Асылан Тілеген. Кектесу
Исатай Зерсалға қарай беттеп келеді. Сарай көз ұшында бұлдырап көрінгеннен-ақ Ақтабан ат та жүрісін жеделдете түсті. Жануар да отығып өскен жерін иесінен кем сағынбағандай, желдіртіп келеді.
Өткенде Бәйгетөбеде ауылдың ақсақалдары жиналып, мәжіліс құрған. Елдің еңсесі түсіп, қазабатты ауыр күйзеліске ұшырағаны ел зиялыларын Бәйгетөбеге алып шыққан. Қыларға амал қалмаған соң Исатайды Жәңгірдің сарайына аттандырмақ боп шешті. Бұрын да Жәңгірдің алқауында болған Исатайдың сөзін тыңдар дескен. Махамбетті жіберейін десе, оның шартпа-шұрт мінезін ағайындары жақсы біледі. Хан сарайының ішінде тұрып-ақ әлек салудан танбайды ол қазір. Сондықтан Исатайдың салқынқандылығы мұндайда көп көмек деп, ақсақалдар бір ауыздан мақұлдады.
Сол байласудан кейін араға апта салып келе жатқан беті осы. Жан-жағына байыппен көз тастап келеді. Күнбатыс тұстан әнебір оба көрінгенде қайбір кездегі оқиға есіне түсті. Сол обаның тұсында еді ғой. Жәңгір хан қашанғы әдеті бойынша он екі биімен бірге ел аралауға шыққан. Сол жолы хан жанына Исатайды да ерте жүрді. Не оймен алып шыққанына Исатай мән берген жоқ-ты. Бұйрыққа ләббай деп Ақтабанын жолға әзірлей берген.
Осы обаның тұсына келгенде кең алқапқа шыққан соң бауырын жазып шапқысы келді ме, Ақтабан ат алға мойнын соза берсін. Исатай тізгінді қанша тартса да арғымақ ат ханнан алға оза берді. Ханның әсіресе мұндай сапарда бірде-бір аттылыны алдына шығармайтынын Исатай жақсы біледі. Ханның қаһарынан тайсалмаса да иба сақтағысы келіп еді, жануар ырық бермеді. Ханды көтеріп келе жатқаны болмаса мен арғымақтан қай жері артық дегендей Ақтабан иесінің тізгінді тартқылағанына көнбеді.
Ақыры Жәңгір шыдай алмай:
– Әй, Исатай, қарғылы қара тазыша алдымды орағыта бердің ғой, – деген түсін суытып.
Ақтабанның бұл қылығын дұрыс көрмесе де Исатай демде:
– Тақсыр, қарғылы тазыша алдыңда мен келе жатсам, артыңда қорып он екі төбетің келе жатса төбеңнен Құдай, жерден Шонай алады деп қорқасың ба? – деген салған жерден.
Хан тосырқап қалды. Тіпті үндемеді. Он екі төбет – билері де ләм-мим демеді. Бұған еліккен Исатай да Ақтабанның тізгінін босата берген.
Осындай аз-кем қарсылықтар айналып келгенде Исатай мен Махамбет сарайдан безуге мәжбүр болды. Бұларын хан жаратпаса да қос батыр осынша әділетсіздікке шыдай алмады. Соңынан ере шыққан ел болған соң да тәуекелге бел байлаған. Ендігі беталысы мынау. «Осының бәрі не үшін еді?» деп ойымен арпалысып келеді. «Ел үшін. Әйтпесе жүз шайысып кеткен Жәңгірдің алдына енді бармаспын дегенім қайда?!. Әуелі жоқ жерден алым-салықты беталды көбейтіп жіберген соң көрмегенім қожа-сұлтан болсын деп, сарайдан іргені аулақ салғанымыз да сол ел үшін. Әрине, өзім үшін ғана емес-ті. Аярсыз қанауға түскен жұртты көріп отырып қашанға дейін шыдамақпыз?! Ханның өзі түгіл айналасы да былыққа батқанын көрмей-білмей отырған жоқпын. Бұрында жұрт талауға көп түскенде осының бәрін ханға айтайын дедім. Сарайда жүрген соң сөзімді тыңдар дегенмін. Ханның да өзімді бұрыннан іш тартып жүретіні бар. Әйтпесе салық дегенді ертелі-кеш ермегіне айналдырды қожа-сұлтандар. Соғым салығы деген не тағы?! Енді осының бәрін ханмен кеңесіп, бейбіт шешейік дегенде, әлгі Шөке сұлтан: «Ойбай, ұсақ-түйек шаруамен ханның басын ауыртып қайтесің?! Ханға бұндай әңгімемен барсаң, жақсылық көрмейсің. Одан да өзім сөйлесіп көрейін» – деп, ел-жұрттан онысына қырғын мал жинап алды тағы. Айналдырғанда шешілген түйін де жоқ, сұлтанның өзі де жоқ. Алдына салып айдап кеткен есепсіз малдың өзі түгіл шаңы да жоқ. Осыдан соң ханға қайта бара жатқаны да сол ел-жұрт үшін».
Исатай жеңіл күрсінді. Кенет Ақтабан құлағын едірейтіп, тіксініп тоқтай қалды. Бұған не болды деп ойлағаны сол еді, алдағы сайдан қылаң етіп бір топ аттылардың шыға келгенін байқады. «Дәу де болса Жәңгір тобы шығар» деп ойлады Исатай. «Сән-салтанаты жараса қапты». Атын тебініп, қарсы жүре берді.
Шынында бұл хан тобы еді. «Мылтық асынғандарына қарағанда аң аулай шыққан сыңайлы» деп ойлады батыр. «Қарғы баулы он екі төбетін жанынан бір тастамайды екен».
«Қарғы баулы» деп айтатын жөні бар Исатайдың. Қайбір жылы хан он екі биіне қаңылтырдан арнайы белгі жасатқан. Содан бері билер бұл белгіні мойындарынан шешкен емес.
Әдеттегідей Жәңгір бірқанша адым алда. Желе жортып демде жетіп келді. Сірә хан да Исатайды алыстан таныса керек. Қанша дегенмен сарайда аға тұтып өсті емес пе, сәлемді әуелі өзі берді.
– Хош келіпсіз, Иса-еке! – деді анадай жерден.
– Әлей болсын, ханеке, – деді батыр иба сақтап.
Билер мен аңшылар да ханның артына кілт тұра қалды.
– Бүгінгі нысанаға бәйге тігу Ноғайдың биі Шомбалдың кезегі еді, бірақ сіздің құрметіңіз үшін сол бәйгені өзім-ақ тігейін. Билердің осы сайысына сіз де қатысыңыз, – деді хан содан соң.
Батыр демде не дерін білмеді. «Нысана да, бәйге де хандыкі болса қатыспай болмас. Оның үстіне бір қаға берісте ханмен тіл қатысуға болар» деп ойлап үлгерді де:
– Нысанаға кім көрінген емес, мерген ғана дөп тигізер, билермен де сынасып көрейін, – деді сосын.
Атқосшылар алшақ барып, нысана тігетін орынды даярлауға кірісті. Исатай да топтан оқшаулана беріп еді, Жәңгір өзі кеп жанаса кетті.
– Қалай, шаруа жайында ма, тұрмыс-күй жақсы ма? – деді сонсоң Жәңгір Исатайға қарап.
– Шаруаның несін сұрайсың, ханеке?! Елдің шаруасы күйлі болса сарайға ат басын бұрар ма едім, – деп демде емеурін білдірді.
– Исатай, сен көңіл ашатын күлдіргі емес, жүрек шаншатын бүлдіргі әңгіме айтатын болғансың ба? – деді Жәңгір мырс етіп.
– Хан ием, нысаналар дайын, – деді осы кезде атқосшылардың бірі.
Қалың топ доғаланып тұра қалды.
– Бірінші бәйге – кілем жапқан нар, – деді Жәңгір саңқ етіп. – Екінші бәйге – өзім саяхатқа мінетін желаяқ құла жорға. Ер-тұрманымен қоса тіктім.
Исатай енді байқады. Екі бәйгеге екі нысана тігіпті. Біріншісі – жүзімнің үлкендігіндей көк моншақ. Екіншісі – қалпақ. «Ханның екінші нысанаға қалпағын тіккені несі?! Сөз жоқ, қымбат зеріне қарағанда өз қалпағы. Мұнысы несі?! Әлде менің достығым мен қастығымды таразысына салып, байқап көрмек пе?», – деп ойлады.
Билер жағы да күбір-күбір әңгімеге көшіпті.
– Әйелі ұл тапты ғой, соның тойына болар, – деді бірі.
– Генералдық шен алмақшы ғой, соның қуанышы болар, – деді екіншісі.
Хан Исатайға қарап:
– Сыйлы қонақсыз ғой, бірінші кезекті сіз алыңыз, – деді.
– Билердің жолы үлкен, кезекті бердім, – деді Исатай сәл шегініп.
Билер кезегімен әудем жердегі нысананы көздей берді. Мылтықтың даусы бірінен соң бірі гүрсілдеді. Исатай байқап тұр, атушылардың бәрі де көк моншақты көздепті. Бірақ моншақ әлі орнында тұр, ешкім тигізе алмады. Билердің бәрі де атып болды. Кезек Исатайға келді. Жәңгір бұл қайтер екен дегендей көзінің астымен қарай қапты.
Исатай бірден қалпақты қарауылға алды. Билер тіксініп қалды.
Ұзақ көздемеді, бірден шүріппені басып кеп жіберді Исатай. Атқан оқ нысананың жібін үзіп түсірді. Қалпақ сылқ етіп түсті де, мағдайлығы түтіндеп, жана бастады.
Исатай мылтығын түсіріп, жан-жағына қараса билер аңтарылып, хан сазарып тұр екен.
– Қой көрмесек те қи көрдік, – деді Исатай секем алғандарға қарап. – Нысанаға ақша таққанды көргенмін, бас киім таққанды көрмеп едім. Бірақ хан өзі ілдірген соң, хан жарлығы екі болмайтын болар деп қалпақты аттым. Таңырқайтын жөні болмас.
Хан әлі сазарып отыр. Үн қатпады.
– Исатай, хан иемнің қалпағын атқаның үлкен ағаттық болды, – деді түтіндеп жатқан қалпақты көтере беріп, сөзді бастаған Шомбал би екен.
«Енді бұлар бір-бірден үріп шығады» деп Исатайдың ойлауы мұң екен:
– Біз қалпақты неге атпадық?! – деді Алтай би. – Бұл – досқа қойылған сын, дұшпанға қойылған тор. Өзің аңғал болмағай ең, торға қалай шырмалғаныңды сезбей де қалдың ғой.
– Орынсыз істелген батылдық басқа пәле келтіреді. – Сөйлеп тұрған Қожан би екен.
Исатай ханға қарады, әлі үнсіз тұр. Сазарып тұр.
– «Батырдың ашуы – алдында, ақылы – соңында» деген бар, ақылға келсең де кештік етпес, – деді Жұбаныш би.
– Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ болмас, сүріндің, Исатай, – деді Жарылғас би. – Адасқанның айыбы жоқ, қайтып жөнін тапқан соң. Сен адастың, кешірім сұра. Хан иемнің құзыры кең, бір қателігіңді кешірер. Ұсынған басты қылыш кеспейді. Басыңды іи хан иемнің алдында, – деді соңғы сәтте даусын көтере түсіп.
Исатай Жарылғасқа жалт қарады.
– Осындай мәймөңкешілдігіңмен ханның қара жорғасы атанып едің, Жәке. Бірақ тасқа тайпалып, босқа шайқалып тұрсыз. «Тасқа тайпалғанның тұяғы жарылар, босқа шайқалғанның жүрегі қабынар» дегенді ұмытпағайсыз, – деді Исатай саңқ етіп.
– Тек жүрсең тоқ жүресің деген бар, жайыңа жүрсең нең кетеді, – деді жағалай тұрғандардың бірі.
Исатайды енді мықтап ашу қысты.
– Сендер тоқ жүргенмен анау халықтың күйзелісті тұрмысын көрмейсіңдер ме? Солардың көрген зәбірін, аш-жалаңаш екенін айтудың орнына шалқая беріп қайтесіңдер? Астарлы айбар көрсете сөйлеуді біз де білеміз. Шалқая берсеңдер, түзетер кез де келер, – деді екіленіп.
Хан әлі үнсіз тұр. Билер де істі енді өз қолыңа алсаң дегендей Жәңгірге жалтақ-жалтақ қарай берді.
– Ашуға берілдің, Исатай. Арты өкініш болып жүрмесін, байқа, – деді сонсоң Мүфтақ би.
Исатай оған да көзін тік қадады.
– Хан мен билер, елдің жағдайын бірің де ойлар емессіңдер. Енді бұл мәселені халықтың күшімен, найзаның ұшымен ғана шешетін күн келген екен. Мен солар үшін қан кешуге де, жан кешуге де әзірмін. Мұныма ешқашан өкінбеймін, – деді Исатай шарт кетіп.
– Исатай, – деп саңқ етті осы кезде Жәңгір ашуға булыққан күйі. – Қалпағымды атқаның – қадірімді тәлкек еткенің деп түсінемін. Махамбет екеуің бір болмағай едіңдер деп жорамалдаушы едім, қателеспеген екенмін.
Бұл сөз Исатайдың ашуын одан сайын өршітті.
– Мен сенің ойлаған жеріңнен шыққанмен, сен менің ойлаған жерімнен шықпадың. Сенен үмітім зор еді. Сорлап жатқан халықты көрер, соларға кеңшілік берер деп үміттеніп едім. Үмітім біржола кесілді, сенен бұлай үміт етуім – қателесуім екен. Кеселімізді саған емдетеміз деп жүріп улана-улана мешел болғанымызды білмей қалған екенбіз. Ол кемшілікті тұншыққан тілекпен емес, бұлшықты білекпен алармыз! Мына қалпағыңды атып түсіргенімді соның кепілі деп білгейсің, Жәңгір, – деді Исатай қамшысымен ханның көзін шұқып алардай болып.
– Халықты уладың деген – неткен бассыздық? Сені ауруынан сауығып келген болар десем, маған мұқым жауығып келген екенсің. Тіліңді тарта сөйлегенің жөн болар, – деді Жәңгір ызасы кернеп.
Исатай одан сайын күш алды.
– Сенің қалпағыңды атқанда, атыңды алайын деп атқан жоқпын. Әлек салайын деп аттым! Халыққа қиянатыңды қысқартпасаң, қалпағың түгілі тәж-тағыңды да атушы табылар! Құдірет, күш – Құдайда, қала берсе, халықта екенін ұмытпа! – деді.
Жәңгір сасайын деді.
– Естиін деп тұрғаным осы еді, Исатай. Жау болып кездескелі тұр екенсің. Ендеше, «тас түссе – таңдайдан, мұз жауса – маңдайдан» деген. Көрермін сенен келген пәлені, қолыңнан келгеніңді істеп көр, – деді Жәңгір қамшысын үйіріп.
– Халықпен тайталасқан талай атаңның қалпағы түгіл, басы да кеткенін есіңе ал, Жәңгір, – деді Исатай дауысын соза түсіп. – Егер сен шын тайталасқың келсе, біз де басты байлауға даярмыз. Сен басыңды құзғын үшін тіксең, мен халық үшін тігемін!
Осыны айтты да Исатай атының басын бұра берді.
– Ат кекілін кесіскені екен, – деп күбір етті билердің бірі.
Атқосшылар алдын орауға даярмыз дегендей ханға қарап белгі күтіп еді, Жәңгір үнсіз қалды.
Исатай қамшысын үйіріп Ақтабанды құйғыта берді...