіндіру мүмкін болмады. Күнде алдымнан күтіп алып, арыз-шағымдарын айтып, есімді шығарады. «Әкім емеспін» десем сенбейді. «Мені шатастырып тұрсыздар» десем «олай алдаусыратпа» дейді. Жеке куәлігімді көрсетейін десем, оным әлдебір сыраханада кепілдікте жатыр. Тіпті біразы қызбалана келе үстімнен арыз жазатын, сотқа беретін, ақырынды абақтыға қуып тығатынын айтып қорқытатын да боп алды. Соған қарамастан ойда-жоқта басыма қона салған бақты өз қолыммен үркіте салуға құштар бола қоймадым. Қанша сөз естісем де дәл бұл күйден ажырағым келмейтін сияқты. Қызмет дегенің осыншама тәтті болар ма деймін апақ-сапақта ойдым-ойдым жолмен шойнаңдап келе жатып.

Бұл тұрғын үй кешенінде мені жақсы көретіндердің де қарасы көп. Қашан болмасын сопайып жалғыз жүргенімді қарапайымдылық деп бағалай ма, кәдімгідей елпілдеп сыйлайды. Алдымнан кесе өтпей, құрмет көрсетеді. Өткен жолғы тұсаукесер сый-құрметтің тек басы ғана екен. Бұдан кейін қаншама тойдың төрінде шалқайып, ыстық лебіз пен мақтау-марапатқа ықылық ата тойып, кекіріп-кекірейіп отырдым десеңізші. Әп-сәтте әкім болу дегенің күн санап емес, сағат санап жағып бара жатты.

Кейін қызды-қыздымен үйге әкім кейпінде келетін боп алдым. Әкім осыншама жұпыны, осыншама сорлы деп айтпасын деген оймен қара базардан су жаңа плащ пен тұнық көк костюм-шалбар сатып алдым. Әкім басыммен шойнаңдап жаман жолмен жүргенім ұятты деп, есік алдына дейін «Яндекс такси» шақыртамын. Қайтарда да жол ақысын метріне есептейтін элита таксимен үйдің алдына дейін келемін. Ондай кезде тұрғындар алдымнан жамырай шығып, қарсы алып та жатады. Әкім бола тұра такси қызметін тұтынатыныма қатты таңырқап, бастарын шайқайды.

– Қалдарың қалай? – деймін ондайда маңғаз басып, маңызды кейіппен.

– Шүкіршілік қой, – деп тұс-тұстан жамырай кетеді олар бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай.

– Ә, бәрекелді, – деймін бір жөткірініп, бір шалқайып, бір еңкейіп, қайтсем әкімге ұқсаймын деп арпалысып тұрып, – жоқ дей берсек жоғалып кетеміз, біз халыққа жағдайды жасап жатырмыз. Бәрі де болады. Сәл күтіңіздер, – деймін сосын сәл-пәл жымиып.

– Рахмет, – деп жамырайды әлгілер, – сіздің арқаңызда ептеп жағдай жақсарып жатыр ғой. Ішінен біреуі шу шығармай тұрғанда қарамды батырайын деймін де, асығыс қоштасып үйіме қарай зып беремін.

Келе-келе әкім басыммен арзан асханаға барғаным ұятты деп, тұрғын үй кешенінің шығысындағы сән-салтанаты келіскен мейрамханаға баруды да жиілеттім. Баяғы өзім алғаш сырасын суша сімірген «Ас болсынның» жанынан тыжырынып өтемін... Бірақ әкімге сай өмір сүру де қалтаны күн өткен сайын қаққыштап, күн өткен сайын кедейленген үстіне кедейлене бердім. Ипотекаға үй берген жалмауыз банк «бөрі арығын білдірмес...» дегенге түкіре салмай ма.

Жұмыста бастықтың көңілінен қалай шығамын деп дедек қағып, жұмыстан келген соң «әкімдік қызметіме» кірісемін деп-ақ шаршаймын. Сөйтіп жүріп, несие төлейтін күнге де жетіппін. Енді бір күн кешіктірсем қарызы өсіп шыға келмек.

Сондай күндердің бірі еді. Қарсы алдымнан шашы жасына жетпей қудай болып ағарған, көз алды күлтілдеген Жорабектің жолыға кеткені. Қушиған жауырынымнан қапсыра құшақтап апыр-топыр жұлмалай амандасты. Аздап, аздап емес кәдімгідей сыраға бөгіп алған түрі бар.

– Сен әкім екенсің ғой, е, – деді әй-шәй жоқ, – әкіммен ішіп жүрген менің де бағым бес елі екен ау, ә!

– Тынышшш, – дедім сұқ саусақ пен мұрынды іске қосып, айналама бір қарап алдым да, – әкім болсақ та біз де адамбыз ғой, – дедім сыбырлап.

– Әй, молодес, – деп ол ет қашқан жауырынымды тағы жұлмалады, – простойсың ғой. Қазір қалада арбакештің өзі адаммен сөйлеспейді. Сен әкім бола тұра простойсың ей!

Сосын ол мені қолтықтаған қалпы алға жүрді. Әлдене деп бұйымтай бастағалы тұрғанын бірден сезгем.

– Досым, – деді ол бірер сәттік сыра ішіскен жақындығын пайдаланып, – менің баламды жұмысқа тұрғызшы. Ол ит мен сияқты емес, ақылды өзі. Табақтай дипломы бар пәлекеттің, – деп ыржалақтай күлді.

– Жореке, бұл оңай шаруа емес қой, – дедім қаздаңдай басып келе жатып.

– Саспа, – деп қалт тұра қалды, – Жорекең жоралғысын жасайды! Мен де жөн-жобаны білетін адаммын ғой! Ол маған сенбейсің бе дегендей көздерін мөлите қарап, аузын шүртитті.

– Келістік, – дедім. Екеуміз шартпа-шұрт қол алыстық. Жорабектің жоралғысы да көп күттірген жоқ. Қатын кешке бір жілік етті бұтарлап жатқан. Менімен танысқалы қасымнан бір елі қалмай, не айтсам да «ғажап бастама» деп бағалаудан шаршамайтын кәсіпкер досым Сейтен екеуміз қымбат мейрамханадан ас ішіп, «Ас болсынның» қасынан тыжырына өтіп келе жатқанымызда телефоныма «картаңызға қаражат түсті» деген хабарлама келген. Мұндай бақытты һәм бақуатты күндерден айырылып қалу кімге ұнайды дейсің. Мөлтек ауданымызда қаншама шешілмей жатқан проблемалардың бар екеніне қарамастан, «әкімдіктен» тап қазір кете қойғым келген жоқ.

Оның үстіне Сейтен «сіздің атыңыздан ЖШС ашайық. Пайданы тең бөлеміз» дейді.

Мен оған «Сені орынбасар етемін. Сәл шыда» деп арқасынан қағамын.

Адамға бақ қонайын десе әй-шәйға қаратпайды екен ау...

Қатын білсе «сенікі не қиялдану» деп баяғыда бажылдап, сабама түсірер еді. Әзірге ол бейхабар. Бір қуанышты, бір мұңды күндер осылай жалғасып жатқан. Бір күні кешкілік Жорабек сияқтылар тарту еткен әртүрлі сыйлықтарды санамнан тізбектей өткізіп, ойға шомып жатқам. Ойымды теледидардағы тілші қыздың нәзік даусы қайта-қайта бөліп кете береді. Сол сәт үйге әйелім алқын-жұлқын асығып кіріп келіпті.

– Ойыбай, осыған дейін жұрт сені әкім деп ойлап жүріпті ғой, – деді ентігін баса алмаған қалпы.

– Е-е-е... – дедім мен мән бермеген болып теледидардан көз айырмаған күйі.

– Ертең келеді екен сол әкім. Ойыбай, тура сенен аумайды дейді. Тек бетінің сол жағында әйдік қалы бар екен.

– Е-е-е... – дедім күрсініп. Не үшін күрсіндім, онымды өзім де онша түсіне қоймадым.

– Әні, айтып жатыр, – деп әйелім етігін шешпеген, көзін теледидарға қадаған күйі еденді тоқылдата басып жаныма таяп кеп қалды.

Еш мақсатсыз қарай салғаным сол еді, экраннан сорайған 9 қабатты үйлері бар біздің қалашықты көрсетіп жатыр екен. Жүрек тұсым зырқ ете түсті де, амалсыз тілші қыздың нәзік даусына енді шындап құлақ қоюға тура келді. Сөйтсем, күні ертең мөлтек ауданымыздың жаңа әкімі Жұбан Әйімбетов біздің қалашыққа келмекші екен. «Мұндағы тұрғындардың базынасы көп. Күрмеуі шешілмеген мәселелер баршылық. Адамдар әкімді күнде көретінін, ал мәселенің шешімін таппайтынын айтып шағымданды» деп сайрап жатыр нәзік дауысты тілші қыз.

Алдымнан ойқастап шығып, шағымын айта беретін қайыстай қара шатақ шал қақалып-шашалып сөйлеп жатыр. Өзінің сөздері түйдек-түйдек. «Әкім күнде уәде береді. Өзі осында тұрады. Әлі ұстатпай жүр» дейді шатақ шал екі иінінен демала сөйлеп. Қатын бадырайып маған қарайды. Мен «бұларда шаруам қанша» дегендей иығымды қиқаң еткіземін.

Халық үнемі шағым айтып, шаршата бермейді ғой. Ара-тұра біреулер еш себепсіз шайға шақырып, сый-сыяпат жасап, кейде рухани, кейде материалдық тұрғыдан көмек ұсынып, көңіл аулап тұрушы еді. Ондайлардың да пейілінен бас тарта алмай қиналып жүруші едім. Қиналсам да көңіліме сондай жағымды болатын. Енді ондай-сый-сыяпаттың да шорт үзілетінін анық түсіндім. Қанша уақыт «әкім болып» жүріп, әп-сәтте «әкімдіктен түсіп қалған да» қиын екен. Қызметтен кеткен соң, көңілі пәсейіп, біреуге билік айтқысы кеп тұратын адамдардың көңілін енді түсінген сияқтымын.

«Қызметтен кете салысымен» бес-он минут өтер-өтпестен «көшеміз» дедім. Әйелім абдырап, жын соқты ма деген адамша түсінбей қарайды.

– Бұл арадан жылдам қарамызды жоғалтайық, – дедім асығып. Қатын да ойымның төркінін түсінгендей болды. Қас қарая арнайы жүк көлігін шақыртып, бала-шағамызбен тиеле мініп, қаланың екінші бір бөлігіне қарай заулап бара жаттық. «Ол жақтың да әкіміне ұқсап қалмаймын ба» деп ойлап қоямын. Бұл қызық ойыма қорқыныш пен қуаныш қатар араласып, түсініксіз күйді бастан кешіп барамын.

Шофер жігіт магнитафонының дауысын зорайтып қояды.

- Ал сен оригиналсың,

Таза, табиғи нәрсің....

Адамның басына әп-сәтте қонған бақ ұшайын десе де әй-шайға қаратпайды екен-ау...

Байланысты жаналықтар

Тоқаев Қарағанды облысының әкіміне сөгіс берді

01.11.2024

«Температураны біртіндеп көтеру керек». Саран әкімі жылудың неге жетпей жатқанын түсіндірді

13.10.2024

Өзін блогер санайтындар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды - Тоқаев

03.10.2024

Өскеменде қала әкімі караокемен ән шырқап, жұртты таңғалдырды (ВИДЕО)

31.08.2024

Қостанайда әкімнің жиналысында жарық өшіп қалды

24.08.2024

Қызылорда облысында аудан мен ауыл әкімдерінің сайлауы бір күнде өтпек

21.08.2024
MalimBlocks
Тоқаев Қарағанды облысының әкіміне сөгіс берді

«Температураны біртіндеп көтеру керек». Саран әкімі жылудың неге жетпей жатқанын түсіндірді

Қала тұрғындары батареяларына жылу келмей жатқанына шағымданды

Өзін блогер санайтындар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды - Тоқаев

Өскеменде қала әкімі караокемен ән шырқап, жұртты таңғалдырды (ВИДЕО)

Қалада Контитуция күні мен қала күніне орай бірнеше шара ұйымдастырылған

Қостанайда әкімнің жиналысында жарық өшіп қалды

Қызылорда облысында аудан мен ауыл әкімдерінің сайлауы бір күнде өтпек

Осы жылдың 7 айында 2 кент және 21 ауылдық округ әкімі жаңадан сайланды.