Әлібек Шегебай. Таққан медаль, ордендерің, құтқармайды күнәдан...
Жүрек көзі
Өлшенбейтін пендешілік көлеммен,
Бақытқа да, басқасына бөленгем.
Өкініш пен өксігімді жасырмай
Өмірімді өрнектедім өлеңмен.
Адамға тән нәрселерді аңсадым,
Пендемін ғой, сүрінген де бар шағым.
Жұрттың бәрі жанталасқан заманда
Жағалаудан тұрмын қарап..,
Шаршадым!
Таусылғандай тұтам ғана «тамашам»,
Қайда барам..?
Қоғамыңмен санасам.
Көзбен көрген кемшіліксіз тірлікке,
Шошыр едің жүрекпенен қарасаң.
Тойымы жоқ шығу үшін түнектен,
Сезіммен де санасқан жөн дір еткен.
Ажарыңды келтіретін ретке
Айнаға да бір қарашы жүрекпен.
Айтпағанда адамдықтан өзгесін,
Ақиқат ғой айнаға да төзбесің,
Жұлып алып қашар едің жүзіңді,
Өз көзіңе,
Қарай алмай өз көзің!
Жайына қап жарнама да, жалау да,
Шошыр едің шашыңды да тарауға.
Айнаға да, басқаға да,
Дегенмен,
Жүрек керек, жүрекпенен қарауға!
Мен кетемін
Сарғайғанда жанымның жапырағы,
Тәтті мұңға түндерім батырады.
Көңілімнің көркейтер көкжиегін,
Қаншама жол алдымда жатыр әлі.
Мен кетемін,
Жетеді алданғаным,
Өзгертемін өмірлік талғам мәнін.
Ақиқаттың Ай мүсін күмбезінен,
Қол бұлғайды ақ қанат армандарым.
Мен кетемін,
Болмады кетпесіме,
Жалғандық пен жалғандық беттесуде.
Ақиқаттың өрт қойып ауылына,
Пенделік пен пенделік кектесуде.
Мен кетемін,
Ол жақта басқа бәрі,
Жердің бетін Мейірім басқарады.
Тыныштықтың тыңдасаң сазды әуенін,
Жұмыр еттің жүзінен жас тамады.
Мен кетемін,
Ізгілік ізіменен,
Пенделіктің қоштасып күзіменен.
Ораламын жүрегім жұптасқанда,
Қиялымның қалампыр қызыменен.
Жанталасып жан мен тән арасында,
Жанасың да кетесің, жанасың да.
Кетесің-ау, кетуін,
Ең бастысы,
Осы жолда сен оны табасың ба..?!
Ақтарылу
Ақын едім қолына қалам алған,
Жүрегім бар жаралған адал ардан.
Тіршілікке икемсіз түйсігімнің,
Талай рет алдында табаланғам.
Жетелеме басқа жол, басқа арнаға,
Барар жері ақынның аспан ғана.
Жаратқанның маңдайға жазғанынан,
Қайда барып құтылам қашқанда да.
Былай қойып мансабын, басқасын да,
Қуа алмадым алтынын, ақшасын да.
Жан біткеннің бәрінен жасырынып,
Жалғыздықтың жатырмын бақшасында.
Қызғанса да біреулер менен «бесті»,
Кейбір жандар жырыма елеңдесті.
Адамдардың көңілін қалдырсам да,
Өкпелеткен жоқпын мен өлең досты.
Жау көрмеген мен де бір жеке батыр,
Тартылмаған алдымда жебем жатыр.
Қақпасынан қырықтың қарғып өтіп,
Елудің де елшісі келе жатыр.
Алаңдаймын, елес күн – ертеңіме,
Шабыт тілеп жыр дейтін желкеніме.
Бақыт, байлық, базарлы барқыт өмір,
Кездеседі тек ғана ертегіде.
Өзек етіп өлеңнің тылсым үнін,
Өтіп жатыр осылай тіршілігім.
Жайнамазын бес мезгіл жаймаса да,
Қаламымның ұшында құлшылығым.
Емес сірә, бұл менің ақталғаным,
Алласыз күн, мен үшін тапталған күн.
Ақынның да болады өз шындығы,
Ақиқаты сияқты атқан таңның.
Тіршілікте осынау «Асан қайғы»,
Адам біткен тағдырдан аса алмайды.
Ақындығым – Алланың аманаты,
Аманатқа қиянат жасалмайды
Қайрау
Бозөкпе күндер боздаған,
Сенен де кімдер озбаған.
Шемен де шемен қатпарлы,
Шерімді қалай қозғаман.
Көздері кеткен талайдың,
Сөздері қалды тозбаған.
Бозаң да, бозаң боз далам,
Мен де бір ботаң боздаған.
Тегіме кетсем тереңдеп,
Теңселіп кейде қозғалам.
Айырар ақ пен қараны,
Ай менен күнім көз болған.
Айныса дағы азбаған,
Майшамдай жанып маздаған.
Тартпада жатқан тарихпын,
Жоғалып кете жаздаған.
Жорық та жорық күндердің,
Жырлары қанша жазбаған.
Ғайып та, ғайып, ғайып күн,
Жыр болып қанат жайыппын.
Діліме дендеп жайылған,
Дертімнен аздап айықтым.
Толқынға берген тағдырын,
Ескексіз мен бір қайықпын.
Еркіндеу, әрі, ерке едім,
Не болар екен ертеңім.
Сағы да сынып көрмеген,
Сақтардан қалған серт едім.
Екі де талай дүниеде,
Елімнің мұңы шертерім.
Жылатып алма...
Уақытпен сиреп қатары,
Күн батып, таңдар атады.
Қайғырып, кейде қаймығып,
Адамдар жылап жатады.
Жатады жылап адамдар,
Жұбатар қандай шамаң бар.
Жақсылар ғана күлімдеп,
Жылайды деме жамандар.
Астасып жатар шындықпен,
Сезімдер қанша сыр бүккен.
Жыласа сұлу – жұбанар,
Сүйгені берген сыйлықпен.
Шертетін жырлы сан дастан,
Ерлікке ерлік жалғасқан.
Жыласа жігіт – жұбанар,
Намысын қайрап – алдаспан.
Жас толып кейде көзге де,
Жылайды жандар өзге де.
Жыласа әйел – жұбанар,
Бір ауыз жылы сөзге де.
Жалған де мейлі, кәміл де,
Бағынбас жүрек әмірге.
Жыласа қария – жұбанар,
Тәубасын айтып Тәңірге.
Ұмытып қатал сәтті де,
(Ойында оның жатты не).
Жыласа сәби – жұбанар,
Таңдайға тиген тәттіге.
Сезімдер барда сырланған,
Жүректер барда нұрланған.
Жұбатарсың-ау барлығын,
Абайла..,
Бірақ,
Бір жаннан.
Құдайдың сүйген қонағы,
Сөзге де салқын тоңады.
Жылатып алсаң –
Ақынды,
Жұбату қиын болады!
Аңыз ақиқаты
Тереңірек танытатын өлкені,
Көне сөздің көп екен ғой көркемі.
Ақиқаттың ғаламаты жайында
Бізге жеткен аңыздың бар шертері.
Сонау ерте замандардың бірінде,
Сөйлепті жер адамзаттың тілінде.
Адам куә болған сол бір ақиқат
Аңыз болып жеткен екен бүгінге.
Сұлулығы әдемірек гүлден де,
Аңызда да ақиқат көп білгенге.
Пейілінің тарлығынан бір күні,
Екі көрші таласыпты бір жерге.
Біріншісі, менің жерім – деседі,
Екіншісі, менікі – деп, бөседі.
Қарыс жерді бөлісе алмай қос бейбақ,
Бастарына көтеріпті көшені.
Екеуі де болса керек «салмақты»,
Бір-біріне айтпаған сөз қалмапты.
Тулақ жерге таласқан сол екеуін,
Көршілер де келістіре алмапты.
Жауабы бар қай кезде де арыздың,
Ақиқаты енді болмақ аңыздың.
Алысудан шаршаған соң екеуі,
Билігіне жүгініпті Абыздың.
Ессіздікті байқаған соң сөзінен,
Екеуіне ұзааақ қарап көзімен.
Етпетінен жатып Абыз тыңдапты,
Жер – Ананың білейін – деп, өзінен.
Екеуіне қапа болып тым қатты,
Етпетінен жатып жерді тыңдапты.
Тыңдап болып сәл күрсініп Абыз қарт,
Екеуіне ойлы көзбен тіл қатты:
– Пенде шіркін, дегеніне жетер ме,
Екеуің де таласасың бекерге.
Өмірдегі жақсылық пен жамандық,
Жауапсыз-ақ мәңгілікке кетер ме?!
Топыраққа таласпайды тектілер,
Тектілердің татулығын көп тілер.
– Ақылы жоқ мына екі бейбақтың,
Екеуі де менікі ғой, – депті Жер.
Қарт айтыпты таласудың бекерін,
Бұл пәниден бәрінің де өтерін.
Ақылымен ойлар болса адамзат,
Ырыстың да ынтымақта екенін.
Ажыратып ақ пен қара арасын,
Не жетеді болғанына жарасым.
Тіршілікте өткеніңмен тартысып,
Тыныштықты қара жерден табасың.
Жұмбақ құсым
Сағындырған, жабықтырған,
Көз алдымда анық тұлғаң.
Көңіліңнің терезесін,
Мен едім ғой қағып тұрған.
Бағындырып белесін де,
Қалатындай ел есінде.
Арман атты ақ теңіздің,
Тербелейік кемесінде.
Тіршіліктің әлегіне,
Алданбастан мәнеріне.
Аттанайық қол ұстасып,
Ертегілер әлеміне.
Қол жетпейтін қымбат мүсін,
Сен не деген сымбаттысың.
Жұмағыма жеткіз мені,
Жүректегі жұмбақ құсым.
Шырын да емес, шекер емес,
Бұл ғашықтық бекер емес.
Көктемдегі көркем бейнең,
Көз алдымнан кетер емес.
Жерде емес, аспандамын,
Жаным сен де жасқанбағын.
Саған ғана арнап салдым,
Бақытымның баспалдағын.
Тоқтамайтын жаңбыры да,
Қалай күтем таңды мына.
Неге мені салып кеттің,
Сағыныштың сандығына?
Қыздар үшін...
Күнге айналып кететұғын күлгенде,
Қыз дегенің қазына ғой білгенге.
Қыздар үшін жалпақ әлем жайқалып,
Қыздар үшін өседі екен гүлдер де.
Көзді салып қыраттарға, көк белге,
Қыз арқылы ораламыз өткенге.
Қыздар үшін тұтас әлем түрленіп,
Қыздар үшін келеді екен көктем де.
Махаббаттан асқан сірә, күш бар ма,
Не жетеді сұлулықты құшқанға.
Қанат қағып қоңыр күзде аттанған,
Қыздар үшін оралады құстар да.
Арайланып асылғанда таң белге,
Бірер сәтке ойланып көр мән бер де.
Қыздар үшін мынау әлем жырланып,
Қыздар үшін шырқалады әндер де.
Қолаң шашты, қос бұрымды, кекілді,
Қызға айналар мына ғалам не түрлі.
Шартарапты құйқылжытқан құс үні,
Сыңғырлаған қыз күлкісі секілді.
Көңіліңнің кермесінен күн шығып,
Дүниеге кірісесің құлшынып...
Қыздарменен қайырлы екен дүние,
Қыздарменен көрікті екен тіршілік
Мазасыз мұң
Майда қоңыр мазалайды күндерім,
Мазалайды мақпал қара түндерім.
Көкке қарап күрсінетін кей-кейде,
Бұл жүрекке не керегін білмедім.
Бәрі-бәрі бар секілді басымда,
Өмір жетсе, жететіндей ғасырға.
Сөйте тұра басты тартып бәрінен,
Қол созамын құпия бір асылға.
Қол созамын қондырардай қолыма,
Жол тосамын, жайылардай жолыма.
Сонан кейін отырамын күбірлеп,
Сәлем беріп оңым менен солыма.
Жетпей-ақ жүр бір дүние жаныма,
Күмәнім жоқ боларына, барына.
Келетіндей, қонатындай бір күні ол,
Ажар беріп ақиқаттың таңына.
Мен сол кезде айығамын бәрінен,
Айығамын, мына бейбақ халімнен.
Ақындығым айнымаса сертінен,
Айырамын ақ, қараны дәмінен.
Сонан кейін адамдарды таң қылып,
Жыр оқимын мекен жайлы мәңгілік.
Өмір жайлы өрнегінде өлеңнің,
Ақиқаттың аты қалар жаңғырып.
Майданында тірлік атты базардың,
Мазалап жүр жанымды бір ғазал мұң.
Алла берген ақиқатпен –
Ақындық,
Адамзатқа бір ұлы жыр жазармын!
Берекелі бес уақыт
Таң атады,
Сәлден соң таң атады,
Шұғыласын алтын таң таратады.
Адамзаттың айналар сынағына,
Жаңа күнді Жаратқан – жаратады.
Ықыласын иманға байлағасын,
Мұсылман жан жаяды жайнамазын.
Фәни менен бақидың парқын білген,
Балқып тұрып оқиды – Таң намазын.
Күн шығады, сонан соң күн шығады,
Шырқалады тіршілік тылсым әні.
Шүкірі мен күпірін таразылап,
Тірлігіне пенделер құлшынады.
Қағылмасын қараңғы төсің бекер,
Естігенде Азанды есің кетер.
Жарты күннің өткенін жариялап,
Берекеті есепсіз – Бесін келер.
Түс ауады, солайша түс ауады,
Күннің нұры бір сәтке тұсалады.
Иманы мен жиғанын таразылап,
Күйбең тірлік тағы да күш алады.
Жер бетінде желінсе жесір құны,
Жетіп жатар Аллаға жетім мұңы.
Қаталдық пен қайырым таласқанда,
Қарсы алады мүміндер – Екіндіні.
Бес парыз ғой Алланың тек талабы,
Алласыздар жұмақтан шет қалады.
Үміт пенен күдігін таразылап,
Батар күннің бағытын бетке алады.
Қажет емес бұл жолда асқан жігер,
Құдайына қадамын басқан білер.
Сүннетінің өзінде сауабы мол,
Алакеуім мезгілде – Ақшам кірер.
Көрсеткендей тастүнек көрдің шетін,
Кейбіреуге көрсетер өмір сертін.
«Кіші өлімге» адамзат қамданады,
Қараңғылық басқанда жердің бетін.
Жақындамай, жар бермей, бұққанменен,
Құран болар теңдесіз мықты ән деген.
Үш бас үтір намазын қосып оқып,
Қайырады бір күнін – Құптанменен.
Құдай деген – Құранмен достасады,
Құдайсыздың кеудесін тас басады.
Алласына ақ адал мұсылман жан,
Бір күнімен осылай қоштасады!
Даңғаза
Доғарыңдар,
Жетер енді,
Тоқтатыңдар мазақты.
Күнге теңеп «көтеремді»,
Қорладыңдар Қазақты.
Бұл не деген тәубесі жоқ
Таусылмайтын даңғаза.
Көзді арбайтын сәулесі көп..,
Бәрі өтірік,
Далбаса.
Күдік пенен күмән жұпты,
Сырбаз сырды сақтау бар.
Мезі қылды мына жұртты,
Марапат пен мақтаулар.
Сауық-сайран, көргендерің,
Опа тапқан кім одан?!
Таққан медаль, ордендерің,
Құтқармайды күнәдан.
Көкіректер – сұрақ тұнған,
Көңілдерді қозғасын.
Кім сүртеді жылап тұрған,
Жылдарымның көз жасын?!
***
Өмір – өлім бөлшегі,
Пенде бар ма жаңылмас.
Тіршіліктің өлшемі,
Кеше – бүгін,
Кәрі – жас.
Арманымның Ай тамған
Ақтығына шүбәм жоқ.
Ертеңімді айта алман,
Кешегімде күнәм көп.
Сөніп жатыр бір-бірлеп,
Күрең күндер..,
Ұғындым.
Бәз біреулер бүлдірмек,
Берекесін бүгіннің.
Әжім жүрек – әр тайған,
Қажеті не жасырып.
Армандарды қартайған,
Жетелейді жас үміт.
Жауапқа да жарымас,
Жауапсыздың сұрағы.
Кеше – бүгін, кәрі – жас,
Жаратқанның сынағы.
Сағым бейне
Ащы да, тәтті емессің,
Жұмсақ та, қатты емессің.
Сағыммен араласқан,
Сағыныш – сәтті елессің.
Дидарың дала сынды,
Қылығың бала сынды.
Жүзіңді бір көрсем деп,
Жүрегім аласұрды.
Нұрланып бара жатқан,
Не деген ғажап ақ таң.
Далалық едім кеше,
Келемін қала жақтан.
Үтір деп күткен едім,
Тағдырдың нүктелерін.
Көзіңмен ұқтырдың да,
Көзімше түк демедің.
Жеткен ем сағынып тым,
Жанымның жанын ұқтым.
Сезімнің сілтеуімен...
Әттең-ай, жаңылыппын!