АҚСҰР КӨЛЕҢКЕ (Әңгіме)

Malim Админ

  • 17.09.2020

Алдымен бұл жердің түстері сиқырлы. Кәдімгі прожектордан, түрлі лампалардан, аласұра шашырап жатқан жалқын түстер. Аласұра деген сол аласұра. Ал сол күлгін, қызғылт, сары, шымқай көк түстердің ішінен ерек бір құбылған ақсұр түс. Сосын тағысын тағы..

Кірпияз қаланың кәдімгі сенбісі ғой. Үнемі ішін тұман бүркеп, саңғыл иісі мүңкіп тұратын бардың еденіндегі сумалаңдай жүгірген сан түрлі түстер және ол түстердің көңіл көтеруге келгендердің жаға, жеңіне, самай, беліне, сылқым қыздар мен кексе әйелдердің балтырына жапатармағай шашырауы.

- Сырадан қайтала!

Күн еңкейгелі бардың төрінде саяқ отырған жас қызға осы жердің түрлі-түсті сәулелері таласа түсіп, нәтижесінде жауырынынан құлдай өскен шаштары құла тартқан. Шашының негізгі түсі қоңырқай ма еді...? Саусақтары мөлдір хрусталь бокалды орай ұстаған сәтте тырнағы жоқ секілді, тіпті.

Есік ашылады, жабылады, қайта ашылады. Бір сәт ұзағырақ ашылып қалды. Қызығы зілді, ауыр есік жарық сәулереге емес, тұманға бөккен, үнсіз.

- Кімді күтіп отырсың?

- Көлеңкені.

Көкшілтім, жоқ, күлгін тұман еденнен баяу көтеріп, бардың ішін шарлап шығады.

Енді, енді ақсұр көлеңке де «басын ұзартып» DJ қосқан хитқа еліте билеп жүрген заңгерлердің, ғылым докторларының, дәрігерлердің, мұғалімдердің, мемлекет қызметкерлерінің, дүниеден баз кешкен қаңғыбастар мен философтардың арасынан еппен ысыла сабаз кейіпте сейіл құрар...? Бәлкім..

- Не дейді?

- Көө-леең-кее

***

Сұлусың деп көп айтты ғой. Сыйлықтары тіптен таусылған емес. Сыраның соңғы жұтымы қалған кезде түбінен жүзі көрінетінін бүгін ғана байқағаны несі? Саусақтары дірілдейді.

- Мұңайып отырсың ғой?

- Прочь от сюда!

Мықынына таяу тұрған білегі иірілген жыланның суретімен бірге кейін ысыралып бара жатқаны, сасқаны ғой. Иә, сасып қалды. Обал жоқ. Қыздың көңілін тауып, кәдесімен келмей өзі де бір...

...Түстері үшін келеді бұл жерге және бүгін оған ақсұр тұманы мен дымқыл иісі қосылды. Зеріге бастаған соң өзі жалғыз ортаға шығып, ұзақ биледі.  DJ-дің төс қалтасына он мыңдықтан бірді еппен сусыта салған. Ол жымың қағып, құлағын қымтаңқырады да REMIX-терді бірінін соң бірін аямады. Сосын темекісін тұтатып, барға келді. Артынша сыра, қайтадан би, қайта сыра.

- Мекен-жайыңыз? - деп құрақ ұшқан әлгінің сұрықсыз бейнесін көргендей болды. Білегіне қараса манағы жыланның суреті көрінбейді. Айнала бұлдыр, сәулелер жоқ, музыка да тынған, қала тымық, жусап қалған.

- Тартыңдар, қолдарыңды! Сөмке ұстаған қолын сермеп қалып еді, айналып барып құлады. Қарқылдаған күлкілер құлағына еміс жетті.

- Такси, такси... деп әлгі де аласұрып жатыр.

...Бір күні уатсаптан бір ән жіберді. Тыңдап еді... Бұрын  естімеген гитараның ащы дауысы керней жөнелгені. Бір кезіккенде сұраған, рок деді,басын изеген де қойған.

Сәулелері де, түстері де жоқ түнекте алғаш рет болған адам дәл осылай қатты сасатынын сезгендей-ақ. Дыбыстар, музыка, темекінің де, бағдаршамның да жоғы сезіледі, сыраның да дәмі ғайып. Кварталдар мен подъездердің, парктер мен барлардың, зәулім үйлер мен мейрамханалардың жоқтығы тіпті өкіндіретіндей. Қызығы аспаны да, жері де, жұлдыздары да мәссаған күні де жоқ па, сондай қалай? Мен қайда тұрмын сонда? Қайдамын?

- Алыс кеткен жоқпыз.

Әлгі ғой.

- Асықпай жуынып ал да жұмысыңа бар! Ой не деп тұрмын?! Сасқалақтап, бұны құшағынан босата қойды.

- Бүгін жексенбі екен ғой. Бейкүнә түрде қарайды тағы

- Ендеше асықпай тағы да...

- Рок тыңдайсың ба?

- Не дейсің?

- Рок

Рок - ең ұлы музыка, ол басын көтеріп алып, желпіне сөйлеуге кірісті. Өзінің тегін адам емес екенін көрсететін сәт туғандай көзіне де шырай бітіп, жайнай түскен. Бірер сәтте бір ғасырды шолып шығып, оны-мұныға аз тоқталып, біраз авторларға, муызканттарға сілтеме де жасап үлгерді. Бар білетіндерін қанаттана жеткізіп барып кілт тоқтады.

- Түсіндім.

Мені кешіруді қатты өтінем! Сүйетініңе шүбәм жоқ. Сондықтан, мені түсінетініңе сенімдімін. Мені сүйетініңе күмәнім болмағаны үшін, саған сенгендігімен, мені түсінетіңе еш кіршіксіз кідім болмағандықтан, осы бекімге келдім.

- Не ойлап кеттің?

- Жігітімнің соңғы смс-і есіме түсіп кетті.

- Ол сонда?

- Иә.

Әлгі үнсіз ғана басын төмен салбыратып аз отырды да киіне бастады.

- Кешір, мен түстен кейін қызметтке шығатын ем...

- Хош бол! Пока.

***

Бейуақыттың әуреге салған ойларын лоджияда қалдырды да, үйге енді. Өйткені күн әбден батқан еді. Ұзақ батты, соңына дейін қарауға шыдамы жеткені аздап таңдандырғандай болғанымен, мақсатына жеткені сүйсіндіріп, жеңілдегені сезіледі, қуантты да.

- Алло, пәтердің кілтін тапсырайын дегем. Арғы жағындағы қарлығыңқы әйел даусы, белгілі орынға қалдыруды сұрады.

- Алло, бір тәулікке көлік жалға алайын деп ем... Иә... дауыс ұлғайтқышы болсын.

Түннің қандай құдіреті бар осы? Бәрін момақан етеді де, өзіне сіңіріп ала қояды. Сіз ана кафенің ішіндегі даңғазаны, әлде бір клубтың ішін кернеген шуды айтарсыз. Жоооқ, онда сіз қатты қателестіңіз. Түнді мазалаудың жолы міне, мынау! Қаланы қақ жарып өтетін даңғылдың басына келіп, көлігін өшірместен тура көз салып ұзақ тұрды. Таусылмастай көрінеді. Аяғынан шыға алмасам қайтем? Отыз бес шақырымды қанша минутта жүрер екем? Muse-нің орындауындағы «New Born» әнін шегіне дейін кернете қойды.  Көліктің дірілі сезіледі.

Бір... екі... үш. ЖАСЫЛ!

Ұзақ даңғылдың бойына түскен көлік ызғытып келеді. Бағдаршамдар, бағана шамдары, түгел сөніп қалғандай, тіпті жұлдыздар да ноқатқа айналып барады. Сен де осылай күй кешкен шығарсың? Осындай шаттыққа мені айырбастадың ғой? Осы ма сүйгенің?

Әлдене уақытта сиреньасын жарқылдатып, полиция қөлігі қатарласты.  Селт етіп есін жиғаны сол еді, тоқта деген бұйрықтан соң жол шетіне жылыстады.

Полиция қызметкері өзін таныстырып жатқан кезде білегінен иірілген жыланның бейнесін байқады. Жүзіне жымиып қараған ол бөлімшеге баратынын жеткізді. Өзі бір бағана шамының тұсына тоқтаған екен, көліктің капотына ақсұр көлеңкесі түсіп тұр...

Жанасыл Серікбол

Байланысты жаналықтар

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ. Шал

23.12.2020

Шаштайұлының стихиясы

08.10.2020

Куәгерлер

20.04.2020

Министрдің құрбаны

17.04.2020

Өсек

16.04.2020

Жол сорабындағы үй

15.04.2020
MalimBlocks
Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ. Шал

Шаштайұлының стихиясы

Куәгерлер

Министрдің құрбаны

Өсек

Жол сорабындағы үй